Мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның жұмыс өтіліне байланысты беріледі

Уақыты: 16.05.2023
Оқылды: 1227
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қобылан Манаптан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы сұрап білдік. Сұхбатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттердің салмағы мен парасаты айтылады.

– Қобылан Тоқбергенұлы облыстағы мемлекеттік қызметшілердің сандық және сапалық құрамы қандай? Себебі, әрбір сала жұмысының жандануына осы екі бағыттың тікелей әсері бар.

– Былтыр Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес Жетісу облысы Алматы облысының құрамынан бөлініп шыққаны белгілі. Жаңа облыста мемлекеттік органдар мен мекемелер жаңадан құрылып, тиісті әкімшілік-ұйымдастырушылық шараларға байланысты құжаттар қабылданды, мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамы жасақталды. Соған сәйкес облыстағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3538 адамды құрайды. Оның 1819-ы жергілікті атқарушы органдарда, 1719-ы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде еңбек етеді. Ал екіге бөлінгенге дейін Алматы облысында 7,5 мыңнан астам штат болған еді.

Жалпы, облыста 14 саяси мемлекеттік қызметші, 1 «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметші және 3 323 «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметші бар. Осынша мемлекеттік қызметшінің ішінде 1661-і, яғни, 50,4%-ын әйел азаматтар құрайды. Басшылық лауазымдардағы әйелдер үлесі 25%-ға тең болса, 35 жасқа дейінгі жастардың көрсеткіші 33,5%.

– «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабына сәйкес қайта жасақтау қажеттігін айтқан еді. Осы бағытта қандай өзгерістер орын алды?

– Иә, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірқатар шара қабылдап, жыл соңында саланы реттейтін тиісті заңға бірнеше өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Біріншіден, жоғарғы оқу орнын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде және жақсы оқу үлгерімімен бітірген түлектер бір жыл ішінде біздің департаментпен келісе отырып аудан мен ауылдық деңгейдегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу тетігі енгізілді. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Екіншіден, «Б» корпусының жоғары лауазымына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері алдындағы жауапкершілігін арттырады. Мысалы, Айдар Башбаев облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымына Заңның осы талабы негізінде тағайындалды. Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектер оқуды бітіргеннен кейін 1 жыл ішінде Елорданы қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады. Төртіншіден, бағалау нәтижесінде 2 тоқсан бойы қанағаттанарлықсыз баға алған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.

– Қобылан Тоқбергенұлы жоғары оқу орындарын және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген түлектер туралы айтып қалдыңыз. Ондай үздік мамандардың дипломдағы бағасында қандай да бір меже қойыла ма?

– Иә, биыл ақпан айында Агенттіктің бұйрығымен түлектердің оқу нәтижесінің шекті межелері бекітілді. Соған орай тиісті оқу нәтижесі «жақсы» немесе GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болса 100-баллдық жүйе бойынша 85 баллдан жоғары есептеледі.

– Университетті грант арқылы және жоғары нәтижемен аяқтаған жастар нақты қандай лауазымдарға тағайындалады?

– Жоғарыда атап өттім, аудан және ауылдық деңгейдегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға тағайындау көзделген. Нақты айтар болсақ, бірінші – ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімі және мәслихат аппараттарының төменгі лауазымына; екінші – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудан және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымына; үшінші – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына; төртінші – орталық мемлекеттік органның аудандағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшенің басшылық емес лауазымына орналаса алады.

– Бұл шынында жастарға беріліп отырған үлкен мүмкіндік екен. Бұдан басқа, ауылдық жерлерде еңбек етуге барған білім, денсаулық сақтау, спорт саласындағы мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілер осы бағдарламаға кіре ме?

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бастап енгізілді. Алғашқыда әлеуметтік қамту, медицина, білім, спорт, мәдениет салаларындағы мамандарға арналған еді. 2020 жылдан бастап бұл қатарға мемлекеттік қызметшілердің 2 санаты енгізілді. Яғни, ауылдық округтердегі бас маман және жетекші маман лауазымдарына қабылданған азаматтар бағдарламамен берілген мүмкіндікті қолдана алады. Ол үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарылмайтын көтерме қаражат беріледі және тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі несиені ең аз пайызбен алуға болады. Мемлекеттік қызметші санаты енгізілгелі бері Жетісу облысында 9 қызметкерге жеңілдетілген несие берілді, ал 24 қызметкерге бір жолғы көтерме жәрдемақы төленді.

– Мемлекет басшысы мемлекеттік аппаратқа білімі мен біліктілігі жеткілікті жастарды алу арқылы басшылардың «жаңа буынын» қалыптастыру туралы айтудай-ақ айтып келеді. Осы мақсатта Президенттік жастар кадр резервінің жасақтау туралы тапсырма берілді. Бұл жұмыс қалай жүзеге асырылуда?

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2019-2021 жылдар аралығында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жүзеге асырылып, 350 азамат резервке енгізілген. Қазір олардың 261-і әртүрлі деңгейдегі лауазымдарға орналастырылды. Бұл шара биыл да өз жалғасын табады. Сондай-ақ, өңірлік кадрлық резерв қалыптастыру жоспарланып отыр. Тиісті заңнамалық актілер қабылданғаннан кейін толығырақ ақпарат береміз.

– Жастардың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік бар екен. Өткен айда, агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев Парламент сенатында баяндама жасап, заң жобасын таныстырған болатын. Мемлекеттік қызметте тағы да қандай жаңашылдықтар орын алды?

– Биыл 20 наурызда қабылданған Мемлекеттік қызметті жетілдіру туралы Заң жобасының негізгі мақсаты – елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша атқарылатын кешенді шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Осы заңға орай Кодекске 1 және 3 заңға түзетулер енгізілді. Ондағы негізгі жаңашылдықтар біріншіден – Мемлекет басшысының Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу туралы тапсырмасы негізінде заңнамаға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды қатыстыруға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Екіншіден – ротациялық төлем енгізілді. Яғни, 2016 жылы енгізілген мемлекеттік қызметшілердің ротациясының мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда, қызметтік пәтер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр болуы көптеген қызметшінің ротациядан бас тартуына апарды. Ротациялық төлемді енгізу осы қиындықтардың орынын толтыруға бағытталған. Үшіншіден – мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыреті Агенттікке берілді. Цифрландыру үрдісінің қарқын алуы қашықтықтан жұмыс істеу, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Алдағы уақытта осы қатынастарды реттейтін тиісті құқықтық акті қабылданады. Төртіншіден – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгерту енгізілді. Қолданыстағы Заңның редакциясына сәйкес, Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін, міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс болатын. Яғни, бір жыл бойы қызметші өзге мемлекеттік органға ауыса алмайтын. Бұл мемлекеттік қызметшінің мүмкіндігін шектеп өзінің білімін арттыруға, оқуға түсуге деген ынтасын азайтады. Бесіншіден – мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу бекітілуде. Қазіргі кезде әр мемлекеттік орган штат кестесін өзі бекітеді. Алайда, басшылар мен орындаушылар саны реттелмеген. Нәтижесінде, бір басшыға кейде 1 немесе 2 орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесіп жатса, кейбір органдарда басшылар саны орындаушылардан да асып түседі. Осыған орай, басшылар мен орындаушылар саны Агенттіктің бұйрығымен реттеледі. Алтыншыдан – Мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның жұмыс өтіліне байланысты беріледі. Жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібі Үкімет қаулысымен реттелетін. Енді бұл құзірет Агенттікке берілді. Жетіншіден – саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босатуға қатысты толықтыру енгізілді. Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты саналады. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Осыған орай, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізілді. Мұндай босату туралы шешім тек Мемлекет басшысымен ғана қабылданады. Сегізіншіден – мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыру қарастырылған.  Бұрын мұндай бақылауды әкімдіктердің еңбек инспекциясы жүргізетін. Ендігі кезекте аталған функция Агенттікке берілді. Тоғызыншыдан – мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысы саласындағы актілер бұдан былай міндетті түрде Агенттікпен келісілуі тиіс.

– Қобылан Тоқбергенұлы, сұхбат соңында әріптестеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– Елдің ертеңі – бүгінгі кәсіби қызметке байланысты екенін есте ұстасақ, қоғам тарапынан қойылатын зор сенімге селкеу түсірмей, қызметімізді «адалдық», «әділдік», «ашықтық», «сыпайылық», қағидаттарына негіздей отырып орындауға міндеттіміз демекпін.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мәди Алжанбай