Панфилов ауданының әкімі: "Жаркент жері туризм саласын дамытуға өте қолайлы"

Уақыты: 19.05.2023
Оқылды: 744
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Панфилов ауданының әкім Марат Сағымбекпен атқарған жұмыстары, ауданның әлеуметтік-экономикалық салалардағы дамуы, алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелестік. 

– Марат Рахымбердіұлы, аудан тізгінін ұстағаныңызға біржылдан астам уақыт болыпты. Өңір халқының осы мерзімдегі еңбектегі жетістіктері мен жаңалықтары жайлы айтып өтсеңіз.

– Өткен жылы ауданда экономиканың барлық саласында жоспарланған негізгі көрсеткіштер толық орындалды. Ауылшаруашылығы 3,0 (70,7 миллион теңге), өнеркәсіп 14,0 (27,8 млрд. теңге), сауда 17,8 (19,9 млрд. теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі 29,3 пайыз (20,7 млрд. теңге) ұлғайып, аудан экономикасына 29,6 млрд. теңге инвестиция тартылды, жыл басынан 61,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, халықтан 86,8 млрд. теңге салық және өзге де төлемдер жиналып, жылдық болжам 106,3 пайыз орындалды. Осындай өсім үрдісін үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанындағы экономикалық көрсеткіштерден де байқауға болады.

Атап айтсам, ауылшаруашылығы 7,6, өнеркәсіп 27,3, сауда 27,3 пайыз ұлғайып, аудан экономикасына 78,2 пайыз өсіммен 4,1 млрд, теңге инвестиция тартылды және жыл басынан бері 9,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Салық және өзгеде төлемдер болжамы 160 пайызды құрап отыр. 
Бұл жалпылама алғанда экономикалық көрсеткіштер. Одан бөлек аудандағы кәсіпкер азаматтар мен қайырымдылықпен айналысатын жандардың көмегімен көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Мұқтаж жандарға баспана сыйлап, басқа да әлеуметтік мәселелеріне қол ұшын бердік. Кеше ғана Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесінде қаржылай қолдаушылардың көмегімен көпбалалы 4 отбасына тұрғын үй кілтін тапсырдық.

– Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында да жетістіктер мен жаңалықтар аз емес шығар?

– Өңірде 45 орта, 1 негізгі және 4 бастауыш мектеп бар. Сонымен бірге 61 балабақша және 29 шағын орталықтар жұмыс істейді. Онда мектепке дейінгі біліммен 8712 бала қамтылған. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 99,8 пайызды құрайды. Өткен жылы білім саласын қаржыландыруға 17,5 млрд. теңге, оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға 423,8 млн. теңге жұмсалды. 

Биыл білім саласында 18,8 млрд. теңге игеріледі. Әулиеағаш орта мектебін күрделі жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге 25,0 млн. теңге, «Жайлы мектеп» ұлттық жоба шеңберінде Жаркент қаласында 1200 орынды жаңа мектеп құрылысын бастауға 2,5 млрд. теңге қарастырылды. 

Ауданның денсаулық сақтау мекемелері 131387 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. «Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасы» КМК құрамында балалар емханасы ауысымда 300 адам қабылдаса, 500 келушіге арналған ересектер емханасы, 300 келушіге әйелдер консультациясы, 350 төсектік стационар, 2 ауылдық аурухана,16 дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік-акушерлік, 14 медициналық пункттер бар. Аудандық ауруханада 183 дәрігер жұмыс жасайды. Орта медициналық қызметкерлер саны 1099, қамтамасыз етілуі 100 пайыз.

Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағдарламасы бойынша 2023-2024 жылдары өңірдегі 11 денсаулық сақтау мекемесін жаңарту жоспарланып отыр. Бұлардан басқа 5 ауылдық елді мекенде жаңа ғимараттар салу қажет. Жаркент қаласында орналасқан перзентхана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу де уақыт талабы. Осындай мәселелерді шешу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жұмыс жасаудамыз. 

– Мемлекет басшысы игерілмей жатқан ауылшаруашылығы жерлерін қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл мәселе өңірде қалай шешілуде?

– Панфилов ауданы бойынша 2022 жылы 40 жер пайдаланушы игермеген ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 12 247 гектар жер учаскелерін аудан қорына қайтарды. Жаркент қаласы мен ауылдық округтер бойынша аудан қорына қайтару туралы 2023 жылғы 23 ақпанда жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарға сәйкес жалпы көлемі 27 000 гектар пайдаланбаған жер учаскелерін қала, ауылдық округтеріне, аудан қорына қайтару туралы тапсырмалар беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 6 жер пайдаланушы жалпы көлемі 985,1 гектар пайдаланылмаған жер учаскелерін аудан қорына қайтарды. 

Аудандағы «Асем-Жетісу», «Ал сут» деп аталатын жеке серіктестіктерден инвестициялық жобамен алған жер телімдерінің 8949,5 гектарын пайдаланбағаны анықталды. Жетісу облысы әкімінің орынбасарына және инвестициялық үйлестіру кеңесіне осы жеке серіктестікке тиесілі жерлерді инвестициялық жобалар тізімінен алып тастауға хат жолданды.

– Аудандағы газдандыру мәселесі жайлы не айтасыз?

– Бүгінгі таңда аудан бойынша газ құбырының жалпы жобалық ұзындығы 333,9 шақырымды құрайды. Қазір жекеменшік ауласы бар 4544 үй, көп- қабатты 6 үй, 7 мемлекеттік мекеме, 129 жекеменшік ғимарат, 1 кәсіпорын газға қосылды. Биыл Көктал, Кішішыған, Үлкеншыған, Қорғас, Шолақай, Алмалы, Пенжім, Лесновка, Еңбекші, Алтыүй, Үшарал ауылдарына газ жеткізу құбырының және газ тарату жүйелерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 362,8 млн. теңге бөлінді. Көп ұзамай осы ауылдардың тұрғындары көгілдір отынның игілігін пайдаланады. Жалпы алдағы кезеңде аудандағы 25 елді мекенді газға қоспақпыз.

– Аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіппен айналысамын деген адамдарға грант беру, қолдау мәселесі жайлы айтып өтсеңіз...

– Ауданымызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес бүгінгі күнге 10832 бірлікті құрайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға өсім бар. 2022 жылы 46 жобаға 890,3 млн. теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Несие пайызын жеңілдету арқылы 20 кәсіпкер 230,3 млн. теңге, 18 кәсіпкер кепілдік арқылы 622,6 млн. теңге, 8 кәсіпкер 37,4 млн. теңгеге қолдау алды.

Ауданымызда 2022 жылы жаңа бастамаларды қолдау және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен 86 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өз істерін бастауға қайтарымсыз гранттар берілді, 2023 жылы бұл бағдарлама аясында 75 адамға грант беру жоспарланған. 

– Көпшілік қауым ауданды Қытаймен шегаралас болғандықтан тек сауда-саттықпен айналысатын өңір деп ұғады. Алайда өңірде бірнеше өнеркәсіп орындары бар емес пе?

– Ауданымызда өнеркәсіп саласында 6 орта, 34 кіші өнеркәсіп кәсіпорындары бар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 2022 жылы «Көктөбе саффлауер» май өндіретін зауыт іске қосылды. Онда жаңа 10 жұмыс орны ашылды. Сол сияқты «Elite Baby Production» ЖШС-і гигиеналық заттарды шығару зауытының құрылысын аяқтап, биылғы жылдан бастап өнім өндіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Оның жоба құны 256 миллион теңге, жаңа кәсіпорында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Биыл «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да бірқатар жобаларды іске қосу жоспарланған. 

Бұдан басқа былтырғы жылы «Кэлишэн» ЖШС-нің басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында инвестиция көлемі 330 млрд. теңгені құрайтын, 2000 жұмыс орнын қамтитын заманауи технопарк құрылысын бастауға меморандумға қол қойылды. Бұл жоба бойынша 2023 жылдың екінші жарты- жылдығында құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. 

– Марат Рахымбердіұлы, ауданда қандай табиғи байлық қорлары бар? 

– Ауданымыздың табиғи ландшафты өте бай және әр алуан. Мұз басқан Жоңғар Алатауынан оңтүстігіндегі Іле өзенінің жағалауына дейін табиғат сан алуан түрге енеді. Жоңғар Алатауының қойнауындағы Белжайлау, Тышқан, Бұрхан, Үйтас, Ой-Жайлау, Қатутаулы алқаптары туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Өсек өзені бойына су электр стансысын салу да болашақтың ісі.    

Сонымен бірге, Панфилов ауданының аумағында табиғи кен түрлері мол. «Керім-Ағаш», «Жаркент-Арасан», «Көктал-Арасан» шипажайларының термоминералды сулары мен Құндызды көлінің емдік батпағынан сырқат жандар дертіне шипа, жанына сауға тауып келеді. Құндызды аймағынан мұнай көзі табылған. Тышқан, Бұрхан және Сұлубақан тау қойнауында тас көмір және Іле өзенінің солтүстік жағында қоңыр көмір бассейндері бар. Нарын, Шежін және Қорғас өзендерінің маңында алтын шашпалары кездеседі. 

– Ауданда бірқатар кадрлық өзгерістер жасадыңыз. Қызметтестеріңізге қандай талаптар қоясыз?

– Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңының 13-1 Әкімді сайлау тарауына сәйкес, сонымен қатар, еліміздің жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңдарына сәйкес 2022 жылдың желтоқсан айында Жаркент қаласында және Сарыбел, Көктал, Айдарлы, Жаскент, Пенжім, Басқұншы ауылдық округтерінде өткізілген сайлаудың шешімімен жаңа әкімдердің есімдері белгілі болды. Сонымен қатар, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, экономика, ауыл мен жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы саласы бойынша аудан әкімінің орынбасарлары тағайындалды. Ағымдағы жылдың наурыз айында аудандық емхана мен аудандық білім бөліміне жоғары білімді, білікті, жаңашыл жас басшылар қызметке бекітілді. Осы жаңадан тағайындалып отырған басшыларға үлкен үміт арта отырып, кадрлық өзгерістердің нәтиже беретініне сенімім мол. Оларға қоятын талабым – ең бастысы, халықпен ашық жұмыс істей білу, ел-жұрттың мәселесіне уақытылы назар аудару және өз істеріне адал болу. 

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге алғысымыз шексіз. Істеріңізге табыс тілейміз. 

Мырзағали Нұрсейіт
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ