ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 25.07.2023
Оқылды: 1043
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әр ұлттың әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрімен бірге жасап келе жатқан рухани құндылықтары болады. Сондай құндылықтардың бірі  — ұлттық спорт. Атап айтсақ, ат спортының түрлері, ақыл-ой ойындары, күрес түрлері, жеңіл атлетика, күш сынасу сияқты адамға рухани күш беретін, санасын серпілтетін ұлттық ойындардың қай-қайсысының да руханият төрінен ойып тұрып орын алатындай қадірі мен қасиеті бар. 


Елімізде жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстардың көптеген түрі өтуде. Бір қуантарлық жағдай  — қазіргі жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен құлшынысы жоғары. Кейінгі уақытта аймақтарда ұлттық спорт түрлерінің өркен жайып, оған қатысатын азаматтардың саны артып келеді.

Жуырда ғана Бөрлітөбе аймағына қарасты Көктерек ауылында аудандық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының мұрындық болуымен ұлттық спорт ойындарынан  аймақтық жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа Лепсі және Қарашыған ауылдық округтерінің спортшылары қатысты. Аталған іс-шараға ауылдың байырғы тұрғыны Сатылған Жүнісов атамыздың ұрпақтары қаржылай демеушілік көрсетті.

Тартысты өткен жарыс нәтижесінде мергендікті талап ететін садақ атудан І орынға Жандос Қалимолдан ие болса, ІІ орынды  Айбар Бегімбай алды, ал ІІІ орынға Нұржан Сарқыт лайық екенін көрсетті. Ал икемділік пен жігіттің ептілігі сынға түсетін теңге алудан І орынды Нұрболат Ешмұхамбет иеленсе, ІІ орын  Алмас Боранбайға бұйырды, ал ІІІ орынды Диас Жайлаубай қанағат тұтты. Көкпар салымшыларына да қаржылай сыйлық берілді.

Жақсылық  ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы