ТЕКЕЛІ ТАЗА СУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Уақыты: 02.08.2023
Оқылды: 525
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текелі қаласында ауыз су мәселесін шешу мақсатында қазір бастоғанның, резервуарлардың, ұзындығы 15 км астам су құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр,- деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Бұл мәселені түбегейлі шешуді өткен жылы облысқа келген сапарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын.

Жалпы Текелі қаласында 30 мыңдай адам тұрады. Қалалық су жүйесіне су Қора өзенінен беріледі. Көктемде таудағы қар еріген шақта әдетте су лайланады. Бұл мәселені шешу үшін арнайы мамандардың зерттеп-зерделеуінен кейін 2018 жылы Текелі өзенінің бойынан 3 су ұңғымасы бұрғыланған болатын. Осы ұңғымалардан сумен жабдықтау инженерлік желілерінің құрылысын жүргізуді өткен жылдың қараша айынан бері мердігер «КазЕвроСтрой» ЖШС қолға алуда.

Бұл жобаның құны - 1 млрд. теңге шамасында. Қазір бюджеттен бөлінген қаржының ауқымды бөлігі игерілді. Құрылыс жұмыстары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүріп жатыр.

Құрылыс жұмыстарына мердігер мекеменің 25 адамнан тұратын бригадасы, автокран, бульдозер, самосвал сияқты 7 ауыр техника тартылған. «КазЕвроСтрой» ЖШС директоры Берік Сұлтановтың айтуынша, сапалы ауыз су осыдан бес жыл бұрын бұрғыланған үш скважинадан алынатын болады. Осы скважиналарға қуаты күшті насостар қосылып, әрқайсысының көлемі 3 мың текше метрлік екі жинақтаушы резервуарға су толтырылады. Оларда су технологиялық тазартудан өтіп, сөйтіп диаметрі 355 мм магистралды су құбыры арқылы қалаға берілетін болады.