КЕДЕНДЕГІ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Уақыты: 03.08.2023
Оқылды: 776
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дәл қазіргі кезде кеден органдарына жүктеліп отырған міндеттердің ең бастыларының бірі – тиісті кедендік төлемдерді өндіру арқылы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін толтыру. Контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қою және сыртқы экономикалық қызметпен айналысушыларға барынша жағдай жасау да кезек күттірмейді. Соңғы жылдары кеден саласында өркениет талабына сай көптеген оң өзгерістер орын алып, ақпараттық технологиялар негізінде электрондық декларациялау жұмысы өз жемісін беруде. Сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар үшін кедендік тексеру мен ресімдеу тетіктері түгелдей халықаралық стандарттарға негізделген форматқа көшірілген. 


Мысалы, қазіргі уақытта көпшілік кеденшілердің жұмысын шегарадан өткен тауарлар мен көлік құралдарын қолмен тексеріп, шлагбаумды ашып-жауып тұрумен елестетеді. Бұл, әрине, өткен күндердің еншісінде қалған ескі тәсіл екенін біреу білсе, біреу білмейді. Атап айтсақ, кеден саласының жұмыс процесі 2017 жылдың сәуірінен бастап «Астана-1» ақпараттық жүйесі негізінде электрондық декларациялау арқылы тәуекел бейімінің басқаруымен жүргізіледі. Тәуекел бейімі «Цифрлы Қазақстан» және Дүниежүзілік Сауда ұйымы мен Дүниежүзілік Кеден ұйымының талаптары төңірегінде автоматты түрде басқару тәсіліне негізделген бағдарламасы болып саналады. Сонымен қатар кедендік тексерудің техникалық құралдары да автоматты басқару жүйесіне негізделген. Яғни, бұрынғы кездегідей кеден қызметкері өз бетінше тексеріп, тауарларды негізсіз тоқтатып қоюға құқылы емес. Кедендік тексеру жұмыстары инспекциялық тексеру кешені арқылы «күдікті» деп танылған жағдайда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ахуалды басқару орталығының нұсқауы бойынша және тәуекел бейімінің автоматты түрде көрсеткен белгісіне байланысты ғана жүзеге асырылады. Кеден қызметкері тәуекел бейімі көрсеткен шеңберден және инспекциялық тексеру кешені анықтаған жағдайдан тыс өз бетінше әрекет жасауға құқылы емес. Сонымен қатар, кедендік ресімдеу мен тексерудің белгіленген техникалық регламенттерінен аса алмайды. Қазақстан аумағына келген, кеткен әр көлік электрондық өткізу пункті арқылы тіркеуден өтеді және олар туралы мәліметті өшіріп тастау мүмкін емес. Себебі мәлімет бірден автоматты түрде орталыққа беріліп, серверде жазылады. Электронды өткізу пунктінде көлік құралының қай уақытта кіріп, қай уақытта шыққанына дейін тіркеледі. Сондықтан да осыдан 25-30 жыл бұрынғы тауарларды тіркемей, контрабандалық жолмен өткізу жағдайлары келмеске кеткенін білген жөн. 

Инспекциялық тексеру кешені (ИТК) сканерлік жүйе арқылы 50-60 контейнерден тұратын бір составты бірер минуттың ішінде тексеруден өткізеді. Соның ішінде «күдікті» деп танылған көлік құралдары ғана кедендік тексеріске алынады. Кедендік тексерудің мұндай озық үлгідегі құралдары ТМД шеңберіндегі елдерді қоса алғанда, Еуропаның кейбір мемлекеттерінің өзінде жоқ. Сонымен қатар ИТК-да ақпараттық технологияны жақсы білетін білікті мамандар қызмет етеді және олар дамыған елдерде жиі-жиі өндірістік тәжірибеден өтіп тұрады. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың маусым айында кеден бекетінің бас мамандары Бағлан Беков пен Аманжол Болатханов екеуі АҚШ-тың Мексикамен шегаралас Техас штатының Лоредо қаласында он күндік кәсіби білімін жетілдіру курсынан өтіп келді. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың алты айының қорытындысы бойынша бас маманымыз Самат Көшербаевтың жұмыстағы жақсы жетістіктері үшін ата-анасына Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д. Жаналіновтің Алғыс хаты тапсырылды. Бұл марапат Самат Көшербаевқа ИТК арқылы бірнеше миллиард теңгенің контрабандалық әрекеттерін әшкерелегені үшін берілді. 

Осы орайда инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеденші оператор сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылардың вагонмен немесе контейнермен өтетін тауарларына жөн-жосықсыз «күдікті» деп мөртаңба қоя алмайтынын айта кеткеніміз артық болмас. Себебі, «күдікті» деп танылған көлік құралдарынан кеден тәртібін бұзу дерегі дәлелденбеген жағдайда, кеден қызметкерінің тәртіптік жауапкершілік және атқарып отырған қызметіне лайықтылық мәселесі қаралады. Кеден қызметкері функционалдық міндеттерін орындау барысында сыртқы экономикалық қызметпен айналысушыларға еш негізсіз кедергі жасауға және сыбайлас жемқорлық жағдайларға жол бере алмайды. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың жеті айы ішінде «күдікті» деген негізде тексеруге түскен көлік құралдарының тоқсан пайызынан астамынан кеден тәртібін бұзу дерегі анықталды. Бұл халықаралық стандарттар бойынша жақсы көрсеткіш болып есептеледі.

Бұған қоса кедендік шегарадағы барлық ресімдеу мен тексеру жағдайлары Астанадағы мемлекеттік кірістер комитетінің бас диспетчерлік басқармасының ахуалды басқару орталығы арқылы қатаң бақылауда тұрады. Тауарларға кедендік тексеру жүргізуге өкілетті мамандардың әрекеті бейнежазба жетоны арқылы сол басқарманың назарында болады. Осы басқарма қызметкерлері кедендік тексеру ғана емес, кедендік ресімдеу кезінде тауардың кедендік құнының белгіленген мөлшерден төмендеп кетпеуін де бақылайды. Сондай-ақ кедендік тексеру шаралары түгелдей бейнежазбаға түсіріліп, серверде үш жылға дейін сақталады. Егерде кеденшінің әрекетінде заңсыздық байқалса немесе сыртқы экономикалық қызметкерлер тарапынан шағым түсетін болса, сол бейнежазбаны қайта қарау арқылы барлық заңсыздықты анықтауға болады. 

Жыл басынан бергі жеті айда кедендік тексеру кезінде 536 кеден тәртібін бұзу дерегі анықталып, нәтижесінде 238 миллион 360 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді. Бұл айтқанымызға қоса тексерілген әр көлік құралынан қосымша өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар орта есеппен 528 516 теңгені құрады. Бұған қоса өздерінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қараған бас мамандарымыз Нұрлан Есентаев кедендік тексеру барысында кеден тәртібін бұзудың 36 фактісін әшкерелеп, нәтижесінде 7 миллион теңгеден астам айыппұл, Тәңірберген Нүкеев кеден тәртібін бұзудың 50 фактісін әшкерелеп, нәтижесінде 7 миллион 210 500 теңге айыппұл өндірді. Бас мамандар Ермек Нүсіпов пен Дастан Әбілхайырдың кедендік тексеру кезінде импортталатын тауар декларациясында дұрыс мәлімделмеген деректерді әшкерелеу арқылы қосымша 238 360 762 теңгенің кедендік төлемдері мен салықтарын өндіргенін де атап өткен артық болмас. 

Жалпы, кедендік тексеру мен ресімдеу процестерінің автоматты түрде жүзеге асырылуы ең бірінші адами фактордың әсер етпеуіне оң ықпалын тигізеді. Олай дейтініміз, қазіргі уақытта тиісті құжаттарды ресімдеу шараларын декларанттар мен кеден өкілдері интернет жүйесі арқылы кеңседе немесе үйде отырып-ақ атқара береді. Бұрынғыдай алыстан ат терлетіп келу арқылы тауарларын шегарада тосып алып, сол жерде қағаз жүзінде ресімдеу деген жоқ. Егерде импортталатын немесе транзиттік процедура бойынша жөнелтілген тауардың мәлімделуі мен құжаттары барлық талаптарға сай келетін болса, кеденде ешқандай кедергі болмайды. Барлық мәліметтер алдын ала ақпараттар (предварительная информация) арқылы жіберіліп, тиісті тауарлар кедендік шегараға келген кезде барлық құжаттары ресімделіп тұрады. Ол үшін кез келген сыртқы экономикалық қызметпен айналысушы субъект ақпараттық технологияны жетік білгені абзал. Сондықтан да кеден төңірегіндегі кереғар пікір тудыратын кейбір әңгімелерді өткен күндердің сарқыншағы дегеніміз дұрыс. 

Кеден қызметкерлерінің жұмысы кеден тәртібін бұзушыларды әшкерелеп, қылмыстық және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар отандық өндірісшілердің мүддесі мен интеллектуалдық меншік иелерінің құқығын қорғау мәселелерін де басты назарда ұстайды. Кедендік төлемдерді өндіру арқылы еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарын нығайтуға және экономикалық саясатты жақсартуға қатысты «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде жеті айдың ішінде біршама жұмыстар атқарылды. Мысалы, импортталатын тауарлардың үлес салмағы 94 964 тоннаға (123 пайызға), тауардың декларациясының саны 7 601-ға өсіп     (2022 жылы 4375), кедендік төлемдер мен салықтардан түскен қаражат мөлшері 85 миллиард 700 миллион теңгені құрады. Және де әр вагон мен контейнерден өндірілген кедендік төлемдер  6 миллион 391 мың теңгеге жетті. Кеден бекетінде қызмет ететін әр қызметкер жеті айда мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам кедендік төлемдер мен салықтар өткізді. 

Енді оқырманға түсінікті болу үшін тәуекел бейімімен жұмыс істеу және электронды декларациялау процесінің негізгі процедураларына тоқтала кетейік. Атап айтсақ, электронды декларациялау арқылы кедендік шегарадан өтетін импортталатын тауарлар төрт түрлі дәлізге (сары, жасыл, қызыл, көк) түседі. Мысалы, белгілі бір тауар иесінің «жасыл дәлізге» автоматты түрде түскен тауарлары кедендік шегарадан еш тексерусіз өтеді. Оны кеден қызметкері себепсіз тоқтатуға құқылы емес. Өткен жеті айда кедендік шегарадан өткен импортты тауар көлемінің 57 пайызы «жасыл дәлізбен» өткізілген. Ал енді «қызыл дәлізге» түскен тауарлар толықтай кедендік тексеруге жатады. Өткен жеті айдың ішінде «қызыл дәлізге» түскен тауарлардың жалпы көлемі 10 пайызды ғана құрап отыр. Бұл дегеніңіз, кеден бекеттерінде орын алып тұратын түрлі кедергілер мен контрабандалық әрекеттердің азайғанын және кедендік тексеру мен ресімдеудің барлық процестері халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Қазіргі уақытта кеден саласына жүктелетін тағы бір жауапты міндет – еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру. Осы орайда «Алтынкөл-жол» кеден бекеті арқылы ТМД, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Орталық Азия, Батыс Еуропа, т.б. елдерге жөнелтілетін жүк көлемі де артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Оған дәлел ретінде аталған мерзімде транзиттік жүк көлемі 11 пайызға көбейгенін келтіруге болады. Мысалы, транзиттік тауар айналымының жалпы құны жеті айда 14 миллиард доллардан асып, жалпы салмағы 3 011 481 (өткен мерзімде 2 712 478 тонна) тоннаны құрады. Бұл, әрине, кеден органының инфрақұрылымы өркендеп, кедендік әкімшілендіру жұмыстарының жолға қойылғанының көрінісі. Сонымен қатар кеден жұмысының тексеруден гөрі сервистік қызметке бет бұрғанын білдіреді, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытаймен шегарада орналасқан кеден бекеттерінің атына айтқан сынынан қорытынды шыққанын байқатады десек қателеспейміз.

Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Жетісу облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті
бастығының орынбасары