Бесқайнар мектебіндегі 5 мәселе

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 734
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысының пәрменімен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуын қамтамасыз етеміз. Бұл ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деп атап өткен болатын. Дегенмен, бұл қаражат кейде дұрыс игерілмей жатады. Соның бір айқын көрінісі деп Көксу ауданындағы Бесқайнар мектебін атауға толыққанды негіз бар.

Кеше ғана  ашылған мектеп сын көтере алмайтын жағдайда. Сырты көрер көзге қуаныш сыйлағанымен білім ошағының ішкі көрінісі көңілге кірбің ұялатады. 
«Жаңа оқу жылында жаңа мектепке кірдік»  деп қуанған халықтың қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі, жаңа оқу ғимаратының кемшін тұстары ұстаздар мен оқушылардың көңілін түсірді. Оған кінәлі мердігер компанияның құрылыс жобасын дұрыс жасамауы ма әлде құрылыс басталғаннан  нысанды қадағалауға алып, жұмысын жіті тексермеген жауапты мамандар ма? 

Алдымен, оқу жылы басталмай тұрып ауа райының қолайсыздығынан мектептің жертөлесін су басты. Бұл жайт күні кеше баспасөз беттерінде жарық көріп, талайдың талқысына түсті. Болған жайттан кейін мектеп жертөлесі әлі де ылғалданып тұр.

Білім ошағының жалпы жағдайы кісі қуанарлықтай емес. Оған себеп – оқу орнының  сазды жерге салынуы. Мамандар осы жолғы мәселені шешкенімен алдағы көктемде бұл жайттың алдын қалай алары беймәлім. Бұл жағдай әр жыл сайын қайталанып тұрмасына кім кепіл?! 

Екінші мәселе – оқу ғимаратындағы спортзалы мен акт залының бір жерде орналасуы. Атап айтсақ, залдың бір шеті сахна болса, бір жағы спортзал. Құдды «кентавр» іспетті. Басы адам, аяғы жылқы тұрпатты кентаврды антика әдебиетінен оқып, фильмдерден тамашалаған боларсыз?! Міне, сол бейнені ғимарат бөлігінің басы акт залы, жалғасы спортзалы болғанынан байқаймыз. Бұған мектеп мұғалімдері мен оқушылары өз наразылықтарын білдіруде. Олар: «Еститін құлақ, тыңдайтын адамның жоқтығы налытады»,– дейді.

– Бұл аудандағы осылай салынып отырған 3-ші мектеп. Жамбыл ауылы мен Қызылтоған ауылдарында да осы мәселе. Жаңбыр жауған күні балаларды спортзалға кіргізіп, ойнатудың өзі қиын. Себебі, оларды кіргізу үшін мүлікті орындарынан қозғалтып, жинап қоюмыз керек. Ал 81 орындықты ары-бері көтеріп жүрсек сабақ қай уақытта өтеді? Кім өткізеді? Ойын балалары  абайсызда мектеп мүлкін, яғни, сахнаны бұзып алса оған жауап беретін кім? Шындығында осының барлығы үлкен ыңғайсыздық тудырып тұр. Бұл жайында қажетті жерлерге айтып көрдік. Алайда, «Мектеп жобасы солай жасалды. Оны өзгерте алмаймыз» деген әңгіменің төңірегінен шыға алмай жүрміз, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Өміржан Тазабеков.

Кемшілікті тізбелейтін болсақ, спортзал терезесіне темір тордың орнына қарапайым матадан жасалған тор ілініп тұр. Оқушылар ойнап жүргенде доптың ол терезеге тимеуіне, әйнегінің шағылмауына және балаларға сынған әйнек кесектерінің тиіп кетпеуіне кім кепіл? Бұл алдымен балалардың өміріне қауіп төндірсе, екіншіден, мектептің дүниесіне залал келтіруі әбден мүмкін. Осы сияқты кемшіліктер көзге ұрып тұр. 

Үшінші мәселе – мектепке берілетін оқу, спорт жабдықтарының  сапасыздығы.  Ашылғанына 1 аптадан енді ғана асқан білім ошағына берілген жабдықтар сынып, қолдануға жарамсыз болып қалған. Оқушылар қызығын көрмей жатып, істен шыққан жабдықтардың барлығы дерлік мектепке бөлінген қаражаттан алынатын  заттармен сәйкес келмейді. Дене шынықтыру сабағына деп 30 футбол добы берілгенмен, оның 15-і қазірден жарамсыз. Бұл орайда айта кететін бір дүние, бюджеттен қаржы бөлініп, қарастырылып қойған оқу жабдықтарының біразы  әлі күнге дейін мектепке жеткізілмесе, кейбірі мүлдем берілмеген. 

Төртінші мәселе – кабинеттердің тарлығы. 120 орынды мектепте жалпы 140 оқушы  болғанымен бір сыныпта оқитын оқушылардың саны 12-13-тен аспайды. Соның өзінде әр сынып санаулы оқушыға таршылық етіп отыр. Бір ауысымда ғана оқуы тиіс балалар орын тапшы болғаннан екі ауысымда оқып жүр. Мұның өзі де ақылға қонымсыз.

Қолданысқа берілген, ауыл тұрғындарына ұсынылған бұл мектептің тағы бір түйткілді мәселесі – салынбаған хоккей алаңы. Жалпы жобадағы алаң құрылысын мердігерлер ұмытып та кеткен сыңайлы. Алайда, құрылысқа керек заттардың барлығы дерлік мектептің жертөлесінде тұр. Бөлінген қаржыны дұрыс игермеген, құрылысты толыққанды аяқтамаған мердігерлердің кінәсі алдағы уақытта жуылып-шайылып кете бере ме? 

Мектептің тағы бір өткір мәселесі – интернет желісінің сапасыздығы. Елімізде түрлі интернет жобалар іске асырылып жатқанда жаңа оқу ордасында оның қолжетімсіз екенін көру санамызға сан сауал ұялатты. Нысанды толыққанды пайдалануға бергеннен кейін барлық кемшілікті назарға алып, олқылықтың орнын толтыру мердігерлер мен мамандардың басты міндеті емес пе екен?!

Айғаным АЙТМҰХАН
Көксу ауданы