Бейқамдыққа жол жоқ, іске көшетін кез келді...

Уақыты: 15.09.2023
Оқылды: 322
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Барлығымыз білетіндей, жылдағы дәстүр бойынша жуырда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің кезекті Жолдауын жариялады.

Ел дамуының алғышарттары, экономикалық тұрғыдан қарыштауымызға қажетті деген қарымды қадамдар мен ілкімді істер топтастырылған Жолдаудың дүйім бұқараға берері мол. Себебі, қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдағы ағайынның жағдайынан бастап, алып мегополистердегі қызу тірліктің де тамырына қан жүгіртіп, ақыл таразысына салып отыр. Соның ішінде, жастарға деген сенім тұғырының биіктігі мен тың идеялардың әралуандығы көңіл қуантады.

Жастар – мың жылдықтар төрінен мәңгілікке қарай бағытын түзеген қуатты Қазақстанның жанды бейнесі. Бәсекеге бәс тігіп, жаһандық аренада алпауыт мемлекеттермен иық тірестірген егеменді еліміздің ертеңі, қалың қоғамның қозғаушы күші. Ал оларға қолдау көрсетіп, мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту болашақ үшін бүгін салынған инвестиция десе де болады. Жолдауда жас толқынға қаратыла айтылған жоспарлы жұмыстар мемлекеттің оларға деген ыстық ықыласының көрінісі деуге толықтай негіз бар.

Айналаға назар салсаңыз бірінен бірі озуға талпынған жұрт, жаһандық бәсекелестікте тартысқан мемлекеттер. Бұлардың мақсаты ортақ. Ол алдыңғы қатарлы елдердің көш басынан көріну. Осы мақсатта әр ұлт өзінің ерекшеліктерін ұтымды пайдаланып, ұрысқа сақадай сай отыр. Ұрыс дейтініміз қару асынып, қақтығысқа түсу емес, ол білім мен ғылымның үстемдік құрған мылтықсыз майданы. Себебі дидары өзгерген дәуірдің талабы ауысты, сұранысы алмасты. Бұрынғыдай қылышпен қырып, шоқпармен шауып алатын уақыт ескі күндердің елесі боп қала берді. Қазір жаңа заман, жаңа көзқарас қалыптасқан мезет. Осыған сай біз де жаңғыру сүзгісінен өтіп, нарықтық экономиканың бәсі басым түскен ғасырмен санасқанымыз абзал.

Бұл ретте мемлекет басшысы Жолдаудың басым бағыттарын нақтылай отырып, озықтардың ортасынан орын алуға үстемдік беретін ұтымды бағдарламаларды, ұстынды бастамаларды түртіп өтті.

Бұл ретте Жолдаудың біраз бөлігі ауылдағы арда жұртқа бағдаршам болды десек те қалеспейміз. Еліміз ежелден төскейінде өрген төрт түлігімен тірлігін түзеп, «малым жанымның садағасы» деп ғұмыр кешкен. Сондықтан да көнеден тамыр тартқан тұрмыс үрдісінен ажырамай, қазір де қора-қора малын өрбітіп отыр.

Тірлігін түзбен байланыстырған шаруалар үшін Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына назар аударуы аса маңызды қадам. Бұдан аңғаратынымыз, ауыл-абанды мекен етіп, түзде тірлігін түзеген тұрғындардың еңбегі елеусіз қалмақ емес. Керісінше мемлекет тарапынан тиісті көмектер көрсетіліп, қолдау жыл сайын арта бермек.

Қазіргі уақыт талабы қатаңдап, заман ағысына шыдас беру үшін үзіліссіз жаңғырып отыру керектігі мәлім. Ертеңіміз үшін елеулі қадамдарға барсақ қана болашағымыз баянды болмақ. Осы ретте алпыс қырдың артындағы айтулы деген дүниелерді Президент Қ.Тоқаев кезекті Жолдауында тайға таңба басқандай айқындап берді.

Қазақстандық даму үлгісіне жаңа мүмкіндіктер ұсынған бұл Жолдаудың әр тармағында салмақты ой, сарабдал саясат жасырынғаны ақиқат. Нақты міндеттер көрсетіліп, мақсатымыз айқындалған.

Біз осы бастамаларды қолдай отырып, өзімізге қажетті тұстарының мүмкіндітерін толықтай пайдалануымыз қажет.

Ендігі мақсат Жолдаудың жүгезе асуына бір адамдай қызмет ету, қалың қауымға артықшылықтарын түсіндіру. Осы жолда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ жұмыстың арқасында жемісті, жеңісті күндерімізді көбейте берейік.

Алмат САДИЕВ,
Жетісу облысық мәслихатының депутаты.