«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды»

Уақыты: 07.03.2024
Оқылды: 364
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың әнін шырқау биікке шығарған өнерпаздар баршылық. Солардың қатарында белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаевтың дауысы ерекше естіледі. Оның бір ғана «Анашым» әні естілсе қосылмайтын қазақ кемде-кем. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жырлаған әншімен бәйшешек көктеп, жауқазын жайқалған көктем мерекесінің қарсаңында аз-кем тілдескен едік. Оқи отырыңыз, ойлана отырыңыз!

– Жылдың әр мезгілі өзінше көркем, өзінше қастерлі. Сіз үшін көктемнің орны қандай?

– Жылдың әр мезгілі өзінше ерекше. Әрқайсысының өз орны бар. Қыс болмаса көктем келмейді. Жаз болмаса күз толыспас еді. Қыс қыс болуы тиіс. Содан кейін көктем келеді. Жаз бүкіл дүние-тіршіліктің құлпыратын кезі. Күз жиын-теріннің дер шағы. Көктем тіршіліктің басы. Қар еріп, топыраққа жылу түскеннен айнала бәйшешекпен құлпырып шыға келеді. Дүние түрленіп, жан-жануар ұрпақ өрбітеді, барша өсімдік бүршік жарып, құс атаулы жұмыртқа басады. Сондықтан адам баласы үшін көктемнің орны ерекше.

Бірақ әркімнің жанына жақын тартатын, ерекше ұнататын мезгілі болады. Мысалы, маған күз ұнайды. Бәлкім, қазақы қоңыр мінез-құлқыма байланысты болар күз жаныма жақын. Жыл бойы жасаған тірлігіме есеп беріп, артқа қарап атқарған ісімнен мән-мағына іздейтінім содан болар. Бәрін ой елегінен өткізіп, қорытынды жасайтындықтан күзді өз басым жақсы көремін. Сол себепті концерттерімді күз айларында өткіземін. Ал, көктем ол ерекше.

Халқымызда «Жер-Ана» деген ұғым бар. Қазақ қара жерді бусанған анаға теңеген. Өйткені барша тіршіліктің кіндігі жерден нәр алады. Тура құрсағына ұрпақ көтерген ана секілді тамырға байланған өсімдік атаулыны жарыққа шығарады. Ағаш атаулы бүршік жарып, неше түрлі гүл шешек атады. Адамзаттың көзқарасымен қарар болсақ ана құрсағына біткен тіршілікті жарық дүниеге әкелгенше бар мейірімін төгіп, ықылас-пейілін арнайды. Жарық әлемге көзін ашқан ұрпағы тәй-тәй басып, тіршілікке араласқанша тәлім-тәрбие береді. Ары қарай отбасынан алған үлгі-өнегемен тіршілікке тамыр жайып, өсіп-өнеді. Сондықтан Жер мен Ана арасындағы байланысты Жаратқан Алла Тағала өзі бекіткен деп сенемін. Сол себепті, жер де ана, ана да жер секілді. Ал, сол тіршіліктің бастауы көктем екені айтпаса да белгілі.

«Анашым» деген әніңізге күллі қазақ баласы қосылады. Осы әннің тарихы қандай?

– 1988 жылы екі әнді қатар әрі алғаш рет орындадым. Алдымен «Әке арманы», сосын «Анашым» шықты. Екеуін де тыңдарман ерекше жақсы қабылдады. Шындығында аты айтып тұрғандай адам баласына ана жақын ғой. Әрине, халқымыз әке мен ананы бөліп-жармайды, бірге айтады. Расында әке алыстан көз тартатын биік тау сияқты. Одан үлгі-өнеге алып, керегімізді үйренеміз, қамқорлығын сезініп, жанашырлығын көреміз, панасында жүріп, ақыл-кеңесін тыңдаймыз. Бірақ бүкіл мейірім мен махаббат, бар жылылық анадан шығады. Сондықтан да болар жұртшылық «Анашым» әнін бірден қабылдап, жақын тартты, сүйіп орындап, кеңінен таралды. Сөйтіп, халықтық сипат алып кете барды. Сол әнді орындағаныма биыл 36 жыл толыпты. Кейінгі жылдары бұл әнді айтып жүрген жоқпын. Себебі, репертуарым ана туралы басқа да әндермен толыққан. Әрине, әнші, орындаушы ретінде жаңа шыққан, сәтті шыққан, жаныма жақын әндерді қоржыныма салып, насихаттауға тырысамын. Осыған орай «Анашым» кейбір кештерде орындалмай қалып жатады. Оны көзіқарақты жұрт бірден байқады. Өйткені, әрбір концертте сол әнді тыңдағысы келетін көрермен табылады екен. Екі сағаттық бір концертке 25-27 әнді әрең сыйғызасың. Кейбірі сыймай қалып жатады.

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп шырқаған әніңіз бұрымдыларды ойлантып, ұрпақ тәрбиесіне әсер етері анық. Сіздіңше халқымыздың, ұлтымыздың дүниетанымындағы қыздың орны қандай?

– Халқымызды қызды оң жаққа, төрге отырғызып, мәпелеп өсірген. Еркелетіп, тақиясына үкі таққан. Бауырлары сыйлап жүрсін, құрметтеп жүрсін, аялап жүрсін деп. Әрбір қазақтың шаңырағында қыз баланы қонақ деп есептеп, мейлінше артық құрмет көрсеткен, аялап өсірген. Сондықтан бұл әнді жұртшылық қабылдады. Оның үстіне «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әні 1986 жылғы қазақ жастарының бас көтеріп, алаңға шыққан оқиғасынан кейін рухты ән болып естілді. Негізінде алаңда қайсарлық танытып, өжеттік көрсеткен қазақ қыздарының рухына арналған ән болатын. Сондықтан мен бұл әнді орындаған кезде қазақ тарихындағы батыр қыздардың, атқа мінген, қол бастаған, елге тұтқа болған, сөз ұстаған қыздардың ерлігі, өрлігі, қайсарлығы бүгінгі қазақ аруының бойында болса екен деген үлкен тәрбиелік жағын жеткізіп айтуға тырыстым.

Жалпы, менің орындаған әндерімнің әрқайсысының өзіндік орны бар. Ол әсіресе менің концертіме келген жастарға қатты әсер етеді. Тіпті, солай айтылуы да заңды дер едім. Себебі, алғашқы мамандығым театр актері болғандықтан әрбір жеке концертіме мағыналы драматургиялық мән беруге, бір сюжетке құруға, тақырыпқа байланыстыруға тырысамын. Мысалы, өткізетін концерттеріме  айдар тағып, тақырып қойсам, сол тақырыптың төңірегінде өз ойыммен бөлісемін. Сол ойымның жалғасы ретінде осы әнді орындағым келеді деп тыңдарманмен тілдесіп отырамын. Әдетте өз концертімді өзім бастап, өзім аяқтаймын, жүргізуші алмаймын. Мұндағы негізгі себеп – жұртқы ұғынықты болуы үшін айтар ойымды үзіп-жұлмай, бөліп-жармай бастан-аяқ тұтастырып жеткізу. Екі сағаттық концертте орындалатын әндер сол күні елге айтатын ойымның, жастарға өнеге ретінде жеткізетін өсиетімнің ажырамас бөлшегі. Осы 45 жылда өткізген концерттерімнің барлығы дерлік сондай мақсатпен жасалды. Сондықтан арасында өз атыңды көкек секілді қайталата бергеннен қашамын. «Сахнада Нұрлан Өнербаев! Ал қарсы алыңыздар!» дегеннен о баста қашқанмын. Оның үстіне: «Келесі тыңдайтындарыңыз, бәленшенің сөзіне жазылған, бәленшенің әні, орындайтын Нұрлан Өнербаев» деген артық көрінеді.

Ұлдарыңызбен бірге ән кештерін өткізіп жүрсіз. Сіздің әулетке қонып, тұрақтаған әншіліктің тарихы бар ма? Не жетеледі? Әлде атаның қаны, ананың тәрбиесі ме?

– Атаның да қанынан жұққан болуы керек деп ойлаймын. Біз үйде Сейдінкүл әжеміздің тәрбиесін көрдік. Жас кезімізден өнерге баулыды. Бұл жайында талай рет айтқанмын. 60-шы жылдары ауылдарға теледидар келе бастаған кезеңде біздің үйде де төрт аяқты, экраны кішкентай көксандық тұрды. Содан концерт беріле қалса әжеміз ұйып тыңдап отырушы еді. Жанында тапжылмай отырып, әжеміз арқылы сонда айтылған әндерді бойымызға сіңірдік. Одан кейін мектепте оқып жүргенде жаз сайын әжеммен Алматыға келеміз. Әкемнің өзінен кейінгі бауыры Алатаудың етегіндегі алып шаhарда қызмет етті. Жазғы демалыста әжеміз екі-үшеумізді жетелеп, баласының үйіне арнайы келіп, апталап жатады. Сондайда міндетті түрде Мәдениет сарайларына, көрмелерге, концерттерге, өнер ошақтарына апарады. Ағамыз анасы келе жатқан соң концерттерге билетті алдын ала алып қояды. Сөйтіп, қаршадайымыздан музейлерді аралап, театрлардағы қойылымдарды тамашаладық. Осылайша әжеміз бізді өнерге баулыған екен ғой, осы күні ойлап отырсам.

Оның үстіне арғы нағашы аталарым, әкемнің үлкен бауырлары, аға-әпкелеріміз ауылда түрлі үйірмелер құрып, нешетүрлі ойын-сауық кештерін өткізетін. Бала күнімізде үлкендердің артынан жүгіріп, қойылымдарын тамашалауға тырысамыз. Әкемнің бауырларының барлығы дерлік мандолин, домбыра ойнаған бесаспап кісілер еді. Қарапайым ауыл тұрғыны болғанына қарамастан, бойларында өнерге деген ынтықтық басым болды.

Енді тегімді тарқатар болсам, арғы бабамның аты Айбек, Айбектің баласы Өнербай. Бабамыз баласына Өнербай деген есімді қояр кезде: «Осы баламнан тараған ұрпағымның бойына өнер қонсын»  деп ырымдаған болар Өнербайдан тараған ұрпақтың біразы өнерге жақын болды. Менің алдымдағы Әлжан ағам кәсіби өнерді ұстанып, Мәскеудегі театр институтын бітірген соң театрда еңбек етті. Одан кейін мен өнердің кәсіби жолын меңгердім. Енді ұлдарым өнерге жақындығын көрсетіп жүр. Үлкен ұлым мамандығы басқа болса да әнге әуес. Кіші ұлым кәсіби музыкант. Фортепьяно сыныбы бойынша музыка мектебін, колледжді, университетті бітірді. Қазір пианинодан сабақ беріп жүр. Алдында шәкірттері бар. Өнерге жақын болғаннан кейін ұлдарымды қасыма ертіп, үлкен өнерге баулып жүрмін. Сахнада тұрып, елдің ықыласын, тынысын, қабылдауын сезінуді, әрбір айтқан әнге қалай көңіл бөлу керектігін үйрету әкелік парызым. Қанша айтқанмен, кәсіби сахна киелі. Сондықтан жолдан қосылып, қалай болса солай шыға беру емес, сахнаның киесін, құдіретін сыйлап, құрметтеп басуды ескертіп отырамын.

Елімізді аралап, кең-байтақ Қазақстанның әр түкпірінде әсерлі кештер өткіздіңіз. Өнерпаз жастарға тәрбие беру ойда бар ма?

– Әке ретінде өз перзенттерімді тәрбиелеп келе жатырмын ғой. Соған қарамастан мені ұстаз тұтып жүргендер көп. Солардың бәрі: «Аға, сіздің әніңізбен өсіп келеміз. Сіздің әніңізді айтқымыз келеді. Ән айтуды сізден үйрендік. Сіз сияқты болғымыз келеді» деген сөзі көңілді марқайтады. Бірақ ешкімді еншілеп, айдар тағып: «Мынау менің шәкіртім!»  дегенді айтпаппын. Бірақ сона-ау мектеп қабырғасынан білетін жалғыз ғана шәкіртім бар. Қазір жасы 50-ге келіп қалды. Атырауда тұратын Смадияр Мырзағалиев. Мен сияқты гитара тартып, ән айтатындықтан өзіне ұстаз санайды. Атырауға барсам концертіме міндетті түрде қатысады. Алматы, Астанаға келіп жатса бірлесіп телеарналардың жобаларына түсіп тұрамыз.

– Шынайы шәкірттеріңіз көп болсын! Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан  Мәди  Алжанбай