«ЖЕТІСУ КУБОГЫ» ҚЫРҒЫЗСТАНҒА КЕТТІ

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 357
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінде бильярдтан ардагерлер арасында «Жетісу кубогы» атты III халықаралық турнирі өтті. Сайысқа Қырғызстан елінен және республикамыздың әр өңірінен келген 13 команда қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаев:

– Құрметті спортшылар, жер жаннаты Жетісу жеріне қош келдіңіздер! Доданы облыстық спорт басқармасы мен еліміздің жаңа құрылған ардагер Бильярдшылар одағының мұрындық болуымен өтуде. Бильярд – физикалық күш-қуатты ғана емес, логикалық шеберлікті талап ететін интеллектуалдық ойын. Сондықтан,  мұнда осал ойыншы болмайды. Жарысқа қатысушы ардагерлер арасында тартысты ойын болатынына сенімдімін, – дей келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осыдан кейін Қырғызстан командаларының капитаны Есенжан Бекбоев: «Ең алдымен жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Біз қазақ бауырлар ұйымдастырған жарыстарға жиі келеміз. Жылда жүлделі орындарды иеленіп жүрміз. Осы жолы жеңістің желкенін көтереміз деген сенімдемін. Спорт адамды достастырады, жақындастырады. Қазір біз қазақ бауырларымызбен тек сайыстарда ғана емес, жай күндері де көрісіп, бір-бірімізді қонаққа шақырып, сыйласып, араласып жүрміз», – деді.

Осыдан кейін 63 жастан асқан ардагерлер арасындағы тартысты дода басталып кетті. Спортшылар жеребе тартып, бас төреші ойын ережесімен таныстырды. Жарыс командалық бәсеке болған соң әр ойыншы барын салып ойнауға тырысты. Алғашқы айналымнан-ақ  ақсақалдар бильярд ойынының хас шебері екендігін көрсетіп, тәжірибелерін  дәлелдеді.

Үш күнге созылған додада Бішкектен келген «Манас» командасы «Жетісу Кубогын» жеңіп алды. Шымкенттің «Тұран» командасы күміс жүлдегер атанды. Қола жүлде Астананың  «Ауыл Ұландары» командасына бұйырды.

Айдар ҚАЛИЕВ