ҚИЫНДЫҚҚА ҚАЙЫСПА, АДАЛДЫҚТЫ АР ДЕП БІЛ

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 343
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адам баласы әуелден армандай алуы қажет. Есейе келе мақсат пен мұратына сай жұмыс істегені маңызды. Сол жолдағы қиындықтар мен сынақтарда адалдық арына дақ түспегенін қадағалау керек-ақ.


Осы орайда М. Жұмабаев атындағы №19 Талдықорған мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Бақыт Злобинмен кездесті.

Шара «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – оқушылардың жеке дамуын менторлық сүйемелдеу, балалар мен ересектерді әлеуметтендіру, кемсітушіліктің, зорлық-зомбылықтың және құқыққа қайшы мінез-құлықтың барлық түрлерінің алдын алу арқылы бірыңғай тәрбие кеңістігін қалып-тастыру.

Кездесу барысында Бақыт Злобин студенттік шағынан  білім алған оқу орындары жөнінде көсіле әңгіме өрбітті. Жас буынды мамандыққа адалдық керектігіне, сол жолда кездесетін әрбір қиындыққа төтеп беруге үндеді. Сондай-ақ, жиында адамгершілік, қайсарлық тұрғысындағы пікірімен бөлісті.

– Біздің заман толассыз ақпарат заманы. Бұл жерде өскелең ұрпақ жалған ақпарат пен шынайы ақпараттың аражігін ажырата білуі шарт. Оны үйрету біздің қолымызда деп айтқым келеді. Шара аясында балаларға мемлекеттік қызметке жас, креативті, жігерлі кадрлар қажет екенін түсіндіруге тырыстым. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке жол барлығына ашық екенін жеткіздім, – деді Бақыт Злобин.

Мамандықтың жаманы жоқ, үйренем деген адам болса. Оны меңгерген соң, ең алдымен, адалдық керегін кім-кімнің болсын айтары ақиқат. Бастысы, жемқорлықтан бойын алшақ ұстаса төртеуі түгел, алтауы ала болмасына кәміл иланатынымыз ақиқат. 

Кездесуде оқушылардың да ойы ортаға салынды.  Әртүрлі пікірлер айтылды.

– Бүгін мен мотивация сабағын алдым. Дәріскер бізге қиындықтармен қалай күресу керектігін, мақсаттарды қалай дұрыс қою керегін және оларға жүйелі түрде қалай жетуге болатынын айтты. Кездесу барлық тыңдаушыларға пайдалы болды деп ойлаймын, –  дейді 10-сынып оқушысы Айша Қозыбаева.

Медет ЖҰМАБАЙ