ОТБАСЫ - МЕМЛЕКЕТ УЫҒЫ

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 320
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Басқосуды комиссия төрағасы Марлен Көлбаев жүргізіп, мұнда үш мәселе қаралды. Біріншісі, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зорлық-зомбылықтан жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы.


Отырыс тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының, отбасын қолдау орталықтарының  қызметі туралы аналар, әкелер кеңестерінің және үкіметтік емес ұйымдардың балалар мен жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, озық отбасылық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған жұмыстар туралы жалғасты. 

Алғашқы мәселе бойынша  полиция департаменті, білім басқармасы, қоғамдық даму басқармасы, аудан және қала әкімдіктері, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері ойларын ортаға салды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аида Белгібаева баяндама жасады. Оның айтуынша, үш айдың қорытындысында облыста 500-ден аса зорлық-зомбылық дерегі тіркелген.  Тұрмыстық қиындыққа тап болғандар  дағдарыс орталығына жіберілген.

Комиссия мүшелері тарапынан баяндамашыға бірнеше сұрақ  қойылды.  Оның көпшілігі арызданған адамның  үйіне қайтқаннан кейінгі жағдайы жайында болды. Бір рет зәбір көрсеткен адамның бұл жағдайды кейін де қайталауы мүмкін екендігі жайлы айтылды.  Бұл орайда полиция полковнигі өтініш жасағандар  күш көрсетушімен татуласқан күннің өзінде 3 айға дейін  құқық қорғаушылардың қорғауында болатынын жеткізді. Келесі мәселе  бойынша  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Е. Мизамбаевтың  «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.  Оның айтуынша, «Отбасын қолдау орталықтарын» ашу жоспарланып, өткен  жылы Текелі қаласында, Панфилов және Сарқан аудандарында коммуналдық мемлекеттік мекеме нысанында 15 төсек-орынмен қамтылған «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылған. Бұл орталықтардың ашылу мақсаты – өмірлік қиын жағдайда қалған отбасылары, оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған әйелдерге, қиын жағдайға тап болған отбасы санаттарына жатқызылған  жандарға қолдау көрсету. Баяндамашының сөзінше, орталықтарда қызмет алушыларға жеке бастарындағы  экономикалық, заңгерлік, психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Бұл қызметтер олардың жаңа ортада бейімделу, оңалту, отбасылық қолайсыздықтың, өмірлік қиын жағдайдың, зорлық-зомбылықтың алдын алуда үлкен рөл атқарады.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті жеңілдіктер, жәрдемақы, өтемақы, алименттер алуға жәрдемдесу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша көмектер ұсынылады. Былтыр 2 отбасына медиатордың консультациясы ұйымдастырылды. Екі отбасының балаларына қосымша білім алу бойынша құжаттар, 2 балаға мүгедектікке құжаттар рәсімделді және 15 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарды жинақтауда көмек көрсетілді. Төрт отбасына тұрғын үй алу үшін жәрдем беріліп, үй кезегіне қойылды. 4 адам жұмысқа орналастырылды, 1 әйелге үйдің құжаттары ресімделіп, заңды түрде үй өз атына қайтарылды. Сондай-ақ 1 отбасыға әкімдіктен тұрғын үй (3 бөлмелі пәтер) берілді.  Сондай-ақ орталықтан шығып, отбасына оралған 15 отбасы  демеушілер арқылы көмір, отын, азық-түлікпен қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл басынан бері тұрақты жалғастырылуда. Үш айда  22 отбасы 85 адам көмек сұрап, өтініш білдірген.  Бүгінде 7 отбасы, 34 адам қызмет алып жатыр. Оларға да жоғарыда аталған психологиялық және әлеуметтік көмек жан-жақты беріліп, қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, аз қамтылған 10 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 9 адам жұмысқа орналастырылған. Үш баланың балабақшаға құжаттары рәсімделіп, 10 адам  үй кезегіне тұрғызылды. Мүгедектігі бар 2 балаға жеке қайырымдылық қоры арқылы жүріп-тұруға арналған мүгедек арбасы табысталды» – деді баяндамашы. 

Сонымен қатар  биыл отбасын қолдау орталықтары Талдықорған қаласы, Алакөл, Кербұлақ, Қаратал аудандарында, 2025 жылы  Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында ашылады. Бұл орталықта  арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі көрсетіледі. Мәселен,  33 қызмет алушыға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, қысқамерзімді оқу курстары бойынша 6 адам оқуды бітіріп, мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, 24 адам жұмысқа орналастырылып, 34 адамның жеке құжаттары қалпына келтірілді.  Бір адамның мүгедек санаты алынып, 17 адамға сот медициналық сараптамасы тағайындалды.  Отбасылық ажырасу бойынша 15 адамның талап-арыздары қанағаттандырылған. 

Биылғы жылы қауырт желісі бойынша 30 адам әлеуметтік көмекке жүгініп, азаматшаларға құқықтық, психологиялық кеңес берілді.  Сондай-ақ, Талдықорған қаласында ана мен баланың құқықтарын қорғау және ақпараттандыру бойынша арнайы билборд тақташасы орналастырылған. Ішкі істер департаменті және Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы театр актерлерімен бірлесе арнайы бейнеүзік түсіріліп, облыстық телеарнадан көрсетілгендігін атап өтті. Мұнымен қоса  Ермек Мизамбаев осындай бейнеүзіктер көптеп түсіріліп, таратылса деген ұсынысын да тілге тиек етті. Жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Жамал  Баймадиева да баяндама жасап, әкенің отбасы алдындағы жауапкершілігін арттыру барысында істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Басқосу соңында комиссия төрағасы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған ана мен балаларды назарда ұстауды тапсырды. Отбасылық құндылықтарын насихаттауға барынша көңіл бөлінбек.

Гүлжан ТҰРСЫН