Шежірелі шегара шебінде

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 344
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының оңтүстік шығысында орналасқан жазиралы Жаркент өңірінің тарихы өте бай. Соның  ішінде соңғы бір ғасырдың ішінде өзіндік шежіре қалыптастырған шегара шептерінің тамыры тереңде жатыр. Құрылғанына биыл жүз жыл толған Жаркент шегара отряды бір ғасырдың ішінде құрылу, қалыптасу, өсу, өркендеу жолын басынан өткерді.


Бұрынғы Кеңестер одағының шегара қызметінің тарихынан бастау алатын Жаркент шегара отрядының күнпарағы егеменді Қазақстан халқымен бірге саяси, экономикалық дамудың әрқилы кезеңінен өтті, шынықты, шыңдалды, сындарлы сынақтарда даңқты дәстүр қалыптастырды. Шегарашылардың даңқты жауынгерлік жолы әр уақытта айшықты көрініс тапты. Тәуелсіздік жылдарында ел мен жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің  күшімен қорғаған батыр бабалардан жалғасқан дәстүрді сақтаған шегарашылар халқы есімін ардақ тұтып, қастерлеген тұлғалардың аты мен даңқын қайта жаңғыртты. Соның арқасында шегарашылардың жаңа буыны аталарымыз бен әкелеріміздің ел шебін қорғау жолындағы ерлік рухы мен бай тәжірибесін жалғастырып келеді. Бүгінде мемлекет шебін қалтқысыз күзетіп, ел іргесін қорғауды абырой санайтын шегарашылар соңынан ерген жас толқынға үлгі-өнеге көрсетуді парыз деп біледі.

Ғасырлық той қарсаңында «Іле», «Иінтал», «Қарақұм», «Қорғас», «Басқұншы» және «Алмалы су» шегара бөлімшелерін аралап, ел іргесін күзеткен ерлердің қызметімен, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық.

Сапарымыз оңтүстік шығыс шептегі халықаралық негізгі өткелде орналасқан бөлім мен «Қорғас» бөлімшесінен басталды. Бізді қарсы алып, шегарашылардың тыныс-тіршілігін таныстырған бөлім бастығының міндетін атқарушы Ғалымжан Ысқақов:
– Әскери оқу-жаттығу дайындығы бойынша біздің бөлім Жетісу облысында және республикалық деңгейде бірнеше рет І орын алып келді. Офицерлер мен жауынгерлеріміз өз саласы бойынша үздік маман атағын жыл сайын еншілеп келеді, – деп жетістіктердің сырына тоқталып өтті. – Бұл жетістіктерге офицерлеріміздің біліктілігі, ізденімпаздығы, сарбаздардың батылдығы мен тиянақтылығы және балаларымыздың анасы, әйелдеріміздің бізбен бірге шегара қиындығын тең арқалап, шыдамдылық танытуы үлкен қолдау болып келеді.

ҚХР мен Қазақстан Республикасын бөліп жатқан қасиетті Қорғас өзенін бойлай орналасқан шегараны күзететін бөлім бастығының міндетін атқарушы Ғалымжан Жүнісұлы әскери бөлімшелердегі үздік қызметімен көзге түсіп жүрген «Қорғас» бөлімшесінің бастығы, майор Қайсар Рахметчаев, оның орынбасары лейтенант Жаннұр Құлжабаев, «Іле» бөлімшесі бастығының орынбасары лейтенант Азамат Таштенов, «Қорғас» заставасының старшинасы прапорщик Сергей Сальков, кинолог, аға нұсқаушы Ердос Кәріпжанов сынды өткен жылдың қорытындысы бойынша Жетісу шегарашылары арасында үздік атанған озат шегарашылардың есімдерін атап өтті.

Офицерлермен әңгіме барысында терең тарихтан тін тартатын «Қорғас» шегара шебінің қашан, қалай құрылғанын, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ерлік істерін, Отанға адалдығын тыңдап, сүйсіндік. Осы орайда Панфилов шегара басқармасының Қорғастағы шегара бөлімі мен бөлімшелері заманауи бақылау құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, «Қорғас-1, 2» жобасы бойынша таулы аймақтардағы қиын өткелдерге, Қытай Халық Республикасымен шектесетін Қорғас өзенінің бойына, Қазан көлінен Иінтал шегара бөлімшесіне дейінгі жалпы ұзындығы 47 шақырымды құрайтын қашықтыққа 9 бейнебақылау құрылғысы орнатылыпты. «Алмалы су», «Иінтал» шегара бөлімшелеріндегі автоматтандырылған операторлық жұмыс бөлмесіне қосылған бейнебақылау камералары арнайы маманның көмегімен басқарылады.

Шегара бөлімшелерін аралап шыққанда әскери тәртіптің қатаң сақталатынын байқадық. Бөлімше қалашықтары көрнекті үгіт-насихат құралдарымен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік тілге жетік және еркін сөйлесетін жауынгерлер мен офицерлердің өзара қарым-қатынасынан сыйластығы, қаруласына көмектесуге дайын екендігі аңғарылып тұрды.