«ІЛЕДЕГІ» ІЛКІМДІ ІСТЕР

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 331
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Іле өзенінің солтүстік жағалауына орналасқан бұрынғы Смирновка заставасы 1968 жылы құрылған. 2021 жылы «Іле» шегара бөлімшесі болып қайта құрылған әскери бекетті капитан Мұхаметәлі Үсен басқарады. 2018 жылы Алматыдағы ҚР ҰҚК қарасты Шегара академиясын бітірген жас офицер Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тумасы. Отбасылы.


Шегарашылардың айтуынша, бұл маңда бұрын «Смирновка» деген елді мекен болған. Заставаның бұрынғы атауы да соған орайластырылып аталыпты. Іле өзенінің солтүстік жағалауында тұрған шегара бөлімшесі қырағы қадағалауды қажет ететін аймақтың бірі. Өйткені айналадағы тораңғы мен сексеуіл, тобылғы мен жантақ тоғайы, өзен жағалауындағы қалың қамыс теріс пиғылды жансыздың жасырынуына ыңғайлы. Бөлімше бастығының айтуынша, 2008 жылы осы арадан шегара бұзған қытай азаматы ұсталыпты. Содан бері бұл аймақ жіті бақылауға алынып, белдеу бұзбақ болғандар тыйылған.

Дегенмен, жергілікті тұрғындар арасында шегаралы аймаққа кіру ережесін бұзып, рұқсатсыз Іле өзенінен балық аулаушылар мен аңшылар бой көрсетіп қалатын көрінеді. Биыл шегара белдеуіне дендей еніп, тормен балық ұстаған жергілікті 3 тұрғынды бөлімше жауынгерлері ұстап, 32 кг. балық тәркілепті. Заңсыз әрекетке барғандарды Панфилов аудандық ішкі істер бөліміне тапсырған.

Бөлімше бастығы, капитан Мұхаметәлі Үсеннің айтуынша, қарамағындағы шегара бөлімшелері арасында  жарыста үздік шыққан жауынгерлер бар. Әсіресе, Жетісу облысының шегарашылары арасында өткен біріншілікте жеңімпаз атанған қаруластары – орынбасары, лейтенант Азамат Таштеновтың, аға  техник кіші сержант Ернар Саламатовтың, барлаушы, жүргізуші Бағашар Әбілғазиевтің есімі ерекше мақтанышпен айтуға тұрарлық.

Қорғас өзенін бойлай орналасқан 6 бөлімшенің төртеуіне көршілес ҚХР-да шығарылған жол талғамайтын жаңа «JAC» автокөлігі беріліпті. Соның бірін орталықтан шалғай жатқан «Іле» бөлімшесі еншілепті.

Жалпы шегарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық тіршілігіне қажетті жағдай толық жасалған. Өмір болған соң келісімшартпен қызмет етіп жүрген жауынгерлер мен офицерлердің басында қуанышты әрі қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Ондайда бөлімше бастығы жоғарыдағы құзырлы басшылыққа хабарласып, шегарашыға жедел көмек көрсетуге ықпал етеді. Мысалы, жақында Аян Белғожаев есімді шегарашының толғақ қысқан екіқабат әйелін дер кезінде перзентханаға жеткізген.