ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ҚОРҒАС

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 355
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шегара шежіресі «Қорғас» бөлімшесіндегі мұражайда толық қамтылып, көне суреттермен, құнды деректермен, құжаттармен, жауынгерлік хаттармен әсемделген. «Қорғас» шегара заставасының тарихтағы даңқты жолы 1924 жылдың 24 сәуірінен басталады. Оған дейін мұнда Түркістан әскери майданының шегара дивизиясының Жаркент шегара полкі тұрған.


«Қорғас» шегара заставасы ақ пен қызылдың қақтығысын, кеңестік кезеңдегі коммунистік идеологияның берік насихатын, тәуелсіз Қазақстан Республикасының нарықтық кезеңін бастан өткерді. Осы кезеңдерде шегара бұзушыларды құрықтап, елдің тыныштығын күзеткен шегарашылардың жарқын сәттері фотосуреттерге бейнеленіп, шырайлы шақтан хабар беріп тұр.

100 жылдан бері шегара өткелінде тұрған «Қорғас» бөлімшесінің сан түрлі тарихи кезеңі бөлімшедегі «Даңқ» мұражайында көрініс тапқан. Онда «Буденновка» шлемін киіп, иығына винтовка асынған, беліне қылыш ілген алғашқы шегарашылардың фотосуреттері, заставадағы маңызды оқиғаларға қатысты құнды құжаттар мен соғыс жылдарында майданнан жазылған хаттар көрген жанның көкірегіне салмақты ой, сырлы сезім ұялатады.

Бұл застава 2021 жылға дейін облыстық шегарашылардың арасында 3 жыл қатарынан 1-орынды алып келіпті. 2022 жылы 2-орынды еншілеген.

– Туған жерге деген сүйіспеншілік пен Отанға деген адалдық танытқан жаркенттік чекистердің әскери дәстүрін шегара отрядының жауынгерлері 100 жылдан бері жаңылмай жалғап келеді, – дейді «Қорғас» бөлімшесінің бастығы, майор Қайсар Рахметчаев. – Осы жасақ ұстаханасынан 28 генерал шыққан. Солардың отансүйгіштігі мен антына адалдығының даңқты дәстүрімен шегарада жүздеген жауынгер мен офицер келісімшартпен қызмет етуде.

Кез келген сардардың қолғанаты, қолдаушысы, бұйрығын екі етпей орындаушысы – сарбаздары. Әскери өмірде әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі, уақыт еншісіндегі жауапкершілігі бар. Бүгінгі шегарашының басты міндеті – өзіне жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде атқарып, мамандығын жетік меңгеру. Ондай мамандар «Қорғас» заставасында көптеп қызмет етеді. Олар биыл жыл басынан бері 15 құжаттама тәртібін,7 шегара ережесін бұзушыларды анықтап, қырағылық танытты.