Үздік бөлімше

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 358
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Білікті офицер, білімді подполковник Берік Бұзаушиев басқаратын «Қорғас» бөлімшесінің жауынгерлері Іле өзенінің солтүстік жағалауынан Жоңғар Алатауының Алмалы су асуына дейін, одан әрі Текелі қыраттарын қамтыған жалпы 1400 шақырымдық шегара белдеуін күзетеді.


Осы бөлімшеге қарасты «Қарақұм» заставасы үздік бөлімше саналады. ҚР ҰҚК қарасты «Шығыс» шегара басқармасына қарасты бірқатар шегара жасағында қызмет етіп, мол тәжірибе жинақтаған капитан Нариман Хайруллаев басқаратын застава 2022 жылы шегара бөлімшелері арасында өте жақсы нәтижемен үздік бөлімше атаныпты.

– Мұндай жетістігіміздің бәрі командалық ынта-жігермен атқарылған жұмыстың нәтижесі. Біз бір мақсатқа қызмет етеміз, басты міндетіміз – тәуелсіз Отанымыздың оңтүстік-шығыс шебін қалтқысыз күзету. Бұл орайда бізге қаруластарымыз, отбасымыз, отандастарымыз айтарлықтай көмек көрсететінін айтпасқа болмайды, – дейді Нариман Хайруллаев.

Қаруластар арасында үздік бөлімше атағын иеленуге аға техник, кіші сержант Константин Верхоумов, үздік кезекші, кіші сержант Елдар Оспанғалиев, үздік бөлімше командирі, кіші сержант Әлібек Батырхан, үздік атбегі Нұрсұлтан Естемес секілді тағы да басқа келісімшартпен қызмет етіп жүрген жауынгерлер мен офицерлер сүбелі үлес қосқан.

Жақсыны көзбен көрсең көңілге көрікті ой ұялайды. Айнала құм төбелер ортасында тұрған сақшылардың шағын бекетіндегі тазалық пен реттілік, спорттық жаттығу алаңы, бабымен өсірілген гүлзар мен саялы ағаштар әскери ұжымда тәртіп пен талғам, талап пен жауапкершілік барын байқатады.