ТЕМЕКІ ТҮПКЕ ЖЕТПЕСІН

Уақыты: 06.04.2024
Оқылды: 322
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Темекі тарту денсаулыққа зиян екенін көпшілік жақсы біледі. Бірақ бас тартуға келгенде бәрі кері шегінеді. Соның салдарынан көк түтінді будақтататындардың саны артуда. Тіпті, қыз балалар да ерлерден бір адым қалыспай келетіні ұят-ақ. Ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылардың әуестенуі өте қауіпті. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Жасөспірімнің денсаулығын, болашағын емес, қалтаның қамын ойлағандар енді заң алдында жауап береді. Заң бұзғандар енді 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда атаулы сауда айналымын тоқтату туралы Президент пәрмен берген болатын. Енді заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады. 


Елімізде вейп нарығында 6 мың сауда орны ресми тіркелген. Алайда сауданың бұл түрін бейресми дамытып жатқандардың нақты санында шек болмай тұр. Олар кім ақша ұсынады, соған тауарын  өткізгеніне риза. Енді мұндай пысықайлардың дәурені жүрмейді. Бизнес көзіне айналдырғандардың жолы түбегейлі кесіледі. Себебі заң күшейіп, жаза қатаңдайды. Енді еліткіш затты сатқандар 50 тәулікке темір торға тоғытылса, заңсыз елге кіргізіп, таратқандар 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал аса ірі көлемде сатқандар мен екінші рет қылмыс жасағандар  5 жылға қамалады. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ернұр Бейсенбаев элек- тронды темекіні кіргізуге, таратуға, оны сатуға тыйым салу туралы заң жобасы мақұлданғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл тақырып 3 жыл көлемінде қызу талқыға түсіп келеді. «Вейп өнімін алғысы келген бала кез келген жерден оңай сатып алуына біз өзіміз  жағдай жасап қойғанбыз. Бұл үлкен қателік. Сондай-ақ, жуырда «Балалар қоры» атты қоғамдық ұйымның кішігірім әлеуметтік зерттеуі бойынша алматылық балалардың 80%-ы, астаналық балалардың 83%-ы вейп қолданады деген ақпарат шығып жатыр», – дейді  Мәжіліс депутаты. 

Самат ШАЙМЕРДЕН, 
облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры: 
– Электрондық темекі –  жоғары дисперсті аэрозоль шығаратын электрондық құрылғы. Оның құрамында глицерин, никотин және хош иісті қоспалар бар. Бумен дем алған кезде ауыр металл иондары никель ағзаға түседі. Олар эндокриндік жүйеге қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздейік. Мысалы, құрылғыны салқын күйде ұстап тұратын қоспалар жүрек пен мидың жұмысын реттейтін қалқанша без гормондарының өндірісін бұзады. Электрондық темекілерді немесе вейптарды шегу кезінде бөлінетін будың құрамында қауіпті заттардың 30-дан астам түрі болады.Олар аллергиялық реакцияларды, іріңді процестерді тудырып, бауыр мен бүйректің жұмысын бұзады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегу салдарынан жыл сайын жаһанда 8 миллионнан астам адам көз жұмады. Ал елімізде жылына 18 мыңға жуық адам шылымның кесірінен өмірден өтеді. Өйткені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, қантамыры ауруларын тудырады. Электронды темекіні кәдімгі темекі шегуге қауіпсіз балама деп атауға болмайды. Теориялық тұрғыдан мұндай құрылғыларды қолдану өкпенің аллергиялық ауруларын, соның ішінде бронх демікпесін, интерстициальды пневмонияның дамуына негіз болады. Жастар темекі шегудің «зиянсыз» баламасына алдануда. Сондықтан  электронды темекіні  қолданбас бұрын  мұқият ойланған  дұрыс. Он екі мүшеміз аман-есен, күш-қайратымыз, ерік-жігеріміз тасып тұрған шақта оны мағыналы істерге жұмсайық. Электронды шылым  өндірушілердің жарнамасына еліктемей, өзіңіздің, келешек ұрпағыңыздың саулығын ойлаңыз. Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың ұлы игілігі. Осыны ескере отырып, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылайық!

Әлеуметтік зерттеу нәтижесінің өзі қорқынышты. Бейресми деректер бойынша, 2020 жылы 22 мыңнан аса электронды темекі сатылса, өткен жылы өнім түрінің 6,3 миллион данасы саудаланған. Сонда бұл сауда түрі 300 есеге артқан. Бұл қуанатын емес, қорқатын, жылайтын нәтиже. Тұтынушылардың дені жасына жетпей желігіп, жасанды шылымға елітіп жүрген жастар. Тіпті мектеп оқушылары да көк түтінмен тыныстап жүргені шындық. Баласының электронды темекі буына уланып, масаттанып жүргенін ата-ана білмеуі мүмкін емес. Еркінсітіп, бетінен қақпай өсірген ата-ананың да кінәлі екенін айтпасақ болмас. Сондықтан да Талапты орта мектебінің психологы Қанатбек Жұмағұловтың пікірін білген едік. 

– Бүгінгі балалардың электронды темекіге тәуелділігі тым жоғары. Жалпы, кез келген тәуелділіктің негізінде ата-ана баланың эмоционалды қажеттілігін өтемеуінен пайда болады. Қажеттіліктің орнын толтыру үшін әке-шеше балаға барынша көңіл бөлгені жөн.  Қазір көпшілік баланың тамағы тоқ, көйлегі көк болса жеткілікті деп ойлайды. Бірақ балаға материалдық қажеттіліктен бұрын рухани азық ауадай керек. Мейірім, махаббат, жанашырлық сезімдері жетіспейді бүгінгі балаға. Соның салдарынан 10 жасөспірімнің бесеуі вейп шегеді. Бұл Ұлттық денсаулық сақтау орталығының дерегі. Мысалы, 11 жасар жасөспірімдердің 3,4 пайызы, 13 жастағылардың 4,8 пайызы, 15 жастағы жастың 9,8 пайызы жасанды шылымның шырмауынан шыға алмай жүр. Бұл дерек күн санап өсіп келеді. Сондықтан да бала отбасынан мейірімді көп көруі тиіс, – дейді маман. 

Бүгінгі ата-ана балаға көңіл бөлмейді десек, көпшілік таңғалуы мүмкін. Себебі, қазіргі жұрт балажан. Оның үстіне әр отбасында ары кетсе 2-3 бала ғана бар. Бірақ әке-шеше баланың тәрбиесіне, мінез-құлқына көңіл бөлуге келгенде ақсап жатқаны да жасырын емес. 

Электронды темекінің зияны жайлы дәрігерлер де дабыл қағуда. Тіпті, жас балалардың көптеп пайдалануының салдарынан обыр, жүрек-қантамыры аурулары жасарып жатқан көрінеді. Мамандар он жасынан өкпесін болдырған балалардың көрер қиыншылығы алда дейді. Атаулы өнім ер баланы белсіз, бұрымдыны бедеу қылады деген де дерек бар. Бірақ бұған құлақ асар жас қайда?! Өкпені былай қойғанда бұл дүние жүрекке де салмақ түсірмей қоймайды. 

Соңғы 3 жылдан бері тек элек-тронды темекі тұтынып жүрген Гүлназ (оқырман өтініші бойынша есімі өзгертілді) есімді бойжеткен қалыпты темекіге қарағанда мұның артықшылығы көп екенін айтады. «Электронды темекіні барлық жерде шегуге болады. Ғимарат ішінде де пайдалана бересің. Иісі жоқ. Ал басқа темекі түрін тартсаң денеңе иісі сіңіп қалады. Оның үстіне далаға шығу керек. Жалпы, қандай темекі болмасын бәрінің зиян екенін білсем де бұл әдеттен арыла алмадым. Колледжде оқып жүрген кезде қыздарға еліктеп едім. Қазір әдетке айналды. Содан бері қоюға талпынсам да нәтиже шығара алмай келемін», – дейді. Бұл – нағыз тәуелділік екенін аңғаруға болады. Бірақ тәуелділік денсаулықтан артық емес. Оның үстіне өмірге ұрпақ алып келетін болашақ ана үшін бұл өте зиян. Қазір көк түтінді жұтып, иісіне масаттанып шылым шексе, денсаулығына дұрыс қарамаған анадан қандай сәби туылмақ?! Бұл тек нәзік жандыларға қатысты емес. Ер-азаматтар да баланың он екі мүшесі сау болып туылуына жағдай жасауы керек. Осы төңіректе жиі ойланған жөн, құрметті болашақ ата-ана.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: 
Әлемнің қырық елінде вейпті сату заңмен шектелген. Қазақстан да бұл мәселеге заңмен нүкте қоймақшы. Алайда сауда-саттықты тыйғанымызбен тәуелділік дейтін түйткілді мәселе шығатыны анық. Бірақ тәуелділіктен тәуекел етпей айығу мүмкін емес. Жаратқан берген денсаулыққа біле тұра аманат деп қарамау – үлкен күнә екенін ұмытпайық. Жаман әдеттен жиреніп, жақсы әдетті үйренейік, ойлы оқырман.