Қатыгездікке жол жоқ

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 304
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 маусымда БҰҰ-ның Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға қарсы конвенциясын бекітті. БҰҰ-ның 2008 жылғы 26 маусымдағы Азаптауларға қарсы конвенциясының Факультативтік хаттамасына сәйкес Мемлекет басшысы 2013 жылы 2 шілдеде «Азаптауларға қарсы ұлттық алдын алу тетігі туралы» Заңға қол қойды.


БҰҰ-ның халықаралық шарттарына сәйкес жасалған азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалардың алдын алу жүйесі есептелетін Ұлттық алдын алу тетігінің мақсаттары, міндеттері, шарттары, сондай-ақ, оның қатысушыларының құқықтары мен міндеттері, кандидаттарға қойылатын талаптар «Қылмыстық-атқару кодексі», «Әлеуметтік кодекс», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодекстерінде, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында бекітілген.

Бірнеше жыл бойы жұмыс жасаған Ұлттық алдын алу тетігі  жалпы ішкі істер органдарының, бас бостандығынан айырылған адамдарды ұстау, азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынастар және жазалау жағдайлары бойынша құқық қорғау органдарының жұмысында бірқатар елеулі бұзушылықтардың болғанын анықтады. Бұл құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және институционалдық реформаларды жүзеге асыруға серпін берді. Осыған орай 2017 жылы Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін таныстырудың мүлдем жаңа форматы жүзеге асырылды. Атап айтқанда «Азаптаулардың алдын алу: Қазақстандық және халықаралық тәжірибе» атты І  Халықаралық форум өтті. Онда елдегі жабық мекемелерде азаптауларды болдырмау мәселелерін талқылау мақсатында үкіметтік емес және азаматтық сектор өкілдерінің мемлекеттік органдардың өкілдерімен ортақ үстел басында кездесіп, ашық сұхбаттасу мүмкіндігі алға шықты. Форум жұмысына ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілістің депутаттары, Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының өкілдері – Президент Әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттардың өкілдері және Еуропа мен Орталық Азияның Ұлттық үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, азаматтық қоғам, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, 2016 жылы жүргізілген алдын ала бару нәтижелері жөнінде жыл сайынғы жинақталған баяндамасын тыңдады.

Ал, 2018 жылы «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен күш-жігерімен азаптаулардың алдын алу» атты ІІ форум өтті. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларының 2017 жылғы жиынтық есебі ұсынылған шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен Қазақстанның Ұлттық бақылау комитетінің өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттардың Азиялық-Тынық мұхиты форумының өкілдері, Словения Омбудсмені кеңсесінің қызметкерлері, Орталық Азия елдерінен және Ресей Федерациясынан әріптестер қатысты. Былтыр Астанада «Қазақстан Республикасындағы азаптаулар мен қатыгездікке қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері: халықаралық және Ұлттық өлшемдер» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Осындай жұмыстарға қарамастан, Қазақстандағы Ұлттық алдын алу тетігін жетілдіру керек-ақ. Яғни, бүгінгі күні қарапайым азаматтарға азаптау, қатігездік көрсету және жазалау шаралары тыйылуы тиіс.

Қанат Қарымсақов,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу облысы бойынша өкілі