ЖАҢА ТӘСІЛ КЕРЕК

Уақыты: 14.04.2024
Оқылды: 247
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақта ұстаздан асқан ұлық мамандық жоқ. Әкім де, хәкім де, қолбасы да ұстазға бас иеді. Ал қазіргі мұғалімнің бәрін ұстаз деп айта аламыз ба? Сұрақ қайда жатыр? «Менің атым Қожа» фильмін көрген боларсыз. Сонда Рахманов ағай: «Ұстаз баланың шамшырағын жаға білу керек» дейтін еді ғой. Қандай ұлы сөз?


Бірақ, осынау сөздің қадірін қашырмас үшін ұстазға да үлкен еңбек керек. Қазір технология заманы, жаһандану дәуірі деп жатамыз. Осы заманның көшінен ұстаздар да қалып қалмау керек. Өйткені, шәкірті меңгергенді мұғалімі білмей тұрса, білім саласында тер төгушілерге бұл да сын. 

Жалпы, қазіргі мектеп мұғалімі алымды да қарымды шәкірт шығару үшін білім берудің түрлі тәсілін меңгергені абзал. Дәл осындай қыж-қыж қайнаған заманда қызықтыра оқытпасаң білімге құлшынып, ізденіп тұрғандар шамалы. Жыл басында, яғни ақпан айының 5-24- жұлдызында осы мақсатты жүзеге асыруды көздеген педагогтерге арналған арнайы семинар өтті. Шараға музыка, көркем еңбек, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндері мен өзін-өзі басқару ұйымдарының мұғалімдері белсене атсалысып, біліктіліктері мен тәжірибелерін арттырып қайтты. Семинар барысында мұғалімдер өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, заман талабына сай оқушыларға білім берудің жаңаша тәсілдерін таразыға салды. 

Тәжірибе алаңында дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының көркем-эстетикалық шығармашылықты дамыту бөлімінің жетекшісі Ұлжанат Жакубаеваның жетекшілігімен «Көркем-эстетикалық пәндерді оқытудағы тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбында практикум өткіздім. Семинар-практикум барысында облысымыздың 8 аудан және 2 қаласындағы мектептерде дәріс оқыдым. 32 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз ретінде «Музыка пәнінен авторлық бағдарлама құрастырудың ерекшеліктері» және «Вокалды хор дикциясы» тақырыбында ізденісімді ортаға салдым. Семинар-практикумда авторлық бағдарламаны қалай жазу керек, сағат көлемі, қойылатын талаптар, пәнаралық байланыс, күтілетін нәтиже туралы өз әріптестеріммен тәжірибе алмастым. 

Шыны керек, жаңашылдық пен заманауи әдіс-тәсілді меңгеру әрбір мұғалімге міндет. Ізденіс арқылы бала шамшырағын жағуға ұмтылған ұстаздың еңбегі еленбей қалмайды. Облыс көлемінде өткен семинар-практикум нәтижесінде Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы М. Сүлейменовтің Құрмет грамотасын иелендім. Бұл да мені өзінше қанаттандырады. 

Ақтолқын ҚОЖАЕВА,
М. Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі