МАХАББАТСЫЗ ДҮНИЕ БОС

Уақыты: 16.04.2024
Оқылды: 198
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шын ғашықтар қосыла ма, қосылмай ма, ешкім кепіл бермейді. Бірақ, әрбір жұптың өзіндік бір ерекшелігі, ешкімге ұқсамайтын  тарихы мен екеуара түсінетін әлемі, сезімдерін жеткізетін жолы және өздеріне ғана мәлім құпиясы болады. Абай атамыз айтқандай, «Махаббатсыз дүние бос», өмірлік жұбыңмен өткізген әр сәт  соңғы демің қалғанша жадыңда қалады.


Қазақ тарихында ғашықтардың символына айналған жұптар жетерлік. Еңлік – Кебек, Сәлихан – Сәмен, Жібек – Төлеген, Қалқаман – Мамыр, Қозы Көрпеш – Баян сұлу  және Естай – Қорлан секілді махаббат дастандары қазақ әдебиетінің классикалық туындылары. Махаббат кейіпкерлерінің өмірлік жолдары әдеби шығармаларда асқан шеберлікпен суреттелді. Соның ішінде қайталанбас сезімдері мен махаббаттары боямасыз бейнеленген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасы менің жүрегіме өте жақын.  

Махаббаттың символына айналған «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» қазақ халқының мәңгі есінде қалды. Қос ғашық бір-біріне деген сүйіспеншілігін қанша білдірсе де қосыла алмады. Олардың махаббаты бүгінгі күнге дейін тақырыптан түскен емес. Қос ғашықтың құрметіне орай 2011 жылы 15 сәуір «ғашықтар күні» деп аталды.

Ғашықтар күнінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деп аталуының да өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, бұл уақытқа дейін дінімізге сай келмейтін, бізге жат «Әулие Валентин күнін тойлап келдік. Валентин күнінің, қайда, не үшін, қай елден келгенін білмей, түпкі тарихын зерттемей ауқымды тойлануы кімді болса да бейжай қалдырған жоқ. «Әулие Валентин күніне» деп жастар желіккенімен оның бізге еш қатысы және тәрбиелік мәні жоқ екенін аңғардық. Сол арқылы бұл біздің әдет-ғұрпымызға мүлдем сай емес мейрам екеніне нақты көз жеткізгесін бас тарттық. «Әулие Валентин күнінің» орнына «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» тойлау – орынды. Осыдан 5-10 жыл бұрын Валентин мерекесінде жігіттер ұнататын қыздарына түрлі жүрек тәрізді ашық хат сыйлайтын сол күнінің символы болды десек қате айтқанымыз емес. Мүмкін біз де Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ерекше бір символын ойлап табармыз?! Мысалы, қазақи өрнектегі орамал, әшекей-бұйым, нақышымызға сай, салтымызға жат емес өзіміздің түрлі қолөнерлерімізді символға айналдыруымызға болады.

Осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мейрамы арқылы біз өз құндылығымызды дәріптей аламыз. 

Қандай мереке болса да ұлттық сипат беретін, тағылымы мол шараға айналдыру сіз бен біздің қолымызда.

Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
ЖУ-дің студенті