"ЖАС МЕНЕДЖЕР" БАЙҚАУЫ

Уақыты: 15.04.2024
Оқылды: 264
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Табысты басшы» жобасы аясында Талдықорған қаласы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясында жалпы орта білім беру ұйымдары және шағын жинақты мектептердің жаңадан тағайындалған мектеп басшыларына арналған «Жас менеджер» облыстық байқауы өтті.


Байқаудың мақсаты  шығармашылықпен жұмыс істейтін мектеп басшыларын анықтап, қолдау, мадақтау және білім беру ұйымының жас менеджерлерін насихаттауды көздейді.

Атап айтсақ, жаңадан тағайындалған мектеп директорларының кәсіби құзыреттілігін жетілдіру үшін  жоба аясында нормативтік-құқықтық құжаттарға түсіндірме жұмыстары, оқу-тәрбие жұмысын жоспарлау, мектепішілік бақылау мен басқаруды тиімді ұйымдастыру, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда бағыт-бағдар беру, өзара тәжірибе алмасу семинарлары, диалогтік алаңдар, әдістемелік нұсқаулықтар берілді.  

Аталмыш шарада облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов сайысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. 

Байқау «Менің кәсіби көзқарасым», «Мектепті басқару моделі» және «Басқару жағдаяттарын шешу» атты 3 кезеңнен тұрды. Жарысқа жалпы орта білім беретін білім беру ұйымдарынан 9 мектеп басшысы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. 

Байқау қорытындысы бойынша Панфилов ауданы Головацкий атындағы орта мектебінің директоры Қазыбек Асқарбек пен Ескелді ауданы С. Сейфуллин атындағы орта мектеп директоры Ділбар Тамышева ІІІ орынға ие болды. Ал  ІІ орынды Кербұлақ ауданы Қосағаш орта мектебі директоры Нұркен Қалыбеков пен Көксу ауданы Мұсабек атындағы орта мектеп директоры Шолпан Нұрғазинова еншіледі. Қаратал ауданы Жамбыл атындағы орта мектеп директоры Назира Артықбаева жүлделі І орынды иеленді. Жүлдегерлер облыстық әдістемелік орталығының дипломдарымен, «Табысты білім беру ұйымының жас менеджері», «Шағын жинақты мектептің табысты жас менеджері» номинациясымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Айғаным АЙТМҰХАН