ОЛИМПИАДА МЕДАЛІН АЛҒАНДАРҒА БЕРІЛЕТІН СЫЙАҚЫ МӨЛШЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 324
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Париж Олимпиадасының басталуына аз уақыт қалды. Күні кеше Грекияның Олимпия қаласында 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының алауы ресми түрде тұтанды. Бұл ретте, дүбірлі додада жүлде алған қазақстандық спортшыларды қандай сыйақы күтіп тұр?


 

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің агенттік тілшісіне берген жауабында сыйақы мөлшері алдыңғы Олимпиададағы ынталандырумен салыстырғанда өзгеріссіз қалған. Инфляция есепке алынып, жүлде қоры арта түсе ме деп ойлап едік. 

– «Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларының (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың) мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшерін бекіту туралы» ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №156 бұйрығының негізінде Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне және олардың жаттықтырушыларына ақшалай көтермелеу көзделген, – делінген министрліктің ресми жауабында.

Сонымен, сыйақы мөлшері қандай?

1-орын: 250 000 АҚШ доллар; 

2-орын: 150 000 АҚШ доллар; 

3-орын: 75 000 АҚШ доллар;

4-орын: 30 000 АҚШ доллар; 

5-орын: 10 000 АҚШ доллар; 

6-орын: 5 000 АҚШ доллар. 

Айта кетейік, спортшылардың жаттықтырушылары да дәл осындай мөлшерде сыйақы алады.