78 жеткіншекке көмектесті

Уақыты: 01.09.2016
Оқылды: 1374
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұр Отан» партиясының Тал­ды­қорған қалалық филиалы «Мек­­теп­ке жол» республикалық қайы­рым­дылық акциясына бел­сене қаты­сып, 78 жет­кін­шектің жаңа оқу жы­лына толық дайын­дықпен ба­руына игі ықпал етті. Сондай игі­лікті іс-ша­ра­ның бірі партия ғи­ма­ратында өтіп, «Тұр­ғын­үй­құ­ры­лыс­жинақбанк» об­лыстық филиалы ди­рек­то­ры­ның орынбасары Қуан­дық Нұр­­ға­лиев көп­балалы Пого­ри­лый отба­сының жет­кіншегіне мек­теп формасы мен оқуға қажетті құ­рал-жабдықтар тар­­ту етті.

Н. Островский атындағы №8 орта мектебінің 4-сыныбында оқитын қызы Альбинаны жетелей келген Александр Погорилый жал­ғыз өзі жеті бала тәрбиелеп отыр­ған әке. Баласының 6-уы мектеп қа­бырғасында оқыса, кенжесі 5 жас­та. Төрт жыл бұрын балалар­дың анасы перзенттерінен бас тартып, әкелерінің қамқорлығына тастап кеткен. Александр По­го­рилый балаларын ешкімнен кем етіп өсірмеуге тырысып бағуда.

– Бізден де тұрмысы нашар, мұ­қ­таж отбасы баршылық. Солар көмекке көбірек зәру ғой деп ой­лаймын. Десек те, бірнеше баланы бір мезгілде мектепке толық дайын­­дау оңай емес. Осы­ны ес­кер­ген партия филиалы көпбалалы отбасы ретінде көмек жасауды ұйғарыпты. Партия филиалына да, демеушілік жасап отырған «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанкінің» қыз­меткерлеріне де алғысым шексіз. Қолымнан келгенше балаларым­ның қиындығын өзім көтеріп, жәу­тең­детпей өсіруге тырысамын, – деді қамқор әке.

Балаларына барынша шуағын төгіп, кейбір аналардың өзі бере алмайтын жылу мен мейірімді сый­лап отырған әкеге банк қыз­мет­кер­лері кішігірім сый жасап, ме­рейін асыра түсті.

– Әдетте акция аясында бала­ларға ғана тарту жасалып жатады, ал ата-анаға да қоса сыйлық беру бі­рінші рет орын алып отырған жайт, – деп атап өтті бұл қуа­нышты сәттің басы-қасында жүр­ген қа­­лалық партия филиалының кеңес­­шісі Элеонора Талданбаева.

Жалпы «Тұрғын­үй­құрылыс­жи­нақ­банк» жыл сайын акцияға үлес қосып, демеушілік көрсетіп келе­ді. Бұл ретте «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Мерқали Сағынышқа өткен жылы есепшот ашылып, 160 мыңға сертификат табысталғанын, жыл сайын банк қызметкерлері бір күндік жала­қысын сонда аударып отыратынын атап өткен жөн. Ол жасөспірімнің болашақта мемлекеттік бағдар­лама бойынша жеңілдікпен үй алуына мүмкіндік ашады.

Қалалық партия филиалының да ұйытқы болуымен осындай жар­қын бастама жүзеге асыры­лып, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған 25 балаға депозиттік есеп­шот ашылып, оған 1 302 191 теңге көлемінде салым салынған.

Балалардың болашағы үшін жасалып жатқан қандай іс болсын құп­тауға тұрарлық. «Ізгілікті істен із қалар» демекші, жақсылықтың ша­рапаты талай жанға шуақ ша­шып, жүректерін жылыта түсері анық.

Алма ЕСЕНБАЕВА