Сәбилер сарайы

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1582
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаңа оқу жылы басталар қарсаңында Қарасай ау­данында бүлдіршіндерге ар­нал­ған екі бірдей ба­лабақшасының ашылу сал­та­наты бо­лып өтті. Оның бірі аудан орталығы – Қас­келең қа­ла­сында мем­­лекет пен жеке бизнестің серік­тестігі бағ­дар­ла­масы аясында бой көтерген болатын.

Жеке үйлердің ортасында, жолдан оқшаулау орналасқанымен үш қабатты зәулім ғимарат алыстан көзге шалынады. Төбесіндегі «Атамұра» балабақшасы» деген жазу да жұртшылықтың назарын бірден өзіне аударатындай. Осыған қарап-ақ сәбилер мекенін салуды мақсат еткен жүрегі жомарт жандардың бұл мәселеге барынша жауапты қарағанын аңғарған едік. Балабақша ғимаратын талаптарға сай етіп толықтай жаңадан салған құрылтайшылар аула ішін де талғаммен жабдықтауға көңіл бөліпті. Жүретін жерге төселген түрлі түсті төсеніш тастар, балалар ойнайтын алаңдар, көздің жауын алатын гүлзарлар қамқор көңілдің айғағындай.

Бұл күні сәбилерін ерткен ата-аналар мен немерелерін жетектеген әжелер салтанатты рәсімге ерте жиналып үлгеріпті. Күні кеше ғана Ата Заңымыздың туған күнін тойлап, бүгін балабақшаның тұсаукесер рәсіміне келген жұртшылықтың жанарынан қуаныш лебі сезіледі. Мемлекеттік Әнұранды оң қолдарын жүрек тұсына қойып тұрып тыңдаған мереке қонақтарын алдымен аудан әкімі Махаббат Бигелдиев құттықтады. Ол ата-аналар мен балабақша қызметкерлерін осынау маңызды нысанның ашылуымен құттықтап, Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елімізде мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу міндетін орындау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. «Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар балабақшалардың күрт қысқаруына әкеліп соқтырғаны аға ұрпақтың жадынан кете қойған жоқ, – деді ол өз сөзінде. – Соның салдарын әсіресе Қарасай ауданынан анық аңғаруға болады. Оның сыртында, еліміз бен алыс-жақын шет елдерден келген қандастарымыздың Алматы қаласының төңірегіне шоғырлана орналасуы мәселенің шешімін қиындата түскен. Осылайша, жыл басында аудандағы сәбилерді мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету 59 пайызды құрады. Қыркүйек айында ашылуы жоспарланып отырған тағы 15 балабақша толыққанды жұмыс жасайтын болса, бұл көрсеткіш 70 пайызға жоғарыламақ. Бүгіндері ауданымызда өз шаруасын жолға қойған кәсіпкер азаматтар ұлт ертеңі үшін, ақыл-ойы жетілген саналы ұрпақ қалыптастыру мәселесіне бет бұра бастады. Бүгінгі балабақшаның ашылу салтанаты осының куәсі емес пе?! Сондықтан сәбилер сарайын салып, пайдалануға беріп отырған құрылтайшы Жанат Нұрдәулетқызына, демеушісі Луиза Ескендірқызына айтар алғысымыз шексіз. Арамызда осындай жандар көп болсын деп тілейміз!»

Келесі болып сөз алған балабақшаның құрылтайшысы Луиза Үдербаева жұртшылықты осынау қуанышты оқиғамен құттықтап, балаларға жақсы тәрбие мен білім беруге күш салатынына сендірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдырәлиевтен бата алғаннан кейін Луиза Ескендірқызы жаңа ғимараттың символдық кілтін балабақша меңгерушісі Флора Фатиқызына табыс етті. Ал, лента қию құрметі аудан әкімі Махаббат Сәдуақасұлы мен Сайлаубек ақсақалға бұйырды.

Міне, балабақша ішін аралайтын сәт те туды. Кең әрі жарық дәліздер мен бөлмелер тазалығымен, талғаммен жабдықталған әсемдігімен сүйсіндіреді. Бірден 260 бүлдіршінді қабылдай алатын, 15 топқа арналған үш қабатты ғимараттың жертөлесінде спорт залы мен музыкалық бөлме орналастырылыпты. Содан кейінгі қабаттарда ойын бөлмелері, мультимедиалық жабдықтармен қамтамасыз етілген интерактивті тақталар, ойнайтын және тынығатын бөлмелер сап құрған. Мұнда сонымен бірге балалардың сөйлеу мәнерін қалыптастыратын логопед бөлмесі, Монтессори арт-технология бөлмесі, медициналық қабылдау, асхана, кір жуатын блок, көкөніс қоймасы, қосалқы шаруашылық құрылымдары толықтай ескеріліп салынған. Балабақшада сәбилердің танымдық, көркем-эстетикалық және физикалық қабілетін дамытуға қажетті жағдайлар да туғызылған. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату арқылы жан-жақты дамыған, қоғамға бейімделе алатын ұрпақты тәрбиелеу мәселесі де ойластырылған.

Қазақ, орыс және ағылшын тілінде дәріс алатын сәбилердің би, таэквондо, каратэ, иогамен айналысып, қолөнермен, сурет салумен әуестенуіне де мүмкіндік туғызылған. Әзірге ата-аналардың жарналық төлемақысы 30 мың теңге төңірегінде болғанымен, мемлекет тарапынан берілетін көмекке қол жеткізгенде бұл сомма жартылай қысқарады деп күтілуде. Сондықтан жаңадан ашылған балабақшаға бүлдіршіндерін беруге үміттілердің қатары көп көрінді.

Дәл осы күні Қарасай ауданына қарасты Қырғауылды ауылында мемлекеттің қатысуымен бой көтерген «Ақ көгершін» балабақшасы да салтанатты түрде пайдалануға берілді. 1,5 гектар алқапқа орналасқан үш қабатты зәулім ғимаратты Батырхан Тоқтаев жетекшілік ететін «Құрылысшы – ТБС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аз уақыттың ішінде салып бітірген. Аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ауыл тұрғындарын осы бір қуанышымен құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманжан Мамырбаев ақ батасын берді. Салтанатты шараға жиналғандар 320 бүлдіршінге арналған балабақша ішін аралап көріп, игі шараны атқарған азаматтарға алғыстарын жаудырып тарқасты. Ең бастысы, арнады өз қаражатына балабақша салуға ниет білдіріп отырған азаматтардың қатары көбейіп келеді. Демек, таяу жылдары қарасайлық сәбилер мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтылады деуге негіз бар.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы.