ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1307
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана ғұмырлық», – деп атап өткеніндей, қастерлі ұғымдарды санадан сырт қалдырған емеспіз. Соған орай, жас жет­кін­шектердің заман талабына сай білім мен тәрбие алуына ұдайы жағдай жасалуда. Оған дәлел, Іле ауданына қарасты Боралдай ауылдық округінде 600 орынды жаңа мектептің ашылуы.

Аталмыш игі шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты. Ел­ба­сымыздың «Мәңгілік Ел» идеясы аясында бой көтерген білім ордасының ашылуымен құттықтап, облыс бюджетінің үштен бірі осы білім саласына бөлініп жатқанын атап өтті.

– Алып шаһардың іргесінде орналасқаннан қоныс­тану­шы­лар көп болады, оқушылар са­ны арта береді. Үш ауысымды жүйені жою үшін де заман талабына сай мектеп қажет. Енді, міне, боралдайлық оқу­шылар іші-сырты бірдей келіс­кен, кең де жарық, жақсы жаб­дық­талған сыныптарда білім алады. Бұл – олардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, еге­мен еліміздің өз Отанын сүйе­тін азаматы болып қа­лып­тасуына мүмкіндік береді, – де­ді облыс әкімінің бірінші орын­басары Лаззат Тұрлашов.

Айтулы мерекеге аталмыш елді мекеннің тұр­ғындары жи­налып, бұл қуа­ныштың тәуел­сіздік жемісі екен­дігін атап өтті. Ақсақалдар алқа­сының төра­ғасы Амангелді Үдер­баев ауыл тұрғындары аты­нан сөз сөйлеп алғыс білдірді.

Құрылыс жұмыстарын сәтті аяқтаған мердігер компания «СКБ Констрэкшен» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінің директоры Ержан Сар­құлов мектеп директоры Гүл­зи­ра Ижановаға білім ұясының кілтін табыстады. Сондай-ақ, салтанатты кештің маңызды сәтін күткен қалың көпшіліктің алдында Лаззат Махатұлы жаңа білім ордасының лентасын қи­ды. Шашу шашылып, қонақтар әсем де көркем безендірілген екі қабатты ақшаңқай ғимаратты аралап шықты.

Жалпы, мектеп құрылысына 1 млрд. 508 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Жауапты компания бір жыл ішінде өз жұмысын сәтті аяқтап, жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырып отыр. Мектепте физика, химия, информатика, лингафонды-муль­тимедиалық бастауыш сы­нып бөлмелері, кітапхана, спорт, акт залы, асхана, те­мір, ағаш өңдеу және тігін ше­берханалары да бар. Биылғы оқу жылында екі ауысымды жүйе­мен 800 бала білім алмақ. Бірінші жыл бол­ған­дықтан әзірше 9 сынып­тық болып отыр. Мектеп табал­ды­рығын жаңа аттаған бірінші сыныптар саны – 6. Сондай-ақ, 58 ұстаз білім береді. Жалпы, Іле ауданында биыл үш ауы­сым­ды мектептерді жою мақ­са­тын­да екі білім шаңырағы бой көте­рді. Бұл ауыл тұр­ғын­дары үшін зор қуаныш.

 Мақпал МЫСА

Іле ауданы.