Сапа басты көрсеткіш

Уақыты: 08.09.2016
Оқылды: 1392
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Жуық арада облыс орталығындағы бірсыпыра құрылыс нысандарында жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріледі. Осы аптада облыс әкімі Амандық Ба­та­лов сол нысандарды аралап шықты. Құ­ры­лыс жұмысының қарқынымен танысып, орын алған кемшіліктерге сын-ескертулер айтты.

Өңір басшысы алдымен Талдықорған әуежайына бар­ды. Осыдан 13 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмысы жүр­гізіл­ген әуежай енді толықтай жаңартылған. Наурыздың ор­та­сынан бері күрделі жөндеу жұмысы басталған нысанда «Нұр – Шапағат құрылыс» ЖШС жұмысшылары қар­қын­ды жұмыс істеуде. Бүгінде жалпы жұмыс негізінен аяқта­лып, тек VIP залдың құры­лысы ғана бітпеген. Бұл тура­лы мердігер компанияның бас директоры Қайрат Кереев аз уақытта аталған шаруаның аяқталып, жылына 26 мың жолаушы тасмалданатын ны­сан­ның қолданысқа бері­леті­ніне сенім білдірді. Десе де, нысанды толықтай аралап шық­қан өңір басшысы ғима­рат айналасын абаттандыру жұмыстарына мән беруді тап­сырды. Қоршауларды бояп, бүлінген жолдарды қалпына келтіру қажеттігін ескертті.

Мұнан соң Амандық Ғаб­басұлы қалаға кіреберіс тұс­тағы Еркін ауылы маңында салынып жатқан демалыс ор­ны­ның құрылыс барысымен танысты. Жобадағы кейбір артық тұстарға облыс әкімі түзету енгізуді тапсырды. Әрі жаңадан жасалған демалыс орнына лайықты ат қою мәсе­лесін жұртшылықтың талқы­сына салу керектігін білдірді.

– Бұл жер қаланың бет-бейнесі іспетті. Әуежайдан қалаға беттеген қонақтардың назары да алдымен осы дем­алыс орнына түсетіні белгілі. Сондықтан бұл араның жол бойынан қарағандағы көрінісі әдемі болуы керек, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Қаратал өзені жаға­лауын­дағы құрылыс алаңында да не­гіз­гі жұмыстар аяқталыпты. Ағаш көшеттері отырғызылып, жолға өрнек тастар төселіп жа­тыр. Осы ретте Амандық Ғаб­басұлы тастардың түр-түсіне, үйлесімділігіне мән беру қажет­тігін айтты. Әрі қыс түскенше біраз шаруаны тындыру үшін құрылысқа жұмылдырылған жұмысшылар санын арттыру керектігін міндеттеді.

Осы ретте Амандық Ғаббас­ұлы «Жастар» саябағын да ара­лап шықты. Заман талабына сай абаттандырылған демалыс ор­нын­дағы соңғы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Онда халықтың алаңсыз тынығуы үшін барлық қолайлы жағдай жасалыпты. Бүгінде саябақтың басым бөлігі жасыл желекпен көмкеріліп, Тянь-Шань шыршасы мен қара­ғайлар отырғызылған. Әртүрлі мәдени іс-шара өткізілетін орын­­­ның құрылысы да аяқтал­ған.

Ендігі ауқымды жұмыс­тар­дың бірі – саябақта ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерт­кішін тұрғызу мәселесі. Осы барыста әкім ақын ескерт­кіші­нің тұғыртасы орнатылған жерді көріп, оның айналасын барын­ша әдемі абаттандыру керектігін ескертті.

Осылайша облыс әкімі өзі­нің бір жұмыс күнін Талды­қорған қаласының жағдайымен танысуға арнады. Әсіресе, ол жұмыстың сапасына айрықша мән берді. Жіберілген қате­ліктерді сол жерде сынға алып, салаға жауапты орынбасарлары мен мекеме, басқарма басшы­ларына, құрылыс компания­сының өкілдеріне көрсетіп отыр­­ды. Сондай-ақ, көрсетілген кемшілікті белгілі уақыт шегін­де түзетуді тапсырды.

Қ. ӘБДІҒАПАР.