Өтегендегі өлке тойы

Уақыты: 29.10.2018
Оқылды: 1413
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Іле атауын иеленген бұл аудан – ұлан-ғайыр қазақ жерінің киелі де қастерлі бөлігі. Іле өңірінде қол бастар батырлар, сөз бастар билер мен қасиет дарыған әулиелер, ақындар мен жыршылар көптеп өткен. Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің 1928 жылдың қыркүйегіндегі шешімімен Алматы және Іле болыстықтарынан Іле ауданы құрылып, оның орталығы Садықбай ауылы, қазіргі Нұрғиса Тілендиев ауылы болды.

Ұлт көшбасшысы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі» деген болатын. Күні кеше аудан жұрты өткенін бағалап, таразылап, болашаққа бағдар жасап, 100 жылдық ғасыр тойын атап өтті. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, 90 жыл аудан үшін аз уақыт емес. Іле ауданының тарихын тұтас ел тарихынан бөліп алып қарауға болмайды.
Архив мәліметтері көрсеткендей, Алматы облысындағы ең байырғы өңірлердің бірі саналатын Іле ауданы бірнеше рет ірілендіріліп, таратылды. Оның орталығы да әлденеше рет ауысып, Шилікемер ауылынан бастау алған аудан орталықтары Қызыл Ту, Талғар, Николаевка, Қапшағай сияқты ауылдар мен қалаға жалғасып, Энергетик – қазіргі Өтеген батыр ауылына тұрақтады. 1967 жылы Іле ауданы Алматы облысының құрамына кірді. Міне, осы жылдан бастап аудан орталығы еліне ес, жауына сес болған Өтеген бабамыздың есімімен аталған елді мекенге тұрақтады.
Түпкі бабаларымызды айтпағанның өзінде Жоңғар шапқыншылығы кезінде елдік пен ерліктің үлгісін көрсетіп, жауына жасындай тиген Өтеген батыр, Байсерке батыр, Жәпек батыр, Жауғаш батыр, әулие, абыз Белағаш Ақұлы сынды би-батырларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес.

Дүбірлі мерейтойға жиналған халықтың есебінде сан жоқ. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов, аудан әкімі Бағдат Қарасаев бастаған аудан ақсақалдары мен Құрметті азаматтары, қонақтар ең алдымен Ауған соғысы және Үш ұрпақ ескерткішіне тағзыммен гүл шоқтарын қойды. Әкімшіліктен орталық стадионға дейін созылған ұзын көшенің бойына аудан шаруашылықтары мен өнеркәсіп орындары, әлеуметтік сала, мектептер мен аурухана, спорт, мәдениет мекемелері дайындаған көрме қойылды. Мұнда өңірдің ырысын тасытқан өнім атаулының бәрі бар. Ұлттық мәдени орталықтар тойдың көркін қыздырып салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық аспаптарда ойнап, ән салып, дөңгеленте би биледі. Одан әрі спорт орталығында салтанатты жиын басталды. Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов аудан жұртын дүбірлі тоймен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Аудан әкімі ел тарихына тоқталып, ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертті. 
Бағдат Әбілмәжінұлы өз сөзінде атақты Аңырақай шайқасына қатысып, қазақ сарбаздарының қолбасшысы болған, Абылай ханның сенімді серігіне айналған ерен туған Өтеген батырға алдағы Тәуелсіздік мерекесі күндерінде еңселі ескерткіш қойылатынын айтты. Елдің әлеуетін көтеріп, экономикасын еселеуде тер төккен еңбек ерлері «Іле ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді. Сонымен қоса бірқатар сала үздіктері Алғыс хатпен марапатталды.
Жері шұрайлы болса елі шырайлы келеді. 1928 жылы Шилікемерде құрылған бұл аудан кеңес кезінде де керегесін кеңге жайып, ырысын тасытқан өлке болды. Жалпы жер көлемі  779,6 мың гектар аумақты құрайды. 10 округ, 30-дан аса елді мекен бар. Іленің қос жағалауын жайлаған ел берекенің бесігінде тербеліп келеді. Әсіресе Тәуелсіздік жылдары тыңнан түледі. Бүгінде өңір облыс қазынасының 50 пайыздан астамын, яғни 85 миллиард теңгенің қаржысын құйып отыр. 210 мыңнан астам халқы бар, 30-ға жуық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. 
Ірі қаланың іргесінде өнеркәсібін өркендеткен ауданда 230-дан астам заманауи өндіріс ошақтары жұмыс істейді. Соңғы жылдары шағын кәсіпкерлік бойынша 1300-ден астам жаңа нысан ашылған. Ауылшаруашылығының да бәсі төмен емес. Іргелі үш құс фабрикасы мен 1400-ге  жуық шаруа қожалықтары тасын өрге домалатып, қомақты шаруа атқарып келеді. Мұны жәрмеңкеге әкелінген ет пен бау-бақша өнімдері айтып тұр.

Орталық стадиондағы салтанатты шара Өтеген батыр өнегесін ұрпаққа ұлағат ететін сахналық қойылымнан басталды. Іле топырағы талай батыр мен ақынды, жанына сұлу өнерді серік еткен дүлділдерді дүниеге әкелген киелі мекен. Жоңғарға қарсы шапқан Өтеген батыр, Жауғашты баһадүрлер мен күй перісі Нұрғиса Тілендиев, қоғам қайраткері Асқар Тоқпанов, Мұхаметжан Түймебаев, Заманбек Батталханов сияқты марқасқалар осы ауданның ғана емес, бүкіл Алаш жұртының мақтаныштары. Сонымен қоса көрнекті актер, республиканың еңбек сіңірген әртісі Әнуар Молдабеков, Қазақстанның халық артістері, сахна сардарлары Торғын Тасыбекова, «Гүлдер» ансамблінің негізін қалаған Гүлжихан Қалиева, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті басшылар Тоқаш Бокин, Жұбаныш Бәрібаев, Жексембек Құдайбергенов және Атымтай Қисанов, Тұрғанбек Қатаев, Қазтай Ұлтарақов, Серік Үмбетов, Сәт Тоқпақбаев, Қанат Саудабаев, Асқар Құлыбаев, Қалмұханбет Қасымов, Серікбай Нұрғисаев ағаларымыздың өнегелі істері ел жадында. Бұл тұлғалардың кейбірі ауданда тумаса да осы өңірдің көркеюі үшін ерекше атсалысты, ауданның тарихында өз есімдерін қалдырды.
Тоқсан жылдық торқалы тойда ілеліктер бағындырған белестері жайында мақтанышпен айтып өтті. Оның ішінде жасалған жол, жаңа салынған үй, есіктерін айқара ашқан мектеп пен аурухана бар. Өнер мен спорт жетістіктері де тізбеленді. Той думансыз болсын ба? Ән де шырқалды, би де биленді, күй де шертілді. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген осы. Заман жаңарды, қоғам жаңғырды. Көк Туымыз көкте желбіреп, көш жөңкіліп, күнкөріс жақсарды. «Біз осының бәріне куәміз», – дейді ауыл ақсақалдары. Қазыналы той қазанын жаңартып, бірлігі берекетін берсін деп тіледік. 


Мақпал МЫСА

Іле ауданы