АУҚЫМДЫ ШАРАЛАР ЖАЛҒАСАДЫ

Уақыты: 01.06.2016
Оқылды: 1945
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Садық Әбдіқадыров биылғы жылдың І тоқ­санында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Бүгінде партиялық жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты әлеуметтік топтарға бағытталған 9 жоба жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері «Сыбайлас жемқорлыққа жоқ ел – өркендеуші ел», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлы дала елі», «Кедергісіз келешек», «Сәтті қадам», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Бақытты балалық шақ», «Айқын тариф», «Жастар Отанға» сынды партиялық жобаларды бойынша 952 шара ұйымдастырылған.

Биылғы төрт айдың өзінде қоғамдық қабылдауға 1180 өтініш келіп түскен. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 238 қабылдау өткізіп, 224 азаматтың талап-арызына құлақ түрген. Айта кетерлік тың жаңалықтың бірі, «Қазпошта» АҚ-ның облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылды жерлердегі бөлімшелеріне және аудандық, қалалық партия филиалдарына бейне-байланыс орнатылған. Ол билік пен халық арасындағы байланыстың жақындығын арттырмақ. Садық Нұрсапаұлының айтуынша,   қоғамдық қабылдауға келіп түсетін талап-арыз бен өтініш-тілектің көбісі білім және денсаулық сақтау салаларына қатысты. Халық тарапынан түскен әрбір ұсыныс пен өтініш оң шешімін табады әрі назардан тыс қалмайды. 

Сондай-ақ, жиында партия филиалы төрағасының орынбасары жемқорлықпен ұсталып жатқандардың көбісі мемлекеттік қызметкерлер екендігін ашық айтты. Сондықтан да еліміздің бас партиясы қоғам дертімен күресті басты міндеттерінің бірі деп  санайды. Алдағы уақытта партия жобаларының аясында ауқымды шаралар жалғасын тауып, халық игілігі үшін жүзеге аспақ.

Меруерт Молдағалиева