Өнім Қытайға шығарылады

Уақыты: 16.11.2018
Оқылды: 1030
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алдағы екі жылда Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдерінің 20-дан аса түрі Қытайға экспорттала бастайды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Қытай Халық Республикасына жасаған сапары барысында Қытайдың Бас кеден басқармасының төрағасымен 2019 – 2020 жылдары Қытайға экспорттайтын ауылшаруашылығы өнімдерінің жиырма түрі туралы Жол картасына қол қойылды.

Бүгінгі таңда он үш тауар түрі бойынша он үш хаттамаға қол қойылды, тағы үш хаттама ҚР Премьер-Министрінің ҚХР-ға ресми сапары кезінде қол қоюға келісілді. Жаңа жиырма хаттамада құс шаруашылығының өнімдері және жылқы мен шошқа еті, сондай-ақ, союға арналған ірі, ұсақ мал бар. Өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша жаңа Жол картасына рапс, сафлор, қарақұмық, бұршақ, нут, күнжіт, көкөніс пен жемістердің кейбір түрі, жаңғақ пен пісте, тоңазытылған ет түрі, соның ішінде салқындатылған қой еті кірді.    
Сапар барысында қазақстандық делегация 130-дан аса ел мен ұлтаралық компаниялар қатысатын «CHINA INTERNATIONAL IMPORT EXPO» импорттық тауарлардың халықаралық көрмесінде болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық павильонында 30-дан аса компания ұсынылған, олардың негізгі бөлігі азық-түлік өндірушілер болып табылады.
«CHINA INTERNATIONAL IMPORT EXPO» көрмесі кезінде Өмірзақ Естайұлы Сауда және инновациялар форумына қатысып, халықаралық көрме қонақтарының алдында хабарлама жасап, Қазақстанның ауылшаруашылығына инвестициялаудың артықшылықтары туралы айтып берді.
Сауда және инновациялар форумында көрменің Ұлттық делегацияларының басшылары – Еуроодақ елдерінің Премьер-Министрлері мен министрлері, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) басшылығы, сондай-ақ, Microsoft Билл Гейтс және AliBaba Джек Ма негізін қалаушы атақты сарапшылар сөз сөйледі. 
Көрме барысында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басшылығының және облыстық әкімдіктер өкілдерінің қатысуымен Қытай мен Қазақстанның іскер топтарының екіжақты кездесулері өтті. B2B форматында өткен кездесу барысында Павлодар облысындағы қант зауытын салу мәселелері жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Ол үшін жақында Қазақстанға үш ірі қытайлық компания өкілдері келеді.
Сонымен қатар, «Qazaq capital partners» мен «Wudeli Flour Group Co. LTD” арасында Астана қаласында астық өңдеу және кеспе өндіру зауытын салу туралы меморандумға қол қойылды. Қытай компанияларының өкілдері Қазақстанның ауылшаруашылығы саласына үлкен қызығушылық танытып, одан әрі машина жасау, ет өңдеу, жемшөп өндірісі, логистика, сондай-ақ, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің сауда және маркетинг салаларына инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Аталған көрмеде Жетісу жерінің кәсіпкерлік әлеуетін «Қайнар АКБ» ЖШС мен «Лепсинск өнімі» ЖШС таныстырды. 
– Қытайлық компания өкілдерінің біздің балға деген қызығушылығы жоғары. Сұраныс тұрақты түрде жолданып тұрады. Осыған дейін серіктестерге 10-нан аса сыналатын өнімдер топтамасын жібергенбіз. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Өнімді экспорттау бойынша мәселемен айналысып жатырмыз, – дейді «Лепсинск өнімі» ЖШС-нің ҚХР бойынша өкілі Диас Серікбаев.
«Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан кәсіпорынның бірі. Аспанасты еліне бір жылдан аса уақыт аккумулятор жеткізіп келеді. Кәсіпорын өнім көлемін жылына 700 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.  
– Сапалы тауарларға сұраныс бар. Біздің өнімдердің өзіндік құны төмен. Сонымен бірге қазақстандық аккумуляторлар суық және ыстық ауа райына төзімді келеді, – дейді зауыт өкілі. 
Айта кетейік, ҚР 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық экспорт стратегиясында Қытай экспорттық қызығушылығы басым мемлекет болып анықталған. 
Алматы облысы ҚХР-ға кварц, аккумулятор, теміржол локомотивтерінің бөліктерін, ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді, шоколад, жүгері, жануарлар өнімін, құс жұмыртқасы мен минералды және газдалған суды тасымалдайды. 2017 жылдың мәліметтері бойынша бұл еліміздің Қытайға экспорттайтын тауарлар көлемінің 30 пайызын құрайды. Облыс кәсіпкерлерінің Қытаймен арадағы экспорт көлемі 29799,7 мың АҚШ долларын құрап отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Алматы облысы мен Қытай арасындағы экспортқа талдау жүргізіп, 10 әлеуетті тауарларды анықтады. Соның ішінде бес өнім бойынша Жетісу кәсіпкерлері Қазақтандағы жалғыз экспорттаушы болып табылады. 

 

Айгүл Байбосынова,
“Жетісу”