КАРЛ БАЙПАҚОВ ӨМІРДЕН ӨТТІ

Уақыты: 23.11.2018
Оқылды: 1028
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Белгілі ғалым, тарихшы, ҚҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карл Байпақов өмірден өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің әлеуметтік желісінде жариялады. 

 

Тарихшы 1940 жылы Талғар қаласында дүниеге келген. 

1964 жылы Ленинград мемлекеттік университетін тәмамдаған. 

Қазақстан Ғылым Академиясының Тарих, археологиялық және этнологиялық институтында кіші (1966–1971), аға ғылым қызметкері (1971–1973), бөлім меңгерушісі (1973-1988), археологиялық ортаның жетекшісі (1988–1991), институт директорының орынбасары (1991) қызметтерін атқарды. 1991 жылдан бері Археология институтының директоры.

Карл Молдахметұлы тарих ғылымдарының докторы, профессор (1995), Қазақстан Ғылым Академиясының академигі (2003) және ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі (1996), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998). 

Карл Молдахметұлының «Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық қала мәдениеті (VІ–ХVІІІ ғасырлар)» деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы көпшілік арасында резонанс тудырды. Қазақстанның ортағасырлық қалалары тарихын, қала мен дала арасындағы өзара байланысты зерттеп, ғылымдағы жаңа бағытты дамытты. Байпақов бірнеше халықаралық конференцияларға қатысты (Дрезден, 1984; Вашингтон, 1986; Токио, 1988; Париж, 1992; Бейжің, 1992).

ЮНЕСКО-ның ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық экспедициясына жетекшілік қызметін атқарды. (1991). Аталған ұйымның Орталық Азия тарихымен айналысатын Халықаралық ғылым комитеті мен «Ұлы Жібек жолы» Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі болды. 

Байпақов 22 монография, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық лауреаты (1986). «Парасат» орденімен марапатталған.

Ғалымның есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"