ТАБЫСЫ ТОЛАЙЫМ ЖЫЛ БОЛСЫН

Уақыты: 04.01.2019
Оқылды: 1126
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Әлемдік күнтізбенің тағы бір жаңа парағы ашылды. Өткенге өкпе артпайтын дана халық тарих қойнауына кеткен кезеңге салауат айтып, ит жылын толайым табыспен тамамдады. Ел көсегесін көгерткен берекелі уақыттың жемісі қаншалықты мол болса, келген жылдан да жұрттың күтер жақсылығы соншалықты телегей. Теңіздей толқыған көңілінен тебірене шыққан ізгі тілектер, өркениет көшінің кемел шыңынан еліміз тағы бір мәрте бой көрсетер уақыт болсын деген ақ еділ ниеттер Талдықорғандағы «Жастар» мәдени-демалыс саябағына жиналған жетісулықтардың көмейінен көкке өрлеп жатты.

 

   Иә, жеті қазынаның бірі саналған ит жылы Ұлы Дала еліне ырыс-құт, береке, толайым табыстар алып келді. Ал күнтізбенің ауысар сәтіндегі салтанатты шараны жалпақ жұрт болып тамашалаған жетісулықтардың пейілінен бұл жылдың да жақсылықтарға бастайтынын аңдадық. Әуелеген ән, сыңғырлаған саз, желмен тербелген жауқазын гүлдің буынындай майыса жанар арбаған әсем би  игі шараның көрігін қыздырды. Әлқиссасы театрландырылған көрініспен бастау алған жайдарлы кештің алғашқы сөзін алған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ өңір  тұрғындарына жүрекжарды лебізін арнады.
–  Жаңа жыл – жалпақ жұртқа жан шуағын сыйлайтын, жетістіктерге бастайтын, үкілі үміттердің орындалуына тың серпін беріп, жол ашатын жарқын мереке! Еліміздің мәртебесін тасытқан толайым табыстармен тамамдалған 2018 жыл біздің өңір үшін де мол қуанышпен есте қалады. Ал есігімізден енген жыл сол жарқын жетістіктерді молайтып, табысымызды одан әрі арттырар, береке мен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың өркен жаяр сәттерінің көп болуына жол ашар жыл болсын, – деген ақ еділ тілегін жеткізген өңір басшысы өз кезегінде жетістіктер мен көрсеткіштерге тоқталды. Астананың 20 жылдығы ел көлемінде тойланып, бас қаланың мерейтойына облысымыз «Жетісу» саябағын тарту етті. Қант қызылшасын өндіруден рекордтық өнім алынып, көркі көз сүйсіндірер жаңа театр сынды көптеген ғимарат бой көтерді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші еселеніп, сан сала бойынша жылды табысты қорытындылады. Көпшіліктің танымы бойынша «Талды-Париж» аталып жүрген Талдықорған қаласы ең үздік қала деп танылды. Осының бәрін ерекше тебіреніспен атап өткен өңір басшысы толайым табыс, жарқын жетістіктердің бәрі жетісулықтардың ортақ жемісі екенін атап өтіп, 2019 жыл да берекелі болатындығына сенім білдірді.
   Өз кезегінде Талдықорған қаласындағы ғимараттардың қасбетін мерекелік безендіру бойынша жүргізілген байқаудың нәтижесі таныстырылып, үздік шыққандарға шаһар әкімі Дастан Шалтабаев бағалы сыйлықтар табыстады. Айталық, жүлделі 1-орынды «Мәрмәр» мейрамханасы иеленсе, 2-орынды Талдықорған жоғары медицина колледжі, 3-орынды «Муамар» мейрамханасы еншіледі. Одан бөлек, «Ханшайым» мейрамханасы, «Халық Банк» акционерлік қоғамының Талдықорған филиалы, Алматы облысы «Мамандандырылған күзет қызметі» басқармасы мемлекеттік мекемесі, көпсалалы ауруханасы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, «Қазтелеком» АҚ-ның Талдықорған филиалы, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық полиция департаментіне ынталандыру сыйлықтары берілді.
   Салтанатты шарада көңілі көкжиекпен астасқандай ауанда жүрген жетісулықтар одан кейін Сүйінбай атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары мен шаһардағы талант иелерінің концерттік бағдарламасын тамашалап, қала зеңгірін самаладай жарық еткен отшашуларды қызықтады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.