Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

МӘСЕЛЕ: ЖАСӨСПІРІМДІ ЖҰМЫСҚА ЖЕКПЕҢІЗ

Уақыты: 13.06.2019
Оқылды: 250
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бала еңбегін пайдалану, қанау мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында республика көлемінде Дүниежүзілік балалар еңбегімен күрес күні атап өтті. Осыған орай жыл сайын маусым айында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн күрес» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі. Биыл балалар еңбегімен күрес күні «Еңбек етуден бос балалық шақ» ұранымен ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы бірқатар халықаралық құжаттарды қабылдап, соның аясында жұмыс істеуде. Бұл қатарда Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бала құқықтары туралы», ХЕҰ-ның «Жұмысқа қабылдаудағы ең төменгі жас мөлшері туралы», «Балалар еңбегінің ең ауыр түрлерін жою туралы» конвенциялары бар.

Кейінгі жылдары еліміздің әр өңірінде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, бала еңбегі мәселесі Қазақстанда өзекті болып тұр. Қалалық жерлерде кейбір жеткіншектер алақан жайып, қайыр, садақа сұрайды. Жекеменшік сауда орындарында, базарларда (өнімдер мен тауарлар жеткізумен шұғылданады), көлік жуатын жерлерде, автокөлікке техникалық қызмет көрсету бекеттерінде, жанармай бекеттерінде (жанармай құюшылар ретінде) жұмыс істеп, жүктерді тиеу мен түсіру жұмыстарына жиі жегіледі.

Науқан аясында облысымыздың барлық өңірінде маусым айында бала еңбегінің ең ауыр түрлеріне тартуды болдырмау мақсатында ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар қатыстырылған «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» кең ауқымды рейдтік, тағы басқа да шаралар ұйымдастырылды.

С. РАХИМБЕКОВА,

Алматы облыстық білім басқармасының бас маманы

Фото - ашық дереккөздерден