ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Уақыты: 09.09.2019
Оқылды: 840
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында елімізге керек маңызды міндеттерді атап көрсетті. «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» сынды елімізді дамыту жөніндегі қажетті бағдарламалық бастамалар мен маңызды мәселелер орынды көтерілді.


Менің ерекше тоқталғым келіп отырғаны – білім беру жүйесін жақсарту мен еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту мәселесі. 

Бүгінгі зейнетақы жүйесінің заң жобасы 1998 жылы қабылданғаны баршаға мәлім. Чили мемлекетіндегі зейнетақы қорын негізге ала отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өзіміздің зейнетақы жүйесін қалыптастырдық. Жаңа заң бойынша қазір әр адамның тапқан табысының он пайызы зейнетақы қорына аударылады. Сонымен қатар, зейнетақы қорына ерікті түрде қаржы  салуға да болады. Яғни, әркім өзінің жинаған қаражатын зейнетке шыққан уақытында алады. Оғанға дейін мүлдем басқаша болды. Мәселен, мен жұмыс істегенде ата-анам менің зейнетақы қорына салған жалақымды алып жүрді. Өзім баламның зейнетақы қорына салған қаражатын алуыма тура келді. Қазір шүкір, дамудың даңғыл жолындамыз. Тарих үшін қысқа мерзім болса да Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз биік белестерді бағындырды. Бүгінде Елбасының сарабдал, салиқалы саясатын Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғап келеді. Президентіміз қазыналы қарияларымызға барлық жағдай жасауда. Зейнетақы жүйесі де халықтың көңілінен шығады. Бірақ, зейнетақы қорына қаражат аударғандар қаржысын тек зейнетке шыққанда ғана алады. Олардың жинаған ақшасын қалаған уақытында алғысы келетіндігі хақ. Осыған орай  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатта, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын», – деді. Егер осы мәселе шешімін тапса бұл халық үшін үлкен көмек болары сөзсіз. Басында пәтері жоқ жандарға баспана бақыты бұйырса, енді бірі білімнің қайнар бұлағымен сусындар еді. Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту мәселесін барша жұрт қолдайды. Бұл – дамудың даңғыл жолының бір бөлігі деп есептеймін. 
Президентіміз Жолдауында білім саласына айрықша назар аударды. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды ұстаздар қауымы ерекше ықыласпен қабылдады. Жолдауда білім саласының барлық сатысы бойынша нақты міндеттер айқындалған. 

Мемлекет басшысы білім сапасын жақсарту бойынша біршама өзекті мәселелердің түйінін шешу керектігін тілге тиек етті. Соның бірі – білім мен біліктің, мәдениет пен барлық тәрбие атаулының ақ бастауы оқулықтардың жай-күйі. Кітап – білімнің қайнар көзі. Ол қай заманда, қандай қоғамда болмасын әрқашан құнды. Алайда кейбір оқулықтардың олқылыққа толы, сапасы төмен екенін жасыра алмаймыз. Қазір қай мемлекеттің болмасын, берік қамалы қарумен емес, біліммен қаланады. Ал білімнің көкжиегін кеңейту үшін бірізділік керек. Бұл мәселе бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев: «Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды», – деді. Және білім берудің барлық деңгейінде оқыту сапасын күшейту керектігін айтты. Президентіміздің бұл сөзі халыққа ерекше көңіл сыйлады. Өйткені мұғалімдер мен оқушыларға барлық жағдай жасалса, озық білім мен үздік тәжірибе сабақтасса, саланың, еліміздің дамуына ерекше үлес қосары анық. Сонымен қатар, бұл ауыл мен қала білімін теңестіруге жақсы жағдай жасайды деп ойлаймын.  

Еліміздің болашағы білімді жастарда. Әр оқушы сапалы кітап оқып, білімді болса біз алмайтын қамал жоғына сенімдімін. Сондықтан бұл Жолдауды ел келешегінің жарқын болуына бастайтын қадам деп білемін. Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Ұлттың әлеуетін арттыруда және озық әрі жаһандық көзқарасы бар болашақты тәрбиелеуде педагогтардан үлкен міндет талап етіледі. Осы артылған жүкті әр педагогтың жауапкершілікпен орындайтынына сенімдімін.

Сонымен қатар, Президентіміз ұстаздардың статусын көтеру мәселесін де алға тартты. Шыны керек, бүгінде баланың зердесін ашып, білім нәрімен сусындатып отырған жандардың беделі өте төмен. Біздің кезімізде көшеден ұстаздарымызды көрсек иіліп сәлем беріп тұратынбыз. Бұл қорыққандық емес. Бұл ұлы тұлғаға деген құрмет. Батыр да, ақын да ұстаздың алдынан өтеді. Кез келген дүниеде үйретуші болмаса, үйренуші жастың болашағы жарқын деу қиын. Яғни, әр талапкердің білімі ұстаздың еңбегі. Сондықтан, Президентіміз ұстаз беделін жоғарылату мәселесін қолға алғаны халықты қуантқаны анық. Аз қамтылған отбасы мен көпбалалы ата-аналардың балаларын оқулықпен, киіммен қамтамасыз ету мәселесі де өте жақсы көтерілді. Мұның бәрі іске асатын болса көптеген халықтың көкейінде жүрген мәселелер шешілетін еді. Ел болашағы өткенін танып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруден басталады. Сондықтан білімді жастарды тәрбиелеу бүгінгі күннің талабы. Келешек ұрпағымыз білімді, өнерлі болса еліміздің болашағы жарқын болмақ.

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, 
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы