Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ӘР СИЫРДАН 19 ЛИТР СҮТ САУЫЛАДЫ: ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА ОСЫНДАЙ ШАРУАШЫЛЫҚ БАР

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 283

Дала төсінде қызу еңбек. Шаруалар қарбалас жұмыстың бел ортасында жүр. Олардың қатарында Тастөбе ауылдық округіне қарасты «Тастөбе-Агрофуд» ЖШС да бар.

Шаруашылықта 1802 гектар жер бар. Оның 765 гектары егістік, 399 гектары шабындық, 638 гектары жайылымды алқап. Шаруашылықта 31 дана техника бар. Қырмандағы науқанға 3 комбайн, 5 астық тиейтін техника, 17 трактор, 6 автокөлік жұмылдырылған. Шаруашылық 2018 жылы 223 млн. 373 мың теңгеге 9 дана ауылшаруашылық техникасын сатып алды. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 624 млн. 955 мың теңге инвестиция тартылды. «Тастөбе АгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жайқала өскен жүгерілі алқаптың тең жартысы ірі қараның аса жұғымды азығы – сүрлем жасауға жұмсалады. «Тастөбе-Агрофуд» ЖШС басшысы Шыңғыс Ахметовтың айтуынша, өнім түсімі жаман емес.

– Шаруашылықтағы 500 гектар жерге жүгері егілген. Қазіргі таңда соның 150 гектарына орақ түсіп, мал азығына қажетті сүрлем дайындалуда. Гектар берекелігі 40 центнерден айналып отыр. Жүгерінің жартысын сүрлемге, жартысын дәндей жинаймыз. Қалған егінді қамбаға жинап алу үшін білек сыбана жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Шыңғыс Нұржанұлы.

Шаруашылықта 1181 бас мүйізді ірі қара малы бар. Нақтырақ айтсақ, 690 бас сиыр, 391 бас тана, 100 бас бұзауға жемшөп қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруашылық Германиядан асыл тұқымды «Симменталь» сиырларын әкеліп, жерсіндірген болатын. Бүгінде бұзау-торпақ көбейіп, мал басы өсе бастады. Былтырғы жылы қожалық қысқы мал азығына қажетті 4600 тонна сүрлем,  2400 тонна жоңышқа, 600 тонна табиғи шөп дайындады. Биыл да бұл межедеге жетуді жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, шаруашылық күніне 1500 тонна сүт өткізеді. Әр сиырдан күніне 19-22 литр сүт сауылады. Қыс мезгілінде мал алаңсыз қыстап шығу үшін 9 баз салынған.

А. ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы