АРЗАН БАҒАМЕН САТЫЛДЫ

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 859
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сенбі күні Алматы қаласының тұрғындарына Жетісудың дәруменге бай табиғи өнімдері ұсынылды. Жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қатысты.


Әлемде табиғи өнімге деген сұраныс жыл санап артып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, ірі мегаполистерде адам бойына қуат сыйлап, денсаулығын нығайтатын жеміс-жидек пен көкөністерді сатып алушылар көп. Алматылықтар асыға күткен ауылшаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі «Астана» алаңында  ұйымдастырылды.

Жәрмеңкеге аймақтың 17 ауданынан және Текелі, Қапшағай қалаларынан сапасы жоғары өнімдер арзан бағада сатылымға шығарылды. Облыстың жәрмеңкесіне «Жетісу» ӘКК тұрақтандыру қоры да атсалысты.

Кеңейтілген жәрмеңкеге жалпы салмағы 210,7 тонна болатын 53 түрлі өнім сатуға қойылды. Олардың ішінде 32,6 тонна ет, 10,7 тонна сүт және 10,3 тонна балық және 67,3 тонна көкөніс, 21,6 тонна жеміс-жидек, 41,1 тонна картоп өнімдері бар. Әрбір аудан, қала шаруалары арнайы бөлінген 120 шатырда өздерінің азық-түлік тауарларын нарықтағыдан төмен бағада ұсынды. Алматылықтарға жалпы көлемі 114,8 млн. теңгенің өнімі саудаланды.

Жәрмеңкеге арнайы барған Серікжан Іслям- ұлы мен Сапарбек Құрақбайұлы азық-түліктің ассортимент түрлерін, баға-бағамын көріп, тауар ұсынушылармен және сатып алушылармен тілдесті.

Айта кетерлігі, барлық өнім санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай, алаңдауға негіз жоқ. Сатушыларда өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болды.

Шара соңынан жетісулық өнер ұжымының концерттік бағдарламасы қойылып, алматылықтарға қазақ әнінен шашу шашты. Алатау баурайын әнге бөлеп, қала тұрғындарының мерейін өсірген өнерпаздар жәрмеңкеге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ