Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ИГІЛІКТІ ІС ЖАЛҒАСАДЫ": НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ ЖАМБЫЛ АУДАНЫНА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Уақыты: 11.09.2020
Оқылды: 1219

Нұрсұлтан Назарбаев қоры облыстағы ауруханаларға өкпені жасанды желдету аппараттарын жеткізді. Өкпені жасанды желдетудің 15 аппараты бар гуманитарлық көмек Жамбыл ауданының медициналық мекемелеріне берілді.

Аппараттар барлық халықаралық стандарттарға, сапа және қауіпсіздік талаптарына сай. Нұрсұлтан Назарбаев қорының вируспен күреске қосқан үлесін айтқан аталмыш қордың атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы: «Коронавирустық пандемия – барлық ел үшін күрделі жаһандық сынақ. Оны жеңу үшін мемлекеттердің, азаматтық қоғамның барлық институттарын күш-жігері мен өзара іс-қимылы қажет. Қор вируспен күресте көмек көрсетуден тыс қалмақ емес. Елбасының тапсырмасы бойынша елде карантиндік шаралар қабылданған алғашқы күннен қор дәрігерлерге үнемі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Олар қажетті медициналық-санитарлық құралдармен, оның ішінде вирустан қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді», – деді.

Айта кетейік, бұған дейін қор вируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, бетперделер мен дезинфекциялық құралдар сатып алуға 200 миллион теңге бөлді. Қор вируспен күрес шарасында көмек көрсетуді одан әрі жалғастырады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қорының баспасөз қызметі