АЗ ҚАМТЫЛҒАН ЖӘНЕ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР БАҚ СЫНАДЫ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1222
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласының «Өркен» спорт кешенінде «Жанұя» әлеуметтік орталығының ұйымдастыруымен «Әкем, анам және мен спортшымыз шетінен» атты байқау өтті. Онда аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бақ сынады.

Спортқа құмар, салауатты өмір салтын ұстанып өскен ұрпақ ата-анасынан қолдау болған сәтте өздерін сенімді ұстайтын болады. Сондықтан осы мақсатта «Жанұя» әлеуметтік орталығы былтырғы жылдан бастап жұмысын бастап, бүгінде орталыққа 2845 көпбалалы отбасы тіркелген.

6 кезеңнен тұратын сайысқа 6 отбасы қатысып, өздерін жан- жақты көрсете білді. Нәтижесінде бас жүлдені «Тұлпар» тобы ұтып алса, бірінші орынға «Қыран» тобы иелік етті. Екінші орыннан «Жалын» мен «Сұңқар» тобы көрінсе, «Болашақ» пен «Бірлік» тобы үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздарды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева мен облыстық мәслихат депутаты Баршагүл Ахатқызы марапаттап, әртүрлі сыйлық тарту етті.

Партияның «Бақытты отбасы» жобасының аясында біз балалар мен аналардың құқығын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіп келеміз. Балалардың бақытты, отбасылардың береке-бірлікте өмір сүруі біз үшін маңызды, – деген Гүлнар Қожағұлқызы аталмыш жарыстың маңызын айтып, келешекте де дәстүрлі түрде өткізілетінін жеткізді.

Әділет БАЛТАБЕК,
Ілияс Жансүгіров атындағы ЖУ-дің студенті