АУЫЛ МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛСІН! САЯЖАЙ ТҰРҒЫНДАРЫ ӘКІМДІКТІҢ ЕСІГІН ТОЗДЫРДЫ

Уақыты: 03.09.2021
Оқылды: 1735
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматымен шектесетін аудандарда мыңдаған адам саяжайдағы үйлерде тұрады. Кей саяжайларда газ, асфальт пен су құбыры жоқ. Бір жоқты бір жоқ табады демекші, оған мектеп, ауруханасын да қосыңыз. Осыдан барып тұрғындары сөзге құлақ түретін жанның жоғына ренішті болып жатады. Иә, әкімдіктің бұл мәселеден хабары бар, бірақ қала сыртындағы тұрғындардың мәселесін шеше алмайды: заң бойынша саяжай үйлері тек ауылшаруашылық мақсатына пайдаланылуы керек, сондықтан, ол жерге газ бен су тарту тұрғындардың өз міндетіне кіреді. Мәселенің мән-жайын "Жетісу" газетінің тілшісі зерттеп көрді.

«Весна» бау-бақша серіктестігі Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылы аймағында орналасқан. Тұрғындар саяжайға ауыл мәртебесі берілмегендіктен, мемлекет тарапынан қайыр-қолдаудың жоқ екенін айтты. Саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы сияқты әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы жоқ. Су кіргізуге немесе үйінің сыртын қаптауға көбінің мүмкіндігі жоқ.

Ауылдық округ әкімдігі өкілдері «Ауыл статусын бергенге адам саны жеткіліксіз» дегенді алға тартады. «Айта-айта Алтайды Жамал апам қартайды» демекші, саяжай тұрғындары да өз мәселесін көтеріп, еш нәтиже шықпағанына қынжылады. Құрғақ уәдеден де шаршаған көрінеді. Наразылықтарын кімге барып, кімге айтарларынан бейхабар. «Ауыл» статусын беру мәселесі де 1 жылдан асты, өз шешімін таппаған. «Халық саны аз» дегендері 2009 жылғы санақ бойынша. Одан бері көпбалалы отбасы санымен бірге халық та көбейді емес пе? Бұл туралы бізге саяжай тұрғыны Әйгерім Атакеева баяндап берді.

– Ең басты көтеріп отырған мәселеміз – ауыл статусын беру. Әкімдікке хат та жаздық. Тіпті, телеарна тілшілерін де шақырдық. Әкім барлық мәселемізді шешіп береміз деген-ді. Бірақ орнына басқасы келді. Ол әкім жұмысына кірісіп, ауыл-ауылды аралап жүр. Жаңашар, Бәйтерек ауылына барды. Әлеуметтік желіге жазғанымызда: «Саяжай массивін де аралаймын», – деген жауап алып едік. Бірақ ол келмеді. Жанымыздағы ауылдардың жағдайымен танысып қана қайтты, – деді ол. Оның айтуынша, халық саны аз дегені 10 мыңнан артып жығылады.

– Мектеп жасындағы оқушы саны 800 баланы құрайды. Үй-үйді аралап, санақ жүргізетін қызметкердің өзі «10 мыңнан асады тұрғын саны» деп айтты. Бізде көпбалалы отбасы көп. Бір саяжайдың өзі үшке бөлініп тұр. Бір бөлігі Ават ауылына, бірі Бәйтерек, енді бірі Жаңашар ауылына қарайды, – дейді тұрғын.

Аудан әкімдігінен келген жауап та ресми жазылған. Онда: «Кемінде 2 мың халқы бар, жыл сайын емделу және демалу үшін келетіндердің саны кемінде олардың жартысын құрайтын, емдік маңызы бар жерлерде орналасқан елді мекендер де кенттерге теңестіріледі; оларға қала тұрғындарының жазғы демалыс орындары болып табылатын, ересек халықтың кемінде 25 пайызы ауылшаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын саяжай кенттері де жатады. Ауыл – халқының саны кемінде 50 адам болатын елді мекен», – деп «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтың құрылысы туралы» Заңына сүйене отырып жауап берілген. Бұл хаттан бір түсінбегеніміз: «50 адам болатын елдік мекен» деген сөйлем. Қателесіп кеткен шығар. Десе де, 50 деп тұрғаны 5 мың ба әлде 50 мың ба сол жағы белгісіз.

Асан Қайғының «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер» дегенін «Мектебі жоқ, ауруханасы жоқ, Ауыл қайтіп күн көрер» деп түрлендіру керек сияқты. Алдымен мектептің әңгімесінен бастағанымыз жөн болар.

– 800 балаға арнап 2 автобус шығарған. Бірақ оған олар сыймайды. Сондықтан оқушылардың көбі мектепке таксимен баруға мәжбүр, – дейді «Весна» саяжайының тағы бір тұрғыны.

Саяжай балалары білім алып жүрген Жаңашар ауылындағы мектеп 1000 оқушыға арналған. Соның 800 орнын бау-бақша массивінің баласы толтырып тұр. Тұрғынның сөзіне қарағанда, балалар автобусқа сыймай, сыйғаны сығылысып, мектепке әрең жететін сияқты. Таңертең кеткен оқушылар көлік тапшылығының кесірінен кешкі сағат 8-де үйіне қайтады. Ал 8-де басталатын сабаққа 7-де шығады. Алыста тұратын оқушылар 6:40-тан бастап автобусты күте бастайды. Өз жолымен баратын болса, 3 «пересадкамен» такси ұстайды. Оған әр адам басына жоқ дегенде 600 теңге кетеді.

– Автобустардың қыста жүруі қиын. Сондықтан балалар таңертең сабаққа кешігіп келсе, кешке 8 жарымда үйлеріне қайтады. Тіпті, кей күндері бір ғана автобуспен қатынайтын да кездері бар, – дейді саяжай тұрғындары.

– Саяжай массивінің тұрғындары көп нәрсе сұрамайды. Шағын ғана амбулатория салып, терапевт пен педиатр дәрігер қызмет етсе болғаны. Өйткені, ауруханаға барғанша, «Жедел жәрдем» келгеше 1 күн кетеді екен. «Ауруханаға бару үшін үлкен тас жолға шығамыз. Одан кейін Жаңашардың қиылысына дейін көлік тоқтатамыз. Ары қарай Жаңашардың өзіне такси ұстап қана жетеміз. Өз басымнан өткені: осыдан бірнеше жыл бұрын 4 балам бірдей ауырып қалды. Жолдасым болса жұмыста. Астымда көлік те жоқ. Балаларым арасы 2 жастан. Әлі кішкентай. Ауырған баламен ұзақ тосып 3 рет көлік ауыстырып әрең дегенде жеттім. Онымен қоймай, ауруханада кезекті ұзақ тостым. Осы оқиғадан кейін аудан әкімдігіне хат жолдадым. Әкімге жолығып, жағдайымызды да түсіндірдім. Сол кездегі әкім: «Амбулаторияға 60 соттық жер ғана кетеді. 3-4 ай ішінде салып береміз», – деп уәде еткен еді. Ол әкімнің сөзі құры сөз болып қалды. Орнына жаңа әкім келді, – дейлі жоғарыда аталған «Весна» саяжайының тұрғыны.

Дана халқымыз: «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Аталған саяжай массивінің тұрғындары таза суға зәру болғалы қашан?! Тіпті, су мәселесі балтыр сыздататындай дәрежеге жеткен. Су алатын ұңғыма (скважина) қазып үйлеріне су кіргізген. Бұл екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін әдіс. Таза суды шығару үшін жұмысы, құбырын сатып алғанға 250 мың теңге кетеді. Суармалы су болса 6 айда келеді. Су қысымы да аз. Қыстың күні тіптен сусыз отыратын күндері болатын көрінеді.

Жауапты мекемелерге шағымданып та көрген. Айтар жауабы: «25 млн.теңге жинаңыздар. Сіздер саяжай массивіне жататындықтан мемлекет тарапынан ешқандай қаражат бөліндейді. Суды қазып, басқа жақтан шығарып береміз». Айтылған 25 млн.-ды жинау үшін үй-үйді аралап, түсіндіріп, көп жұмыс істеу керек. Бұл – бір. Екіншіден, әрқайсысына шаққан қаражатты барлығының қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне оған әркім көне бермейтіні тағы бар.

– Көршімнің үйі шіліңгір шілденің ыстығында өртеніп кетті. Жөндеу жұмыстарын енді бітіп, кең үйге қуанып үлгергендерінше болмады тілсіз жау алды да кетті. Келген өрт сөндірушілерде су жоқ. Олар саяжайға келе жатқанын, су мәселесі қол байлап тұрғанын біледі емес пе? Отты ауыздықтауға 3 көлік келгенінен не пайда, 4 баласы бар отбасы баспанасыз қалса? Бір мезетте даладан бір-ақ шықты. Мүмкін су болғанда бұл отбасы үйсіз қалмас па еді деген ой келеді. Крандағы суды шашайық десек, судың «напоры» жоқ, – дей келе тұрғын су қысымын реттеу жағын да өздері бір жақты қылуға тырысқандығын айтады.

Саяжайлықтардың айтуынша былтыр су қысымы мүлдем жоқ болып кеткенде әр отбасы 10 мыңнан жинап, су сорғысын (насос) орнатқан. Соның салдарынан қазіргі таңда су мұнарасын толтыру үшін су белгілі бір уақытта өшіріп отырады. Онымен қоса үй жанында қазылған су ұңғымасы да тартылып қалған. Басқа жерден қазып көрейін десе, судың шығу-шықпауы белгісіз.

Өз мәселесін өздері шешіп үйреніп қалған ауыл тұрғындары ешкімге жалтақтамайды. Мүмкін сөздеріне сенбейтіндей халге жеткен болар. Мысалы, электр бағаналары апатты күйде тұр. Жаңашар ауылы әкімінің орынбасары «бір жерде бағаналар бар, соны береміз» деп те айтқан көрінеді. Күте-күте шаршаған қараша халық 25 мыңнан жинап, өздері сатып алып қойған. Себебі әркім өз өміріне, үйіне, техникасына алаңдайды. Күндерін әрең көріп отырғанда солардан айырылып қалмасақ дейді. Енді дайын бағаналарды орнату үшін техника керек. Оған да қосымша қаражат жинаған.

Мұнымен қоймай массивке жақын маңда тауық фермасы бар. Иісінен демалу мүмкін емес. Тіпті, ауыл ішін алып кетеді. Осыны айтып, наразылықтарын білдірсе, ферма басшысы ешкімнің сөзін тыңдағысы келмейтін көрінеді.

Қай жауапты мекемеге хабарлассаң да, алар жауабың біреу. Ол: «Саяжай – кооператив. Кооператив болғандықтан, ішкі мәселелерін өздері жиналыс жасап шешеді. Кооператив болған соң, оларға мемлекет қаражат сала алмайды, ештеңке істей алмайды. Олардың уставында да жазылған. Жолдары бар, светтері бар, бас қосып, жиналыс жасап шешетін нәрсе. Мараторий өз күшін жоймай немесе ауыл статусын алмайынша қолымыздан келер шара жоқ».

«Весна» саяжайы тұрғындарының да ең басты шағымы – «ауыл мәртебесін алу». Бұл мәселе республикалық деңгедейде қолға алынбай, шешімін табуы екіталай. Қалғаны уақыттың еншісіндегі дүние.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды