ЗЕЙНЕТАҚЫДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР САЛЫМШЫ МҮДДЕСІ ҮШІН ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

Уақыты: 19.11.2021
Оқылды: 1430
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Республиканың барлық өңірінде дерлік шектеу шарасының сақталуына қарамастан БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шотына жарналар түсіп жатыр. Биылғы инвестициялық табыс өткен жылдың көрсеткіштен асып түсті. Қор салымшылары мен алушыларға өз шоттарын бақылау және басқа да зейнетақы қызметін алу мүмкіндігін жеңілдету үшін барынша заманауи әрі ыңғайлы қызметтер ұсынуда. Бұл туралы бізге «БЗЖҚ» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Қанат ИСАЕВ айтып береді.

– Қанат Нұрлыбекұлы, ағымдағы жылы зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Олардың ең негізгісіне тоқталып өтсеңіз?

– Ең көп талқыланатын тақырыптың бірі – қазақстандықтардың өз жинағының бір бөлігін ағымдағы кезек күттірмейтін қажеттілікке, атап айтсақ, тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге пайдалану құқығы. Сондай-ақ, салымшыға инвестор болу – инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау және оған өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін аудару мүмкіндігі пайда болды. Жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану және инвестициялық портфельді басқарушыға аударудың басты шарты – жинақтардың жеткілікті шегінен асатын бөлігінің болуы. Бұл мүмкіндікті көптеген жыл тұрақты түрде (қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне биыл 23 жыл) аударымдар жасап және зейнетақының ең төменгі мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті соманы жинақтағандар пайдалана алады. Зейнетақы жинақтарының ұлғаюы мен ұзақмерзімді пайдалануға БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері әдістемесі, ерікті зейнетақы жарналарын ашу және төлеу шарттарының өзгеруі де оң ықпал етуде.

– Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану үдерісінде БЖЗҚ-ның атқаратын рөлі қандай?

– БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинағы бар тұлғалар оның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін пайдалана алады, ол үшін:

Біріншіден, жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы жинақталған зейнетақы қаражатының ең аз жеткілікті шегінен асып түсуі тиіс. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы мен жинақталған зейнетақы қаражатының ең аз жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауға тиіс;

Екіншіден, отставкадағы судьялар үшін зейнетақы мөлшері ҚР Үкіметі бекіткен тәртіппен айқындалатын 40 пайыздан төмен емес деңгейде алушының орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз етіледі. Орташа айлық табысты алмастыру коэффициентін есептеу кезінде алушының зейнетке шығу күнінің алдындағы, бірақ республика бойынша орташа айлық табыстан аспайтын табысы ескеріледі. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс;

Үшіншіден, сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасағандардың біржолғы зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының (алушының) жеке зейнетақы шоттарындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы қаражатының мөлшерінен аспауға тиіс.

Осылайша, азаматтардың өз пайдасына немесе жұбайы, жақын туыстарының тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе олардың емдеуіне ақы төлеу аталған шарттардың біріне сай келуі жеткілікті.

Ең алдымен, азаматтар зейнетақы жинағын тексеріп, БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотында алуға қолжетімді соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс. Оны Қордың enpf.kz корпоративтік сайтындағы жеке кабинеттен, сондай-ақ, БЖЗҚ жаңартылған мобильді қосымшасы арқылы биылғы қаңтар айынан бастап алуға тиісті  соманы онлайн режимінде тексеру мүмкіндігі бар. Зейнетақы жинағы туралы қажетті мәліметтерді egov.kz порталы арқылы да алуға болады.

Жинағын тексергеннен кейін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану туралы шешім қабылдаған салымшы (алушы) арнайы шот ашу және электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беру үшін уәкілетті операторға интернет-портал арқылы жүгінуі тиіс. Төлем жасауға өтініш берген кезде салымшы (алушы) біржолғы зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін өзі таңдауы тиіс (жарналарды БЖЗҚ-ға аударған кезде ЖТС алынбайтынын естеріңізге саламыз) және  төлем сомасын бірден толық көлемде немесе кейінге қалдырылған кезеңде (зейнетақы төлемдерінің кестесі бойынша зейнетақы жасына жеткен кезде ай сайын тең үлестермен) ұстап қалу керектігін өздері көрсетеді. Уәкілетті оператор екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді. Оны алғаннан кейін Қор 5 жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының (алушының) біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ол өз кезегінде оны салымшының (алушының) арнайы шотына жібереді.

Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы уәкілетті операторда (егер бұл «Отбасы банк» АҚ болса) ашылған салымшының (алушының) арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде болуы мүмкін. Осы мерзім ішінде уәкілетті операторға нысаналы мақсаттарға арналған құжаттар ұсынылуы қажет. Олар көрсетілген мерзімде берілмеген жағдайда біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына қайтарылады.

Азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мәселесі жөніндегі барлық өтінішін уәкілетті оператор «бір терезе» қағидаты бойынша қарайды және азаматтар тарапынан БЖЗҚ-ға жеке өтініш жасау талап етілмейді.

Қараша айының басына қарай БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 485772 өтініш орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына 1,96 трлн. теңге аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы  4,0 млн. теңгені құрады.

Алматы облыстық филиалы биылғы 2 қарашаға дейін осы  біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен үй жағдайын жақсартуға 10343 салымшының 26,67 млрд.теңге көлеміндегі өтінішін қанағаттандырды. Осыған сәйкес үй жағдайын жақсартуға қолданылған сомалардың орташа мөлшері 2,5 млн. теңгені құрады. Айта кетейік, өтініш берушінің өтініші бойынша және өзге де себептерден біржолғы зейнетақы төлемін белгіленген мерзімде пайдаланбауына байланысты шамамен 270,5 млрд.теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шотына (ЖЗШ) қайтарылды. Сондай-ақ, БЖЗҚ жалпы сомасы 54,0 млрд. теңге болатын 59464 өтінішті орындады.

Бұл ретте алымдардың орташа сомасы 0,9 млн.теңге болды. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-ға уәкілетті оператордан («Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 7,9 млрд.теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. Алматы облысы бойынша, 2 қарашаға дейін зейнетақы жинақтарын емдік шараларға қолдану үшін берілген 1194 салымшының 1,120 млрд. теңге көлеміндегі өтініші орындалды. Аударылған соманың орташа мөлшері 938000 теңгені құрады.

– Әрине, тұрғын үй алуға және емделуге алынған біржолғы төлем болашақ зейнетақының мөлшеріне әсер етуі мүмкін. Зейнеткерлікке шыққан кезде салымшы үшін біржолғы зейнетақы төлемінің салдары қандай болуы мүмкін?

– Жинақтардан алынған кез келген біржолғы төлем салымшының болашақ зейнетақысына әсер етуі ықтимал. Болашақта ол біржолғы төлем алу мүмкіндігін пайдаланбаған салымшыға қарағанда төмен зейнетақы алатынын да есте ұстаған жөн. Сондықтан нақты шешім қабылдамас бұрын мұқият ойланған дұрыс.

Зейнетақы жинақтарын алуға мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілігінің шегі әрбір жас үшін, тым болмағанда ең төмен жалақыдан тұрақты жарналар кезінде салымшы өзінің жеке зейнетақы шотында базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшерін алып тастағандағы (2021 жылы  43 272 теңге) бір ең төмен зейнетақы мөлшерінде БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді алу үшін жеткілікті сомаға (2021 жылы 18524 теңге) ие болатындай етіп есептелген. Басқаша айтқанда, Қордан берілетін ең төменгі ай сайынғы төлемдер биылғы есеп бойынша 24748 теңгеден кем болмауы мүмкін. 

Болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін БЖЗҚ-ның болжамды зейнетақы калькуляторы (enpf.kz сайтында немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында) арқылы болжауға болады. Ол көп деңгейлі зейнетақы жүйесіндегі мемлекеттік бюджеттен берілетін базалық төлемнің және жасына байланысты зейнетақының (ортақ зейнетақының) болашақ мөлшерін, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін (міндетті зейнетақы, міндетті кәсіптік зейнетақы және ерікті зейнетақы жарналары есебінен) жинақтаушы зейнетақыны есептейді.

БЖЗҚ-дан төленетін болашақ төлемдерді есептеу табыс деңгейін ескере отырып, үш (пессимистік, шынайы және оптимистік) сенарийде  ұсынылған. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты (яғни, болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын шегергенде) құндық мәнде ұсынылады. Есептеулер салымшының нақты жинағына негізделеді (деректер калькуляторға жеке кабинеттен жүктеледі) және өз зейнетақысын жоспарлауға мүмкіндік береді, соның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін алу кезінде оның қаншалықты азаятынын көрнекі түрде көруге болады.

Сондықтан зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдалану салымшылардан қаржылық сауаттылықты, зейнетақыны бағалау қажеттілігін, оның артықшылығы мен кемшілігін мұқият зерделеуді талап етеді. 

– Осыған байланысты зейнетақы жинағын басқарушы компанияларға аудару тақырыбын қозғағым келеді. Бұл жаңалық салымшылар арасында танымал ма?

– Биыл қаңтардан бастап азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін де пайдалану құқығын беретін заңнамалық нормалар күшіне енді. Бұл зейнетақымен қамсыздандыру нарығында қосымша бәсекелестік тудырып, БЖЗҚ салымшыларына өз жинағын қалауынша инвестициялауға мүмкіндік берді. Яғни, ақша жүйеден шығарылмайды, сонда қалады және көбейеді. Басқарушы компанияны таңдау үшін, мүмкіндігінше, оның қызметімен танысу керек. Негізгі ақпарат – инвестициялық декларация, комиссиялық сыйақы туралы мәлімет БЖЗҚ сайтының «Қызметтер» бөлімінде орналастырылған.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы төрт ИПБ-мен, атап айтсақ, «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ-мен келісімшартқа қол қойды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерлер инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ-лардың комиссиялық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына көп дегенде бір-ақ рет өзгертіледі.

Бүгінде БЗЖҚ қоры салымшыларының шоттарында шамамен 13,1 трлн. теңгеден астам зейнетақы жинағы бар.

Жарналардың барлық түрі бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотының саны 11,7 миллион бірлік.

Биылғы 1 қаңтар мен 1 қазан аралығындағы таза инвестициялық табыс 1,1 трлн. теңге.

Жыл басынан бері  БЖЗҚ өз салымшыларына 2,1 трлн. теңгеден астам қаражат төледі.

1 қазандағы жағдай бойынша Алматы облысында міндетті зейнетақы жарнасынан қалыптасқан, жалпы жинағы 570 млрд.теңгені құрайтын 738207 жеке зейнетақы шоты, міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасынан қалыптасқан, жалпы жинағы 3,7 млрд.теңгені құрайтын 11026 жеке зейнетақы шоты және ерікті зейнетақы жарнасынан қалыптасқан, жалпы жинағы 44,7 млн. теңгені құрайтын 2 654 жеке зейнетақы шоты бар.

Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ-ға аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш беруі керек. Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне барып беруге болады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидасында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралына инвестициялайды.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық банктің басқаруында болатын зейнетақы жинағына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда  мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептеледі.

Басқарушы компаниялардың қандай табыс табатыны туралы ақпаратты салымшылар сайттағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан алатын өздерінің зейнетақы шотынан үзінді көшірмеде көрсетілетін мәліметтер арқылы қадағалай алады. Әрбір ИПБ-ның инвестициялық қызметіне жалпы шолу enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде жарияланады. Зейнетақы активтері ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін салымшы БЖЗҚ-ға өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне сенімгерлік басқаруға беру туралы жылына тек бір рет  өтініш беруге, БЖЗҚ-ға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинағын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға (зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтініш беруге құқылы. Салымшының зейнетақы жинағы зейнетақы жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын Ұлттық банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады. Биылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша шамамен 5,4 млрд. теңге аударылып, БЖЗҚ  2912 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы 1,9 млн.теңге.

– Биылғы ең көп талқыланып жатқан тақырыптың бірі – БЖЗҚ-дан төлем жасау әдістемесінің өзгеруі неге байланысты енгізілді?

– Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін қолданыста болған әдістемеге сәйкес  БЖЗҚ-дан кесте бойынша зейнетақы төлемінің ай сайынғы сомасының мөлшері жыл сайын қайта есептеліп, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинағының қалдық сомасын олардың ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісінің он екіден бірін құрады. Ағымдағы құн коэффициенттері 2000 жылдардың басында өзекті болған өмір сүру ұзақтығы, кірістілік, тағы басқа өлшемдерді ескере отырып айқындалды.

Алайда зейнетақыны жоспарлаудың әлемдік тәжірибесін, әлеуметтік және демографиялық факторды ескере отырып бұл өлшемді жаңарту қажеттілігі пісіп-жетілді. Мысалы, Қазақстанда алушының зейнеткерлік жастан бастап (2021 жылы ерлер – 63 жас және әйелдер – 60 жас)  күтілетін өмір сүру ұзақтығы ерлер мен әйелдер үшін, тиісінше, 80 және 82 жасты құрайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарының неғұрлым ұзақ мерзімге төленуі жайлы мәселе туындады. Мұнымен қатар қауіпті және зиянды сала қызметкерлері, мүгедек азаматтардың жекелеген санатының ерекшелігін ескеру қажет. Өйткені, олардың өмір сүру жасы еліміз бойынша орташа көрсеткіштен өзгеше. Сондықтан арнайы санаттағы алушылар үшін көтермелеп түзету коэффициенті қарастырылған.

Мұның барлығы жаңа әдістемеде көрсетілген, соған сәйкес биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемін жүзеге асырудың біржылдық сомасы зейнетақы жинақтары төлемінің 6,5 пайыз мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болды. Содан кейін бұл нәтиже 12-ге бөлінеді, сол арқылы біз БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем мөлшерін аламыз. Келесі жылдары жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі 5 пайыз өсетін болады.

Жыл басынан бастап БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері өсті. Егер бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құраса, қазір 70 пайызын  (немесе 24011 теңге) болды. Осылайша, көптеген алушы үшін төлем мөлшері артты.

2018 жылдың 1 қаңтарына дейін БЖЗҚ-дан төлемдерді ала бастаған азаматтар үшін зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.  

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға (қоса алғанда) дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес  2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемі зейнетақы төлемін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне ұлғайып отырады. Кейіннен жыл сайын индекстеліп отыратын болады.

Осылайша, жаңа әдістеме индекстеудің болуына байланысты азаматтарға кейінгі жылдары зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың түсінікті, қарапайым және болжамды тәртібін қамтамасыз етеді. Бұл азаматтардың жеке қаржысы мен отбасылық бюджетті жоспарлау кезінде маңызды.

– Болашақ зейнетақымызды көбейтудің маңызды құралы – ерікті зейнетақы жарнасы (ЕЗЖ) туралы білгім келеді. Бұл бағытта қандай өзгеріс болды?

– ЕЗЖ төлеудің артықшылығының бірі – салық заңнамасында жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі. Бұдан басқа, биылғы 1 қаңтардан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы  негіз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) Қор кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемесі, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметті БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйесінен алады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемін біріншіден, елу жасқа толған, екіншіден, мүгедек болып табылатын, үшіншіден, шетелге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасынан кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжатты ұсынған жағдайда, төртіншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарнасы мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомасы шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинағы бар адамдар зейнетақы қорынан зейнетақы  алуға құқығы бар. Төртінші санат  биылғы 1 мамырдан бастап енгізілді. Осы жаңалыққа сәйкес ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды 20 немесе 30 жастан бастай отырып, тиісінше 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға немесе кейбір екінші деңгейдегі банктер жарналарды онлайн режимінде аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі тағы бар, оның негізінде жұмыс беруші өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде жарна аударатын болады.

– БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға қызмет ұсынудың жеделдігі мен жоғары сапасы арқылы ерекшеленеді. Өз салымшыларыңызға қандай қызмет түрін көрсететіндеріңізді және қазақстандықтардың қандай өтініш беру тәсілін жиі таңдайтынын айтып берсеңіз?

– БЖЗҚ көрсететін қызметтер саны жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың тоғыз айында БЖЗҚ салымшыларға 30 миллионнан астам қызмет көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көп. Электрондық форматта 22,2 миллионға жуық қызмет көрсетілді, бұл қызметтің жалпы көлемінің 73 пайызынан астамын құрайды.

БЖЗҚ сайтында, мобильді қосымшасы бар жеке кабинетте жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, деректемеге өзгеріс пен толықтыру енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2-топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге өтініштің орындалу мәртебесін қадағалау, тағы басқалары жатады. Айтпақшы, биыл заңнамалық өзгерістердің енгізілуіне байланысты ИПБ-ға аудару үшін жеткілікті соманың  шотта бар-жоғы 2-3 минут ішінде тексеріледі. Жинақтардың жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін ИПБ-ға аудару да enpf.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.

Қызметтердің бір бөлігі автоматты форматқа ауыстырылды. Осыған дейін МЗЖ, ЕЗЖ бойынша салымшылардың өтінішінсіз шот ашуға болатын. Ал биыл 26 қазанынан бастап міндетті кәсіптік жарналар есепке алынатын шоттар да өтініш бермей-ақ ашылады. Бұл жарналардың осы түрін төлейтін жұмыс берушілер үшін өте ыңғайлы. Биылғы 1 қазанға дейін автоматты форматта (өтінішсіз жүгінулер) 5,1 миллионнан астам қызмет көрстетілді. Демек, БЖЗҚ-ның 90 пайыздан астам қызметін үйден немесе кеңседен шықпай-ақ алуға болады.

Алайда шектеу шаралары кезеңінде салымшылардың көпшілігі қызметті Қор бөлімшесінен тікелей алуды қалайтынын байқадық. Айтқандай, олар 1,7 миллионнан астам қызметті еліміз бойынша тікелей  БЖЗҚ-ның 183 қызмет көрсету кеңселерінен алды. Қор бөлімшесі жоқ елді мекендерде қызметтің бір бөлігін «Қазпошта» АҚ бөлімшесінен алуға болады. БЖЗҚ-да көшпелі қызмет көрсету бөлімі бар. Олар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараны сақтай отырып, жұмыс істейді.

Биылғы 1 қазандағы көрсеткішке сәйкес Алматы облыстық филиалында зейнетақы төлемін алуға 3013 өтініш, сақтандыру мекемесіне аударуға байланысты 18 өтініш орындалды, салымшылардың қосымша деректемесіне өзгеріс еңгізу бойынша 16444 өтініш орындалып, жеке зейнетақы шоттарынан 33692 үзінді көшірме, 13 481 зейнетақы шартының көшірмесі берілді және де хабарландыру тәсіліне өзгерту туралы 8551 қосымша келісімшарт рәсімделді.

Сұхбаттасқан - Қажет АНДАС

Алматы облысы​​​​