ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЕҢ МАҢЫЗДЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫН ЖАРИЯ ЕТТІ

Уақыты: 20.11.2021
Оқылды: 1940
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Аймақтағы ауылшаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан, Алматы облысы орталығының іргесінде орналасқан Ескелді ауданының өркендеу көрсеткіші де жыл сайын жоғарылап, жақсы нәтиже көрсетуде. Сол ауданның тізгінін ұстап отырған Рустам ӘЛИМЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өзіңіз басқарып отырған аудан қай салаға басымдық береді және оның көрсеткіші қалай?

– Ауданымызда Елбасы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыт – экономиканың аграрлық-индустриялды бағыты. Ауданның ауылшаруашылығы облыстағы жалпы өнімінің 3,3 пайызын өндіреді. Сол сияқты өңірдің қолайлы табиғи-климаттық аймақта географиялық орналасуы, құнарлы жерлер мен су ресурстарының болуы ауданның ағымдағы мамандануын айқындайды.

Ауданда негізінен астық, соя, қант қызылшасын өндіру бірінші кезекке қойылған. Көкөніс, картоп шаруашылығы дамыған. Етті-сүтті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығы дамыған. Ауданның өнеркәсіптік кешені келесі салалар негізінде қалыптасты: ол – тамақ, тау-кен өнеркәсібі, электр энергиясын өндіру және тарату.

Туризмнің әлеуеті зор, ауданда сырттан келуші қонақтарды орналастыру орындары жұмыс істейді. Олар Бұрқанбұлақ сарқырамасының жанындағы Қора шатқалында орналасқан «Бурқан бұлақ Эко» ЖШС спорттық-туристік базасы («Видергебурт» ЖШС), «Жемчужина» ЖШС денсаулық орталығы қонақүйі және «Қаратал» профилакторийі Жеңдік ауылында, Екпінді ауылында орналасқан «Тау Жетісу» тау-шаңғы базасы, Көкжазық ауылында «Фазенда» демалыс аймағы. Сондай-ақ, Текесу, Сарноқай, Ойсаз туристік аймақтарын дамыту жоспарлануда.

– Газ тарту жұмыстары, оны орнату істері ауданда қаншалықты қарқынды жүріп жатыр? Жоспар орындалды ма? Келесі жылға облыстық әкімдікке ұсынар, халықтың игілігіне жарар қандай жоспар бар?

– Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында жалпы сомасы 1,7 млрд.теңгеге газдандыру жұмысы аяқталды, ал Бақтыбай ауылында 655 118,0 мың теңге (2021 аула саны), Өрқұсақ ауылында 80,177 мың теңге (102 аула саны) және Алдабергенов ауылында 689 572,0 мың теңгеге (826 аула саны) құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, ол жұмыстардың аяқталу мерзімі 2022 жылға жоспарланған. Қаратал, Екпінді, Көкжазық, Теректі, М.Байысов ауылдарында жобалау-сметалық құжаттамасы ЖСҚ әзірленді және жобалау жумыстары Шымыр, Абай, Жетісу, Жаңалық, Жастар, Өтенай, Ешкіөлмес ауылдарында жүргізілуде.

– Аудандағы ауыл арасын жалғап жатқан жолдардың жағдайын сұрасам. Биыл қандай ауыл арасындағы жол жаңарды? Келесі жылы ше?

– 2020 жылы инженерлік-көлік ин-фрақұрылымын орташа жөндеуге 480,4 млн.теңге (12 көше) және ағымдағы жөндеуге 67,7 млн.теңге (18 көше) бөлінді. Барлығының жұмысы толық бітті. Қарабұлақ ауылындағы Алдабергенов көшесіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы, сол сияқты Бақтыбай ауылындағы Тәуке хан көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Ал аудан көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына 241,6 млн.теңге бөлінді (Қарабұлақ ауылында 8 март, Дулатов, Королев, Набережная, Некрасов, Резников, Сычевский, Тоқтаров көшелері; Алдабергенов ауылында Байысов, Абай көшелері; Ақтасты ауылында Тоқаев көшесі; Жетісу ауылында Даиров көшесінде; Абай ауылында Темірғали көшесі; Ақын Сара ауылында Біржан Сал көшесі; Жастар ауылында Нұрланов көшесі). Оның да жұмыстары аяқталды. Аудан көшелерін ағымдағы жөндеуге 54,7 млн.теңге бөлінді. Жұмыстар аяқталды. Қарабұлақ, Жетісу, Қаратал ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жүргізу үшін 133,2 млн.теңге бөлінді.

– Су жүйесі ше, ол қалай шешіліп жатыр?

– Ауданымызда 11 ауылдық округ және 33 елді мекен бар, оның ішінде 32 елді мекен су жүйесіне қосылған. Қарабұлақ, Бақтыбай, Ақешкі, Ақтума ауылдарында сумен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде және бірқатар іс аяқталды. Сонымен қатар, Сырымбет және Алдабергенов ауылдарында сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру және салуға қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

– Ауданымызда интернет жүйесімен әлі де қамтылмаған ауылдар бар...

– Иә, Жастар, Жаңалық, Өтенай, Өрқұсақ, Екпінді, Жеңдік, Қоржымбай сынды ауылдарда интернет жоқ. Бұл мәселе қаралып жатыр, жуық арада шешім қабылданады, іске кірісеміз. Ал Қарабұлақ, Жетісу, Сырымбет, Алдабергенов, Бақтыбай, Елтай, Абай, Қоңыр, Жалғызағаш және Ақын Сара ауылдары толық ғаламтормен қамтылған. Сонымен қатар мектептер, құқық қорғау бөлімдері, ауруханаларда интернет орнатылған.

– Шағын және орта кәсіптің дамуы қалай?

– Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2852 бірлікті құрады, жұмыспен қамтылғандар саны – 5421 адам. 2021 жылдың 10 айында шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 621,4 млн.теңге түсті, бұл жалпы салық түсімдерінің 32,2%-ын құрайды.

– Бүгінде аудан бойынша құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Егжей-тегжейлі айтып өтсеңіз.

– 2021 жылы Абай ауылында шағын орталығы бар 180 орынды мектептің құрылысы аяқталды. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қарабұлақ ауылындағы 35 пәтерлі және 30 пәтерлі тұрғын үйдің реконструкциялау жұмыстары бітті. Сондай-ақ, осы бағдарлама бойынша 2020 жылы Қарабұлақ ауылында 60 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша М.Байысов ауылындағы Т.Рүстембеков атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күні қолданысқа берілді. 2021 жылы Қарабұлақ ауылында 150 орынды дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді, сондай-ақ, республикалық скалодром құзға өрмелеу федерациясымен бірлесіп, ДСК залында скалодром құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қарабұлақ ауылында газ отынындағы блокты-модульді қазандық іске қосылды.

Бүгінгі таңда Қарабұлақ ауылында 869,6 млн. теңге сомасына 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылындағы 60 пәтерлі тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылыс-монтаж жұмыстары және абаттандыру жұмыстары да жүріп жатыр.

Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қарабұлақ ауылындағы «Березка» балабақшасының ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, 12,5 млн.теңге бөлінді, сараптама қорытындысы бар.

2021 жылы Матай Байысов ауылындағы балабақшада күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 9,5 млн.теңге, ал Жалғызағаш ауылындағы медициналық пункті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 4 млн. теңге бөлінді.

Ауданда бейнебақылау орнату бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 3,3 млн. теңге бөлінді.

– Сөз басында аудандағы қант қызылшасын, сояны жинаудан жақсы көрсеткішке ие екендіктеріңізді айттыңыз, ал мал шаруашылығы қалай болып жатыр?

– Қаңтар-қазан айларында жалпы 10095 тонна мал мен құс еті өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,4 пайызға артық, 29 510 тонна сүт (100,5%) сауылды.

Ауданда 43 284 бас ірі қара мал, 169 034 бас қой мен ешкі, 2084 бас шошқа, 14 508 бас жылқы, 116 бас түйе және 58 309 құс бар. Ескелді ауданының мамандануының негізін дәнді дақылдар, оның ішінде бидай, арпа, жүгері, қант қызылшасы, майлы дақылдар, майлы бұршақ,  картоп, көкөніс-бақша өндірісі және мал шаруашылығы құрайды.

Ескелді ауданы бойынша барлығы 1512 шаруа қожалығы тіркелген, оның ішінде мал шаруашылығымен 497 шаруашылық айналысады. Олардың ішінде, сенім серіктестігі біреу, бұл – «Хильниченко және К», жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – 4, «Жанатов и К», «Тәуелсіздік», «Үштөбе-Айдын», «Зернопродукт-Р». Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі – 6, бұлар «Тельман», «Тенлик Агро», «Ескелді атындағы», «Бірлік», «Күншығыс», «Қапал».

Биыл жалпы сомасы 50 млн. теңгеге «Дүйсенбинов» ШҚ-ғы 1000 бас ірі-қарамен 2000 бас ҰММ-ға арналған бордақылау алаңдарының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылындағы ЖШС «Сүт Мастер-М» 270 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта нысанды іске қосу актісі бойынша жұмыстар жүргізілуде, 33 бас ірі қара мал сатып алынды. 2022 жылы малдың толық көлемін алып келу жоспарлануда.
10 айда 956,6 млн. теңгеге 54 бірлік ауылшаруашылығы техникасы сатып алынды.

– Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Осы тұрғыда ауданда қандай жобалар жүргізілуде?

– Биыл 16 желтоқсанда халқымыз ғасырлар аңсаған Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады, сонымен қатар 1 желтоқсан күні Тұңғыш Президент күні белгіленген.

Бүгінгі күнге дейін Ескелді ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Абай ауылында 180 орынды жаңа мектеп қоланысқа берілді. Ауданда халықаралық және облыстық деңгейде бірқатар спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Шілдеде Қарабұлақ ауылында «Жетісу Ұлы Жібек жолының басты қақпасы» атты Алматы облысы қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында облыстағы  30 қол- өнершінің қолдан жасалған бұйымдары көрсетілді.

Қыркүйекте екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің 115 жылдығына орай Алдабергенов ауылында салтанатты іс-шара, ұлттық ойындар (бәйге, көкпар) ұйымдастырылды.

Ал қазанда аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған  4E-Festival «Eskeldy Erlik Pen Enbektin Eli!»  фестивалі өтті. Фестивальге 700-ге жуық аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сол сияқты Қарабұлақ ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шахматтан «Karabulak Open 2021» оффлайн турнир өткізілді. Шараға Тәжікстан мемлекетінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары мен Алматы облысының аудандарынан 76 адам және Ескелді ауданынан 44 адам қатысты.

25-29 қараша күндері Сырымбет ауылында ұлттық спорт түрлері бойынша «Сонар – 2021» республикалық жарысы және де 25 қараша күні белгілі Жетісу өңірінің жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көркемсөз зергері Сайын Мұратбековтың 85 жылдығы аясында іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Желтоқсан айында жастарға арналған «Көшбасшы» «Ескелді ел жандары – 2021» премиясын тағайындау жоспарлануда, онда өз қызметінің үздіктері анықталатын болады.

Қос мереке аясында ауданда құрылыс жұмыстары (Жеңіс саябағы), кітап шығару және басқа да көптеген бұқаралық мәдени іс-шаралар жүзеге асыру көзделген.

Бүгінгі күнге Тұңғыш Президент күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аудандық, ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарда, аудандық, ауылдық кітапханаларда концерттік бағдарламалар, патриоттық, танымдық сағаттар, кітап көрмелері аудан тұрғындарының назарына ұсынылуда.

Жастардың қатысумен «Тәуелсіздік тұңғышы», «Қазақстанның Тәуелсіздік шежіресі», «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз» және басқа тақырыптарда тарихи сағаттар мен онлайн іс-шаралар өткізілуде.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген - Серік ҚАНТАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы