Биыл 58 мектепті жаңғыртуға 2,9 млрд. теңге бөлінген

Уақыты: 05.09.2023
Оқылды: 739
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Күні кеше ел көлемінде күміс қоңырау сыңғырлап, жаңа оқу жылы басталды. Осыған орай Жетісу облысы бойынша білім саласында атқарылып жатқан ілкімді істер сараланып, кемшіліктер пысықталып, алға қойған жоспарлар айқындалды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли баспасөз мәслихатында баяндама жасап, БАҚ өкілдерін толғандырған сауалдарға жауап берді.

 

Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында аймақ басшысының орынбасары Рустам Әлиұлы білім саласына қатысты мәліметтерді мәлім етті. Ол әуелі жалпы облыс бойынша оқушылардың санын, олардың өткен жылмен салыстырғанда еселенгенін айтып, мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 мыңнан астам студент жоғары оқу орны мен колледждерге қабылданғанын, оның 2400-і жұмысшы мамандықтар екенін тілге тиек етті. 

Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, биыл 58 мектепті жаңғыртуға 2,9 млрд. теңге, оқулықтарды сатып алуға 1,7 млрд. теңге бөлінген. Жалпы оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету 100%-ды құраған.  Облыста 69 елді мекеннен 1766 оқушы (мектептері жоқ 27 елді мекен, тиісті мектепсіз 40 және 2 саяжай қауымдастығынан) жеткізіледі. Осыған орай 604,2 млн. теңгеге 12 автобус сатып алынған. Оның 7-і оқу жылы қарсаңында берілсе, қалғаны жыл соңына дейін ел игілігіне ұсынылмақ. 

Жалпыға бірдей оқыту қорынан жекелеген санаттағы 23486 оқушыны мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге шамамен 1 млрд.теңге бөлінген . Жаңа оқу жылында облыс бойынша 5 мектеп ашылған.  Бүгінде Талдықорған қаласы, Ынтымақ ауылында 1200 орынды мектеп салынып жатыр және жаңа оқу жылының екінші тоқсанына дейін пайдалануға берілмек. 

Өз кезегінде аймақ басшысының орынбасары журналистердің сауалына жауап берді. Жиында шалғай ауыл мектептеріндегі интернет сапасының төмендігі ескеріліп, кезең-кезең бойынша барлық мәселе шешім табатынын атап өтті. 

АРДА БИ