ОРТАҚ МАҚСАТ ЖОЛЫНДА

Уақыты: 27.04.2024
Оқылды: 511
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен қалалық сенбілікке облыс және қала әкімінің аппараты, облыстық басқармалар мен департаменттер, Қазақстан Халқы ассамблеясының өкілдері, қаладағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен жастар ұйымдарының еріктілері,  пәтер иелерінің кооперативі және барлық нысандағы меншік иелерінен 2000-нан астам адам қатысты. Сенбілікте 1200 дана шаруашылық керек-жарақтары үлестіріліп, 25 дана  техника жұмылдырылды. Көктем скверінде 165 дана ағаш көшеті отырғызылса, Қаратал өзенінің жағалауы тазартылып, 500 м3-тен астам қоқыс шығарылды.


Шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, ағаш отырғызып, өзгелерге өнеге көрсетіп қалмастан, этномәдени бірлестік мүшелерімен сыр-сұхбат құрып, олардың аймақтың  өркендеуіне тиімді ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жастар ұйымдарының өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, осынау істердің жастардың болашағы үшін жасалып жатқанын айтып, олардың қоршаған ортаны қорғау мен ел ертеңі үшін ерінбей еңбектенуге бағыт-бағдар көрсетті.

Сенбілікте облыстық Қоғамдық даму басқармасы қоғамдық келісім орталығының өкілдері де белсенділік танытты:

– Көктем шыға қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына біздің ұжым да белсене атсалысуда. Осы реткі сенбілікке ұжымдағы жасы үкендер де, жастар да толық қатысты. Мақсатымыз – өзіміз өмір сүрген ортаның көрікті болуы. Ал көрікті ортада ойға алған жоспардан қонақты нәтиже шығаруға болады. Біздің жұмысымызды облыс әкімі де үнемі қолдап келеді. Оның үстіне  Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында мемлекет басшысының бізге жүктеген міндеттері тіпті де ширата түсті, – дейді облыстық қоғамдық келісім орталығы басшысының кеңесшісі Құрметбек Сансызбайұлы.

 Ағаш егу жұмысы мұнымен бітпейді. Алдағы уақытта да жалғасады. Бұл туралы Талдықорған қаласының әкімі Ернат Пәзіл қазірге дейін қала аумағында 1500-ге жуық әртүрлі ағаш көшеті отырғызғанын айта келіп, күзде тағы да 5000 түп ағаш егуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Олар қала ішіндегі саябақтар мен жаңа шағын аудандарға отырғызылады. Сондай-ақ, егілген жас көшеттерді күтіп-баптау ісіне де айрықша назар аударылатындығын жеткізді.

Қалалық сенбілік аясында Қаратал өзенінің бйоы күл-қоқыстар тазаланып, көше мен үй аулалары абаттандырылды. Облыс орталығынан бөлек аудан, ауылдарда да ағаш егіліп, жаппай тазалық жүріп жатты.

Қажет АНДАС
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ