ПАНДУСТАР ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 967
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кембағал жандарға қоғам бар мүмкіндікті туғызуға тиіс. Олардың еркін жүріп-тұруы үшін және өзін қоғамның тең дәрежелі мүшесі екенін сезінуге кедергісіз орта қажет. Осыған орай әр мекемеде заманауи пандустар салынуда. Бірақ, қалада пандус саны жеткілікті болғанымен талапқа сай болмай тұр. Басқасын айтпағанда, қаладағы ірі сауда орталықтарының кейбірінде пандус дұрыс салынбаса, енді бірінде мүлдем орнатылмаған. 

Облыста 22 мыңнан астам I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың бәрінде ортақ бір тілек – қоғамда кедергісіз жүргенді қалайды. Кембағал жандардың емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасау басты міндетіміз. Осыған орай облыс әкімі Бейбіт Исабаев шілде айында Талдықорған қаласын аралап, барлық мекемеге  талапқа сай пандус салуды тапсырған еді. Аймақ басшысының тапсырмасы  қалай орындалып жатқанын білу мақсатында «Инватакси» қызметінің диспетчері Мақсат Шәріповпен бірге қала бойынша рейд жүргіздік. Алдымен ат басын «ГУМ» сауда үйіне бұрдық. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап лифт орнатыпты. Сонымен қатар, зағип жандарға арналған арнайы жолақ та жасалыпты. Бірақ, мүгедектерге арналған лифт әлі қосылмаған. Сауда үйінің әкімшілік-шаруашылық қызметкері Гүлмира Мұхаметжанқызы: 

– Сауда үйінде тактильді жол жасалды.  Енді дәретхананы жөндейміз. Алдағы уақытта лифт те қосылады, – деді. Бірақ, қашан, қай күні іске қосылатынын айтпады.

Осыдан кейін «DENTAL» тіс емханасына бардық. Емхана ауласына пандус мүлдем салынбапты. Мұндағы әкімшілік қызметкерлері тактильді тақта мен пандус жуырда салынатынын, тапсырыс беріп қойғанын айтты. Тіс емханасының жанындағы «СО СКЛАДА» дәріханасында да пандус орнатылмапты. Дәріхана қызметкерлері жақында ғана ашылғандарын айтып, жуырда пандус болмаса да арнайы батырма орнататынын жеткізді.

Соңында «ЦУМ» сауда үйіне бардық. Сауда үйінің әрбір есігіне пандус орнатылыпты. Бірақ, ешқайсысы талапқа сай емес. Есік алдындағы табалдырықтағы пандусты көріп жаға ұстайсыз. Көзбояушылықпен істеп қойған пандустан мүгедек түгілі сау адам әзер жүреді. Мемлекеттің бекітіп берген стандарттарын назарға алмай, мүгедектерге арналған жолды өз бетінше жасай салған. Ұстайтын тұтқасы жоқ пандусты көрген Мақсат Шәріпов: «Біз неге сауда үйлеріне, дәріхана мен дүкендерге бармаймыз. Себебі, мынандай пандуспен жүру мүмкін емес. Әсіресе, ірі сауда үйлерінде жағдай жасалмаған», – деп налыды. 

Рейд барысында  мүгедектерге арналған құрылғылар қаламызда пайдалану үшін емес, бар деп белгілеу үшін ғана жасалады-ау деген әсерде қалдық. Пандус – тек мүгедек жандардың жаутаңдап қарайтын заты емес, өркениетке бастайтын саты екенін ұмытпайық.

Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті  түсірген Руслан ҚАДЫРОВ