ЖАЛАҚЫ ӨСТІ

Уақыты: 10.01.2019
Оқылды: 1659
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Әлеуметтік салаларда жұмыс істеп жүрген мамандардың, нақты айтқанда, тәрбиешілердің, медбикелердің, фельдшерлердің, жүргізушілердің, санитарлардың, сондай-ақ, басқа да тазалықты қамтамасыз етіп жүрген техникалық жұмыскерлердің бүгінгі таңда алатын жалақысы төмен.

Сондықтан Елбасының тапсырмасы бойынша биыл ең төменгі жалақыны 42500 теңгеге өсіру қолға алынды. Облыстық еңбек инспекциясынан алынған ақпаратқа сенсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебі бойынша облыста 42,5 мың теңгеден төмен жалақы алатын 125 мың 910 жұмыскер бары анықталған.
Осыған орай, өткен жылдың соңғы айларында аталған инспекция тарапынан өңірдегі  еңбекақысы төмен қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі бойынша жол картасы бекітіліп, жұмыс жүргізіле бастады. Ондағы іс-шаралар жоспарына сәйкес тізімдегі кәсіпорындарға мониторинг жүргізу арқылы ең төменгі санаттағы жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге байланысты ұжымдық шартқа, жұмыс берушілердің актілеріне және еңбек шартына өзгерістер енгізу туралы жұмыс берушілерге ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, жұмысшылардың жалақысын көтеру жөнінде әкімдік, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және ірі кәсіпорындар төртжақты меморандумға қол қойды. Осындай жұмыстың нәтижесінде бүгінде облыс бойынша 46741 кәсіпорында ең төменгі санаттағы 99402 жұмыскердің еңбекақысы қаңтардан бастап  көтерілетін болды. 
Елімізде еңбекақыны көтерудің бұдан басқа да баламалы тәсілдері атқарылуда. Мемлекет басшысы Үкіметке ұстаздардың еңбекақысын 50 пайызға көтеруді тапсырды. Осы тапсырма бойынша былтыр қаңтар айынан бастап, ұстаздар жоғарылатылған еңбекақы алатын болды. Бірақ мұғалімдер жалақысын көтеру үшін халықаралық стандартқа сай тест тапсырады. Әрі ұстаздар үнемі өзін-өзі жетілдіріп, ізденісте болуы тиіс. 
Қазіргі таңда елімізде еңбекақы саясаты өз тәртібімен, тәжірибесімен атқарылуда. Тіпті, Елбасының былтыр күзде берген тапсырмасы қысқа уақыттың ішінде өз жемісін беріп  үлгерді. Бұл ретте еліміз-дегі кәсіпорындардың белсенділігі өте жоғары.

Қажет АНДАС