ПЕШТЕН ШЫҒАТЫН УЛЫ ГАЗДЫ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?

Уақыты: 25.02.2019
Оқылды: 1531
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда төтенше жағдайлар департаменті қала әкімдігімен бірігіп, жылыту маусымында орын алатын апаттық жағдайларды болдырмау  мақсатында тұрғындарға түсіндіру шарасын жүргізді.

 

Мамандардың айтуынша, пеш құдығын қыс мезгілінде екі рет тазалаған абзал. Сондай-ақ, пештің үстіндегі плита жарылмаған болуы керек және оның қасында тез жанып кететін заттардың тұрғаны дұрыс емес. Мәселен, көп адамдар пештің үстіне аяқ киімдерді кептіру үшін жайып қояды. Бұл әрекет өрттің шығуына алып келеді. Төтенше жағдайлар департаменті түсіндіру жұмыстарынан бөлек, тұрғын үйлерде улы газды анықтайтын арнайы құрылғыларды орнатты. Көпбалалы отбасылардың үйлеріне дәл осындай құрылғының 10 данасы қойылды. Кейіннен тұрмысы төмен отбасыларға да орнатылмақ.

Қалалық  төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ерлан Ахашов:

– Пештен шығатын улы газ көзге көрінбейді, иісі сезілмейді. Егер үйде осындай жағдай тіркелетін болса, бұл құрылғы дабыл қағып, үй иелеріне ескерту белгісін береді. Бізде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы топ құрылған. Олар күнделікті көшелерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, сенбі, жексенбі күндері осыған күш саламыз. Сонымен қатар, Талдықорған қаласының коммуналдық және орталық базарларында дауыс зорайтқыш құрылғылар арқылы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін айтып, халықты хабардар етудеміз, — деді.

Осыдан кейін Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев «Қызылтас» саяжайына барып, көктемде қар суы ағатын арналарды көрді. Қазір онда арықтарды кеңейтіп, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі төтенше жағдайларға жүз пайыз дайын болу керектігін ескертіп, жауапты мамандарға нақты тапсырма жүктеді.

Әмір САНА