Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: БЕС ОТБАСЫНА ҮЙ БЕРІЛДІ

Уақыты: 14.05.2019
Оқылды: 151
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақтерек ауылында көпбалалы аналар мен дала еңбеккерлеріне үй берілді. Елді мекен тұрғындарының қуанышына аудан әкімі Бағдат Әлиев ортақтасып, баспаналы болғандарды жаңа қоныстарымен құттықтады.

«Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіповтың демеушілігімен жылда бірнеше үй салынып, ауылдастарына беріледі. Биылғы қоныстой мамыр айында басталып, бес отбасы жеке үйге қоныс аударды. Жыл аяғына дейін тағы үш баспананың құрылысы аяқталып, келесі жылға арнап сегіз үйдің іргетасы құйылмақ. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған шаруа қожалығы осылайша өз еңбеккерлерін тұрғын үймен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Осы уақыт аралығында мұнда жүзге жуық үй салынды.

Темірлан Шайнүсіпов бұл жетістікке ауыл азаматтары арқылы жеткенін, шаруашылық құрылған алғашқы қиын кездері өзіне демеу бола білген ауылдастарына қарыздар екенін айтты.

– Ақтерек менің жастық шағым өткен жер. Бұл ауылдың тауы да, тасы да мен үшін ыстық. Осы киелі мекенде тұрғындардың тірлігін түзеп, ынтымағын жарастырып,  бірлігін бекемдеп отырған Темірландай азаматтың барына қуаныштымын. Ауылдағы мұқтаж жандар мен шаруашылық жұмысшыларына осы уақытқа дейін жалпы саны жүзге тарта үй салуы өзге ауылдар үлгі аларлық үлкен әрі сауабы мол игілікті іс. Осындай жақсылық көп болсын, – деді  аудан басшысы Бағдат Байшалұлы.

Ардагер ұстаз Күлән Ибрагимова ауыл азаматына аналық алғысын білдірді.

Аудан әкімі мен Темірлан Шайнүсіпов салтанатты жағдайда баспана кілттерін тапсырды. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекжан Шонарбаев бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Осылайша көпбалалы аналар Айдаркүл Қасенова, Айман Қалабаева, Құндыз Қырғызбайқызы, «Ақтерек» шаруа қожалығының қызметкері Сержан Сейітов және Ауған соғысының ардагері Жаңабек Байдәулетов жаңа қонысқа ие болып, отбасымен көл-көсір қуанышқа кенелді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы