ҚАПШАҒАЙ: ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 01.06.2019
Оқылды: 1387
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қапшағай қаласы үшін жаз мезгілінің орны бөлек. Көл жағасында суға түсу маусымы қызып, меймандар мыңдап келе бастайды. Осы ретте туризм кластерін дамыту мақсатында ашылған нысандар демалушыларды қаншалықты қабылдауға әзір? Қапшағай қалалық әкімдігінің мәжіліс залында болған басқосу осы мәселеге арналды.

Қапшағай су қоймасы жағалауында 190 демалыс орны бар деп есептеледі. Оның 146-сы - тұрақты жұмыс істеп келе жатқандар. Оған қоса демалушыларға он қонақүй кешені қызмет етеді. 2018 жылы осы аймақта демалғандардың жалпы саны 400,0 мың адамды құрап, оларға 1650,0 миллион теңге көлемінде қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш - Қапшағай экономикасына өндіріс пен ауылшаруашылығынан бөлек, туризм кластері де өз үлесін қосады деген сөз.

Демек, келешекте осы аймақта туризмді одан әрі дамыту кезек күттірмес міндет болып отыр. Осы бағытта соңғы екі-үш жылдың көлемінде қыруар жұмыс атқарылды. Алда осы жұмысты әрі қарай жалғастыру - Қапшағай қаласы әкімдігінің назарында тұрған іс. Туризмді дамытудың мақсат-міндеттері айтылған шараға Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков, Қапшағай қаласының прокуроры Бахытбек Қарымсақов, табиғат қорғау прокуратурасы прокурорының орынбасары Жарқын Қаптағаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімі басшысы Игорь Жуков, ҚР ІІМ қарасты төтенше жағдайлар департаменті облыстық басқармасының жедел құтқару отряды басшысының орынбасары Берік Найзабеков, облыстық көлік бақылауына қарасты су көлігін бақылау инспекциясы бас маманы Әсет Смайылжанұлы, құқық қорғау органдары басшылары, сол сияқты демалыс орындарының өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз алған Қапшағай қаласының прокуроры Бахытбек Қарымсақов жаз маусымында демалатындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударатын мәселелерге жұрттың көңілін аударды. Қапшағай өңірінде туризм кластерін дамытуда атқарылып жатқан істер жөнінде «Қапшағай қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдын Әбілқасым хабарлама жасады.

Одан кейін сөз кезегін алған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімі басшысы Игорь Жуков, ҚР ІІМ қарасты төтенше жағдайлар департаменті облыстық басқармасының жедел құтқару отряды басшысының орынбасары Берік Найзабеков, облыстық көлік бақылауына қарасты су көлігін бақылау инспекциясының бас маманы Әсет Смайылжанұлы демалуға келетіндердің судағы қауіпсіздік ережесін сақтауы, су көлігін пайдалану, өрт қауіпсіздігі секілді шараларды әңгіме өзегі етті.

Жиында қаралған мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"