БІЛІМНІҢ ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫН

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 1095
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгі әңгімемізге арқау етіп отырған ұстаз – бала тәрбиесінің бағдардаршамы, бағбаны бола білген Мунира Фархатқызы. 

Мунира өз қызметін пионерлер үйінің директоры болудан бастап мектеп директоры деген қызметпен аяқтап отыр. Әкесі  Фархат пен анасы Нина ел-жұртқа танымал, сыйлы адамдар болса,  олардан тәлім көрген Мунира да еңбегін еліне арнаған жан. «Жамандық көрсе жасымайтын, жақсылық көрсе тасымайтын» ол кез келген адамға қолұшын беруге даяр тұрады. 
Мунира екеуміз Шонжыдағы № 4 орта мектепте бірге қызмет істедік. Ол кезде қазіргідей технология жетілген кез емес, барлық нәрсені ақ қағаз, бояумен қолдан жасаймыз. Сонда көрнекіліктерін талғамға сай жасап, әрбір сабағын тартымды өткізетін Мунираның дәрісіне қатысып, үйренуге асығатын едік. Кейіннен Мунира № 5 мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып ауысты. Біраз жыл өткен соң № 3 мектепте директор болды. Қазіргі мектебінде талай игі шараларды республика көлемінде өткізді. Сол кездегі әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өткені соншалық, әлі күнге ел аузында жүр. 
Мунира Фархатқызының бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын жақсы қасиеті бар,  соған орай әріптестеріне де қояр талабы жоғары болды. Еліміздің келешегі кемел болып, гүлденіп өркендеуі оқушылардың білім деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігіне байланысты екендігін білген ұстаз шәкірттеріне сапалы білім беруге баса назар аударды. Оқушылардың көбі қазақ тілінде өтетін іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орынға ие болды. ҰБТ-да түлектер жоғары балл жинап, оқуға түсіп жүрді. 
Мектепте жақсы басшы ғана емес, отбасында аяулы ана, ақылды жар, немерелеріне сүйікті әже бола білген Мунира бүгінде жұбайы Навирдин екеуі тату-тәтті ғұмыр кешуде. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, зейнеткерлік жасқа жеткен Мунира Фархатқызының өзінен кейінгі жастарға үйретері әлі де көп.  

Рая Сартолова,
ҚР Білім беру ісінің озаты, Ұйғыр ауданының 
Құрметті азаматы