"КӨШЕЛЕР ЗАМАНҒА САЙ": БҰЛ НАРЫНҚОЛ БҰРЫНҒЫ НАРЫНҚОЛДАН ӨЗГЕРЕК

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 1744
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қайта қалпына келген Райымбек ауданына биылғы сәуір айында 2 жыл толды. Өңір тұрғындарының өтініштерін Елбасының өзіне жеткізіп, осынау игілікке негіз қалаған облыс әкімі Амандық Баталовқа деген аудан халқының алғысы шексіз. Қайта қалпына келгеніне екі жыл болған ауданда атқарылып жатқан істер ауқымды. Оған ең алдымен Алматы облысы басшысының өзі тікелей қолдау көрсетіп келеді.

Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылын бұдан бұрынғы қалпымен салыстыруға болмайды. Ауыл жаңарды, күн өткен сайын жайнай түсуде. Көшелердің бәрі заманға лайық асфальтталып, жарықтанған.

Бүгінгі Нарынқол ауылы – іргелі құрылыс алаңын көз алдыға келтіреді. Өткен жылы аудан бойынша 4,8 млрд.теңгенің құрылыс жұмысы атқарылды. Аудан әкімдігінің 3 қабатты ескі ғимараты, республикалық бағыныстағы кіріс, стат, қазынашылық басқармаларына арналған 2 қабатты ғимарат заманға лайық күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Бұрынғы аудандық прокуратура ғимараты негізінде жапсарлас құрылыстармен толыққан ғимаратқа аудандағы өзге де бөлімдер, мекемелер орналасты. Бір сөзбен айтқанда, аудан орталығындағы бөлім, мекеме, басқармаларда еңбек ететін мамандар заманауи жайлы жұмыс бөлмелерінде істерін жалғастырып, құлшыныспен, ынта-жігерлерімен әрекеттеніп жатқан жайлары бар.

Нарынқол ауылында құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Ауылдың Ақбұлақ деп аталатын тау жағынан қатар-қатар жүріп жатқан қос құрылыс нысанын орнымен сөз етуге болады. Оның бірі – 3 кезең бойынша жүріп жатқан 83 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы. Алғашқы кезеңі бойынша 33 коммуналдық тұрғын үйдің жұмысы өткен жылы қараша айында басталған. Үйлердің шатырына дейін бітіп, сылақ жұмыстары қалған. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметкерлерге арналған 4 қызметтік үй салынуда. Ауылдың тау жағынан тұрғын үйлердің шағын ықшамауданы дүниеге келмек.

Жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің бергі жағынан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. 1,86 млн.теңге қаражатқа бағаланған спорт кешені алдағы уақытта аудан спортын дамытуға жол ашып, жастардың, спортсүйер қауымның уақытын мәнді де мағыналы өткізуіне зор мүмкіндік туғызатын болады. «Фуд МС» ЖШС жүргізіп жатқан 2 қабатты спорт кешенінің іргетасы өткен жылы қаланған. Қазіргі уақытта ғимараттың екінші қабатын құрастыру жұмысы қарқын алды.

– Республикамызда қауіпті індетке байланысты төтенше жағдай жарияланған тұста бірер апта жұмысымызды тоқтатқан едік. Қазір мұндағы іс-әрекет қайта басталды. Отыздан аса құрылысшы мен маман еңбек етуде. Оның сыртында құрылысқа қажетті көтергіш, басқыш, тасымалдағыш техникалар, цемент араластыратын қондырғылар әр күнгі ісімізге көмектесуде. Біз спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын алдағы тамыз айына дейін аяқтауды жоспарлаудамыз, – дейді учаске басшысы Бақытқали Ботанов.

Спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы пайдалануға берілген кезде осынау игілікті мекенжайдың ішінде екі жүзге тарта адам спорттың сан түрімен айналасатын болады. Кешеннің сыртында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, көрермен отыратын арнайы орындар, демалыс орындары, әдемі саябақтар болады. Ұлт ертеңі, ұрпақ болашағы үшін жасалып жатқан кешеннің іші де, сырты да келушілерге тамаша көңіл-күй ауанын тарту етпек. 

Нарынқол ауылында дәл қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталығының екі қабатты ғимаратының жұмысы толық аяқталып, пайдалануға берілер сәтін күтуде. Мұның сыртында ҰҚК-нің бұрынғы ғимараты қайта жаңғыртылуда. Аудандық прокуратураның жаңа ғимараты салынып, ішкі істер бөлімінің бұрынғы ғимараты қосымша құрылыстармен толығуда. Бұл дүниелердің бәрі биыл пайдалануға беріліп, Нарынқол ауылының көркіне көрік қосылып, ажары одан сайын айшықтала түседі.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Сурет ғаламтордан алынды