КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРЛІК ЖАСАҒАН БАТЫРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 30.01.2021
Оқылды: 1472
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен Ауған соғысы, Чернобыль апаты ардагерлерімен кездесті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл. Бұл ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Егемендік бізге оңай келген жоқ. Азаттық жолында ерлік көрсетіп, ұрпаққа бейбіт күнді сыйлау үшін қаншама боздақ дүниеден өтті. Қазақтың қанымен келген Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толса, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына - 32 жыл. Бұл айтулы оқиғалар ешқашан ұмытылмайды.

1981-1984 жылдары Күреңбелдің тоғыз азаматы шайқаста ерлікпен қаза тауып, Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды. Жерлестеріміздің бұл ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болары анық.

Чернобыль атом электр стансысындағы зардапты ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апаты деп айтсақ  та болады. Осы апатты жоюға қатысқан 600 мыңға жуық адамның 32 мыңнан астамы қазақстандықтар. Олардың ішінде біздің Күреңбел өңірінен 34 адам қатысқанын ерекше атап өткеніміз жөн.

Елі үшін қиын кезде қолға қару алған азаматтардың ерлігіне аудан басшысы Ғалиасқар Төлендіұлы зор алғыс білдірді. 

– Біз сіздердің ерліктеріңізге қашанда ерекше тағзым етеміз! Өлшеусіз ерлік танытқан абзал азаматтардың рухы асқақ болсын! Тұғырлы елдің еңсесінің биік, аспанымыздың ашық, еліміздің аман болуы сіздердей ержүрек азаматтардың арқасы. Ерліктеріңізді кейінгі ұрпақ зор мақтанышпен айтып жүретін болады. Ең бастысы – ел аман, бейбіт заман болсын! – деді ол.

Раушан БИСЕМБЕКОВА,

Кербұлақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан