ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТАНАГӨЗ ТОЛҚЫНҚЫЗЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Уақыты: 01.02.2021
Оқылды: 1362
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғанда өзінің ерекше қолтаңбасымен, мөлдір жырларымен қазақ әдебиетінде есімі қалаптасқан Танагөз Толқынқызының шығармашылық кеші өтті. І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында індетке байланысты сақтық шаралары ескеріле отырып өткен рухани шара көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Еркін форматта өрбіген ғажайып шара шымылдығы «Кішкентай ханзада» деректі фильмімен түрілді. Талдықорған төрінде алғаш рет тұсауы кесіліп отырған кинода Алаштың аяулы қызы Танагөздің ақындық болмысы, адамгершілік қасиеті, рухани әлемі айшықталды. Фильмде Франция топырағында білім алып, Страсбург қаласында жастығының бір бөлігі өткен ақын, 20 жылдан кейін сол мекенге барып, өткен өмірінің естеліктерін іздейді. Шетелдік адамдардың дүниетанымынан тамыр тартып, олардың тұрмыс-тіршілігін баяндап, іңкәр жүректі жандардың жер бетінде көп екенін паш етеді. Сөйте отырып өзінің ақындық арынына, шығармашылығына әсер еткен дүниелерді баяндайды. Ғұмырбаяндық деректерге толы Қарлыға Хасеннің Танагөз жайлы аталмыш фильмінен алар ғибрат жеткілікті деуге толық негіз бар.

Француздардың өмірін, ақжарқын болмысын, ұлттық танымын айшықтаған әсерлі фильмнен кейін «Janr» Жетісу әдеби клубының мүшелері Салтанат Құмархан, Азамат Нұрмұхан, Аршын Айдынбек және Дәулет Халық кеш кейіпкерінің лирикалық жырларын оқыды. Өз кезегінде, шара тізгінін ұстаған ақын, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы шұғылалы жыры әр қазақтың жүрегіне жеткен шайырдың рухани болмысы туралы тебіренді. Өміршең өлеңдеріндегі нәзік иірімдер мен тапқыр ойлар, мінсіз баламаларды ерекше атап өтті.

Өлеңсүйер қауымды рухани сусындатқан шара барысында Танагөз Толқынқызы жырларын асқақтата оқыды. Өз кезегінде ақынның өлеңдеріне ән жазып, насихаттап жүрген эстрада жұлдызы Роза Әлқожа, талыдықорғандық әнші Нұржан Ахметбек әуелете ән салып шара көрігін қыздырды. Жетісулық ақын Әмина Адайхан рухани әпкесіне арнаған арнауын тебірене оқыды.

Махаббат тақырыбында ерекше толғанатын, сыршыл сезімге құрылған жырлары арқылы жүректерге жол тапқан Танагөз Толқынқызының мөлдір туындылары оқылып, әсем әндері әуелеген кеш соңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Төлеужан Ғұмар сөз алып, Танагөздің тұмса жырларының қуаты жайлы толғанды. Жетісу топырағында ел көлемінде алғашқы болып тұсауы кесілген фильмінің көрермені көп болуын айтып, басқарма басшысы Мәрлен Көлбаевтың ыстық сәлемін жеткізді.

Поэзия әлеміне еніп, ерекше әсер алған жетісулық жырсүйер қауым кештен тебіреніспен тарқасты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"